Осыдан біршама бұрын бүкіләлемдік ақпарат құралдары дүниенің бір түкпірінде туылған шақалақты планетаның 7 миллиардыншы тұрғыны деп танып, алақайлап ақпарат таратып еді. Өзгені қайтеміз, сезіне білгендер үшін қазақтың бөркін аспанға атып, алақайлайтын сәтіне де санаулы уақыт қалды. Ағымдағы аптада Орталық коммуникациялар қызметінің дәстүрлі брифингіне келіп, мемлекеттің даму көрсеткішін айғақтайтын мәліметтерді жеткізу кезінде Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов жақын күндері халқымыздың саны 17 миллионды толтыратындығын айтты. Дегенмен бүгінгі бұйығы қоғам мұндай жағымды жаңалықты, аса қуанышты сәтті елеусіз ғана өткізіп жібермес үшін не істеуіміз керек?
Қазақстандықтардың соңғы екі айдағы өсімі 42 мың адамға жетіп, жалпы, 16 миллион 953 мың 900 тұрғынды құраған. Оның 54,8 пайызы қалалықтар, 45,2 пайызы ауылдықтар ретінде тіркеліпті. Өкінішті тұсы екі айда 21 600 (2012–21 800) неке қиылып, өткен жылға қарағанда 200-ге азайғанымен қатар, ажырасушылар да 8200-ге жетіп (7500), 9,3 пайызға артып кетті. Есесіне, туылу көрсеткіші жақсара түсіп, 66 400 сәби жарық дүние есігін ашыпты. Бақилық болғандар 2,3 пайызға кеміп, 25 000 адамды құрады. Жалпы мәліметтерден байқағанымыздай, 17 миллионға жетуімізге 46 мыңдай адам керек екен. Егер осы өсім сақталса, есеп жүргізілген мерзім-нен бері тағы бір жарым айдың өткенін ескерсек, енді шамамен келесі айдың көлемінде атап айтарлықтай санға да иек артуымыз анық. Демографиялық өсім бойынша тәуелсіздік алған кездегі халық санына 22 жылдан кейін қол жеткізгелі отырмыз. Еліміздегі көші-қонның үнемі жағымсыз сипатта кері кетуін көршілер де, өзгелер де жиі-жиі сын тезіне алып, оны қазақ мемлекетіндегі үдерістердің «нәтижесі» ретінде кінә артушыларға толыққанды тоқтам салатын сәтке де жақындадық. Демек, ел Үкіметі мен түрлі қоғамдық ұйымдар мұндай керемет мүмкіндікті мүлт жібермей, қазақ даласында туылатын 17 миллионыншы тұрғынды аса зор қуанышпен, алыс-жақын елдерге сүйіншілеп, қарсы алғаны жөн-ау. Ұлтымыздың мерейлі датасына орай ұлыстар да үн қосып, жақсылығымызды жаһанға жариялап жатса, қанекей?! Қашан да кешігіп жүретін қазақы қалпы-мызға салмай, ұлттың ұпайын түгелдейтін ұрымтал сәттің тым жақындап қалғанын би-лік басындағы, Парламенттегі, қоғамдық ұйымдардағы көшбасшылар мен белсенділердің назарына салып, дайындықты дәл қазірден бастауымыз қажет.
