АЛТЫНОРДА
Новости

120 МИЛЛИОН БӨЛІНГЕН АБАЙ ЕСКЕРТКІШІНЕН АҚАУ ШЫҚТЫ БҰЛ ҮШІН БҰРЫНҒЫ ӘКІМДЕР ЖАУАП БЕРЕР МЕ ЕКЕН?

Былтыр Қызылорда қаласында өткен тарихымыздан, әдеби-мәдени құндылығымыздан сыр шертетін бірнеше маңызды ескерткіштер бой түзесе, соның ішінде бірегейі саналатын «Абай» ескерткіші Жібек жолы даңғылы  бойында салынған болатын. Алайда құрылысы жоғары қарқында жүргізілген ескерткіш толық біткенімен, бетіне ақ мата жабылып, салтанатты ашылу рәсімін күтіп әлі тұр.
Негізінен ескерткішті тұрғызуға қалалық қазынадан 120 млн. теңге бөлінген болатын. Алдын-ала белгіленген жоспарға сәйкес ескерткіш биіктігі бес метрге жуықтайды. Сонымен қатар ескерткіш жанына ұлы ақынның қарасөздері тасқа қашалып жазылып, айналасы абаттандырылып, жарықтандырылу көзделген. Мүсінші Мерген Қосжанов сол кездері ақын мүсінінің жоғары сапада жасалатынына сендірген еді. Ал жалпы құрылысты жүргізуге бас мердігер «НайКИТ» ЖШС өз жауапкершілігіне алса, жобалау жұмыстарымен «Мұнайгазинжиниринг» серіктестігі айналысқан болатын.
Бұрынғы қала әкімі Мархабат Жайымбетов пен сол кездегі облыс басшысы Болатбек Қуандықовтың уақытында құрылысы жүргізілген бұл сквер Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында көпшілік көзайымына айналады деп күтілген еді. Дегенмен қос басшы құрылысы бітсе де ескерткішті ашуға асықпай жүріп, басқа қызметке ауысып үлгерді. Қала тұрғындарына оның ашылмау себебін ашып айтпастан-ақ кетті. Ал жұртшылық күні кешеге дейін ұлы ақын атындағы демалыс орнын сырттай сүйсіне тамашалаумен жүрді.
Алайда оның ашылмауы бекерден-бекер емес екен. Өз уақытында салынып біткен ескерткішті дер мезгілде пайдалануға бермеу себебі, ескерткіште үлкен кінәрат бар болып шықты. Бұл жайында жуырда ғана қала әкімі қызметіне кіріскен Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен өткен тұрақты кеңесте мәлім болды.
Ескерткіштің әлі күнге дейін ашылмау себебін талқылаған кеңесте күтпеген жерден «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің бастығы Мұратбек Өсербаев ескерткіштің астында 3 «водовод» бар екеніне тоқталып, Абай мүсіні осыған байланысты ашылмай тұрғанын айтты.Әлгі үш водоводтың біреуі алда-жалда жарылар болса, ескерткіштің су астында қалуы әбден мүмкін. Сондықтан бұл жайға немқұрайлы қарап, ескерткішті аша салуға болмайды.
Сонда дейміз-ау, бұл мәселені біле тұра бұрынғы басшылар мен құзырлы мекемелер неге қамсыз отырғанын түсіну қиын. Әлде бұл қаржы жымқырудың кезекті бір құйтырқы әрекеті болды ма екен. Қалай десек те әлгі төтенше жағдай орын алған күннің өзінде ескерткішпен қатар қыруар қаржыны да су шайып кететініне бәрі көз жұма қарағаны байқалып тұр десек артық айтқандық болмас.
Ескерткіш сәулетшісінің айтқандарына сенер болсақ, бірнеше мәрте жер бөлімінде болып, ескерткішті ол орынға орнатпау  қажеттігін айтқан көрінеді. Алайда құзырлы орын тарапынан барлық мән-жайды біле тұра әлгі жерге ұлы ақынның мүсінін салуға рұқсат бере салыпты. Яғни бұл жерде сол кездегі облыс пен қала басшысынан бастап, тиісті мекемелерге дейін қыруар қаржының желге ұшқалы тұрғанын білсе де бұл жайтқка жүрдім-бардым қарағаны байқалады.
Ал енді бұл «ескерткіштің келешегі не болады?» деген сауалға жауап іздейтін болсақ, қаланың қазіргі басшысы Нұрлыбек Нәлібаев тиісті шараларды дереу қолға алу қажеттігіне тоқталды. Оның өзінде де мүсінді басқа орынға ауыстыру жайы сөз болды. Яғни ескерткішке жұмсалған алдыңғы қаржы желге ұшты. Ал ескерткішті басқа орынға көшіру қосымша шығынға алып келетіні айтпаса да белгілі. Яғни бұрынғы әкімдердің (облыс әкімі Болатбек Қуандықов, қала басшысы Мархабат Жайымбетов – ред.) аталмыш жайтқа селсоқ қарағандығы осындай келеңсіздікке әкеліп соқтыруда.
Әзірге қала әкімі тарапынан облыс басшысы Қырымбек Көшербаевқа бұл жағдай жөнінде жазбаша құлақтандыру жіберу көзделіп отыр. Содан кейін ғана мүсіннің алдағы тағдыры шешілмек. Дегенмен өңір жұртшылығы үшін қазіргі уақытта ең бастысы, ескерткіштің келешегі емес, қыруар қаржының желге ұшқаны жанға батып тұрғандай.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ
Қызылорда. 

http://www.halyksozi.kz