Тұрғын үйлерді заман талабына сай жаңарту туралы министрліктің бұйрығы шыққаны белгілі. Соған сәйкес, еліміздің барлық аймағында игілікті іс жүзеге аса бастаған. Көкшетауда да көпқабатты үйлерде жөндеу
жұмыстары қызу басталған болатын. Алайда жөндеу жұмыстарын қолға алған құрылыс бригадасы онсыз да ұнжырғасы түскен халықтың одан сайын жүйкесін жұқартты. Компания ақша қолына тигесін ізін суытқан. Тұрғын үйлер енді тіпті сорақы күйге түскен. Қабырғалары қақырап, сылағы түскен үйлердің төбесінен су сорғалап тұр. Әбден берекесі кеткен тұрғындар із-түзсіз жоғалған құрылысшылардың сенімсіз болғанын айтады.
Тұрғын үй және коммуналдық қызмет бөлімінің мамандары бұл оқиғадан кейін бармақтарын шайнап отыр.
Абай Қадырәлиев, Көкшетау қалалық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы:
– Мен үйлердің төбесі мен подъезі дұрыс жасалмаған деген пікірмен толықтай келісемін. Мұның себебі – қаражаттың қолбайлау болуы. Жертөле жөнінде де біздің айтарымыз аз емес. Біз оларға «барлығы қатаң бақылауда болады, құрылысты өзіміз тексереміз» деп қатаң ескерткен болатынбыз.
Алайда бұл ескерту құрылысшылардың қашып кетуіне кедергі бола алмаған сияқты.
Тұрғын үйлердің иелері қазір қатты алаңдаулы. Бір рет алдап соққан мердігер компания мен құрылысшылардың екінші рет алдап кетпеуіне кім кепілдік бермек? Мәселенің тек бір-ақ шешімі бар. Көктем шығуын күтіп, жаңа бригада жалдау. Ал ол мердігер компанияға қаражат қайдан алынбақ?
Виктор Мухин, Көкшетау қаласының тұрғыны:
– Бізден үй бітпесе де, оны тапсырғаны жөнінде қол қойып беруімізді сұрады. Яғни олар үйді содан кейін салып бітірмек. Мұнымен кімді алдағысы келеді? Бізді тағы тақырға отырғызбақшы. Ақыр соңы үйіміздің 70 пайызы жасалмаған күйі қалып отыр.
Тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімі мен әкімдік қызметкерлері тұрғын үйлерді тексеруге үлгере алмай қалғандығын айтуда. Қала әкімдігі құрылысшылар қайтып келуі тиіс деп есептейді. Мұнысы бізге қашпаған қашардың уызына қарағандай болып көрінді. Тұрғын үйдің тәлкегі қашан аяқталары белгісіз. Ал желге ұшып, жемтікке айналған 10 миллионның орны толуы екіталай.
Автор: Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Көкшетау
Алаш айнасы газетiнен алынды