Агенттік төрағасының экономикалық секторға қатысты келтірген деректері де маңызды. Атап айтқанда, кешегі желтоқсанмен салыстырғанда елімізде кейінгі екі айдың өзінде тұрғын үй бағасы 1,4 пайызға қымбаттай түскен. «Наурыз айында жаңадан соғылған пәтердің 1 шаршы метрінің орташа бағасы 175 мың теңгеге жетті. Ал Астанада – 217 мың, Алматыда – 245 мың, Ақтауда – 161 мың, Атырауда – 209 мың, Шымкентте – 203 мың теңгені құрады» деді Ә.Смайылов. Ресми дерекке сәйкес, 2013 жылғы қаңтар-ақпанда сыртқы сауда айналымы 20199,4 млн АҚШ долларын құрап, 2012 жылмен салыстырғанда 5,4% азайған. Оның ішінде экспорт – 13535,5 млн АҚШ долларын (14,1% аз), импорт – 6663,9 млн АҚШ долларын құрады (19,1% өсті). Елеулі көрсеткіштің бірі ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз аралығында елімізде 17,3 млн тонна мұнай өндірілді. Мұны өткен жылдың аталған кезеңімен салыстырғанда 2,5 пайызға артқаны аңғарылады. Наурыздағы тұтыну бағаларының индексі 2012 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 101,9%. Азық-түлік тауарларына бағалар – 1,1%, азық-түлік емес тауарлар – 0,6%, ақылы қызметтер көрсету – 4% артты. Өнеркәсіп өнімін өндіруші кәсіпорындардың бағалары ағымдағы наурызда өткен жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 1,5% көбейген. Коммуналдық-шаруашылық саласында қоқыс тасымалының тарифі – 7,6 пайызға, суық су – 5,7 пайызға өскен.
«2013 жылғы 24 сәуірде Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы, Қазақстан халқы ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен «Қазақстан – 2050» cтратегиясы: «бір халық – бір ел – бір тағдыр» атты күн тәртібімен шақырылған Қазақстан халқы ассамблеясының ХХ сессиясы өтеді. Онда Президенттің халыққа арнаған Жолдауын іске асыру жайы талқыланады. Стратегияда көзделген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізудің басты шарты ретінде қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді» деді, брифингке арнайы бас сұққан Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, сонымен бірге өздерінің жыл көлемінде атқарған жұмыстарымен де жан-жақты таныстырды.
Ассамблея еліміздегі барлық ұлысты бір шаңырақтың астында айрандай ұйытып, 800-ден астам этностық бірлестіктермен бірлесіп, олардың мәдениеті мен дәстүрін дамытуға тиісінше қолдау білдіріп келеді. Құрылғанына 18 жыл толған ұйым өкілдері жыл көлемінде озық үдерістерді үйрену мақсатында әлемнің көптеген елдеріне сапарлап, әртүрлі жиындарға қатысып, екіжақты мәмілеге жетелейтін келісімдерге қол қойып жүр. Барлық этностардың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін ассамблея жанынан «Тілдарын» тілдерді оқытудың инновациялық әдістемелік орталығы» жұмыс істейді. Әлемге белгілі лингвист Д.Петровтың әдістемесі негізінде жаңа бірегей жоба әзірленіп, «Тілдарын. Қазақ тілі» А1 деңгейлі оқу құралы жарық көріп, таратылуда. Сондай-ақ аудио және бейне форматындағы электронды оқулық, онлайн курстар, қашықтықтан оқыту, ұялы байланысқа арналған қосымшалар да қолданылуда. Барлық этностардың тілдерін дамытуға қажетті жағдайлар жасалған. Мәселен, бүгінде 88 мектепте білім беру этнос тілдерінде жүргізілуде. 195 этно-ағарту кешендері мен лингвистикалық мектептер ашылып, 108 мектепте 22 этностың тілдері жеке пән ретінде оқытылуда.
Ал ел басқарудағы қазақстандық үлгіге қызыққан 16 мемлекеттің өкілдері тәжірибе алмасуды көздеп, 60 мәрте ассамблея қызметіне жүгініпті. Олардың арасында Франция, Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Швеция, Түркия, Қытай, Ресей, Испания, Голландия, Израил бар. Бұл мемлекеттің тұрақты дамуындағы ерекше маңызды сала болып табылатын Қазақстан халқы ассамблеясы қызметіне әлем тарапынан туындап отырған ерекше қызығушылықтың дәлелі болып табылады. Этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі Біріккен Ұлттар Ұйымында, ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдерде, Копенгагенде, Венада, Женевада, Нью-Йоркте өткен халықаралық форумдарда таныстырылып, оң бағаланған. Тиісті құжат әлемнің 56 тіліне аударылып, дипломатиялық өкілдіктерге таратылыпты.
Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ
Астана қаласы