АЛТЫНОРДА
Новости

10 пайызбен зейнетақы жинау мүмкін бе?

Вице-премьер Қайрат Келімбетов мемлекеттік институттардың басқаруымен жүзеге асырылатын Бірыңғай ұлттық зейнетақы қоры қазақстандық салымшылардың жинағын мықтап қорғауды және оның жоғары табыс әкелуін қамтамасыз етеді деп мәлімдеді.

Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры базасында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылатын болды. Қор Қаржы министрлігі арқылы Үкіметтің меншігінде болмақ. Келімбетовтің айтуынша, қор одан кейін Ұлттық банкке беріледі, яғни қордың активтері мен БЖЗҚ-ның өзі де соның басқаруына беріледі. «Ұлттық банктің басқаруында бо­лады деген сөз – қос бақылау жүйесі және табыстың еселенуі дегенді білді­ре­ді. Мемлекет тікелей қамқорлық жасайды» деді Келімбетов мырза баспасөзге берген сұхбатында.

Вице-премьер БЖЗҚ активтерінің бір бөлігін шетелдік құнды қағаздарға салуға болатынын айта келе, Ұлттық банктің құзыреті бұған күдік келтірмейтінін атап өткен болатын. ҰБ басшысы Марченко мырза да болашақ қор активтерінің қан­дай да бір бөлігі бас банкке беріліп, оны шетелдік активтерге салуды біз қамта­масыз етер едік дегенді о бастан-ақ айтып келеді. Бірақ Бас қаржыгер бірыңғай қорды тұтастай емес, белгілі бір активте­рін ғана басқарсақ жақсы болар еді деген де пікірін ортаға салған болатын. Енді айналып келгенде, түбінде БЖЗҚ-ны басқару тұтастай ҰБ-ға берілетін болып тұр.
ҰБ тендер өткізіп, осы уақытқа дейін иелігінде ЖЗҚ болған бірқатар компаниялар КУПА болу мүмкіндігін ала алатын болады. КУПА дегеніміз, орыс тілінде та­ратып түгелдей айтатын болсақ, компания по управлению пенсионными активами деген сөз. Қазақшасы зейнеттік ак­тивтерді басқару жөніндегі компания дегенді білдіреді. Оған ілікпей қал­ған­дары ерікті қорларға айнала алады не­месе жойылатын көрінеді. Келім­бетов­тің айтуынша, зейнеттік қаражаттарды сақтау және көбейтумен біліктілер айналысады.

Сонда осы уақытқа дейін кімдер айналысып келді деген сұрақ туатыны заңды. Он бес жылдай жинаған зейнетақы жи­нағымыздың инфляциядан аспай келуі біліксіз менеджерлердің тірлігі болғаны ма?
Жалпы, БЖЗҚ туралы сарапшылар не дейді екен, соған құлақ түріп көрейік: «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын жасау зейнетақы жүйесі проблема­лары­ның тек кішкентай ғана бөлігі болып табылады. Қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, дәл қазіргідей жүйемен бірыңғай мемлекеттік қор құрғанның өзінде біздің 10 пайызымызбен зейнетақыға жете­тіндей қаражат жинақтай алмаймыз. Бұл ең негізгі проблема болып табылады. 2011 жылдың қыркүйегінен бері қарай осы проблема төңірегінде жұмыс істеп келеді. Бірақ мен әзір оның шешімін көре алған жоқпын»,– деп Ораз Жандосов «Атамекен форумындағы» пікірталас клубта­ры­ның бірінде өз ойын айтып қалған.

Жандосовтың пікірінше, МЖЗҚ базасында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру дұрыс. Оны биылғы 1 шілдеге дейін құру керек дегеннің өзі де дұрыс, себебі белгіленген мерзімге дейін әбден үлгеруге болады. «Өйткені зейнетақымен қамтамасыз ету туралы заңға соншалықты өзгертулер ендірудің де қажеті болмас. Оның үстіне 15 жыл ішінде зейнетақы қорлары біздің ақшамызды дұрыс басқара алатын басқарушылар ретінде өздерін көрсете алған жоқ. Олардың қор жұмы­сын құлатуда ең бір келеңсіз істері 2005-2007 жылдар аралығындағы несие бумы кезеңі болды. Біздің зейнеттік қаржы­мызды олар түсініксіз бір компаниялардың облигациялары мен акцияларына салып тастады. Нәтижесінде сол компаниялар дефолтқа жіберді», – дейді экономист.

Қалай болғанда да, бірыңғай қор бас­қа­рушы ұйымдардың қандай шешім қа­былдайтынына байланысты жұмыс істейтін болады. Зейнетақылық қаржыны түсініксіздеу, ұзаққа созылатын ин­фра­құ­рылымдық жобаларға салудың қа­жет­тігі жоғын, ондай жобалардың тым тәуе­келге құрылатынын айтады Жандосов. «Мемлекет тарапынан азаматтардың зейнетақылық қаржысы жекеменшіктік болғандықтан, Ұлттық қор қаражатынан да бетер қорғалуы тиіс, өйткені Ұлттық қордағы қаражат ұжымдық қаражат, белгілі бір иесі жоқ. Бірақ ол қалай тіркелетінін мен әзірше кепілдендіре алмаймын. Келімбетовтің жетекшілігімен жұ­мысшы тобы жұмыс істеуде. Бірақ кең тұрғыда сараптық талқылаулар бола қой­ған жоқ». Жандосовтың пікірі осындай. Экономистің айтқандарына қарап, оның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құруды дұрыс шешім деп табатынын байқадық. Әрине, сарапшының күмәні де жоқ емес, бірақ ол енді қалай ұйымдас­ты­рылатынына байланысты болмақ.

Марченконың өзіне келетін болсақ, бас қаржыгердің де бұл әлдеқандай іс болар екен деген күдікке басымдық бе­ретіні байқалады. Өйткені өзі айтқан­дай, БЖЗҚ капиталының бір бөлігі ғана емес тұтас­тай басқарылуы ҰБ мойнына жүкте­ле­-
тін болған соң, әрине, оны да түсінуге бо­лады. «Болашақ зейнет­кер­лердің қар­жысын алдағы уақытта оңды-солды пайдалана берудің жетегіне қы­зы­ғып, еріп кетпес үшін дұрыс инвести­ция­лық әр­тараптандыру стратегиясы және бірың­ғай зейнетақы қорының кеңесі қажет» деді ол. Оның айтуынша, ол кеңес ин­вес­тициялық стратегияны айқындауы тиіс. Кеңеске Үкіметтен екі, ҚР Ұлттық банктен екі, қаржы нарығынан екі өкіл және үш тәуелсіз директор енуі тиіс. Мемлекеттік жүйе өкілдері көп болмауы керек дегенді баса айтты.

Бас қаржыгердің көңіліне маза бермей тұрған мәселелердің бірі – әлдеқандай жағдай бола қалып, бюджет тапшылығын жабу үшін немесе қандай да бір жобаларды қаржыландыруға болашақ Үкіметке ақша қажет болып, соған болашақ зей­неткерлердің қаржысын салатындай қы­зығушылық туындап қалуы да ғажап емес­тігі. Сондықтан кеңес, қордың құ­рылымы, қабылданған шешімдер жүйесі жоғарыда келтірілгендей әртүрлі қызы­ғушылықтардың алдын кесетіндей прин­циптерде құрылуы керек.

Алма Мұхамеджанова

 

http://www.aikyn.kz/