Астана. 21 ақпан. Baq.kz- Үкім кескенде шариғат заңына сүйентін ортаазиялық мемлекеттердің соттарына қарағанда қазақ билері төрелік жасағанда адат заңына сүйенді. Адат – бабалар дәстүріне құрылған адамдардың қауымдастық ішіндегі өмір сүру тәртібі. Ол қазақы салт-дәстір, сенім-наным, қоғамдық мораль сияқты ұғымдарды қамтиды. Оның негізі тәңіршілдік принциптерге құрылған: Құдай, қауым, ата-ана, отбасы және жеке тұлғаның өзі. Қазақ исламды қабылдағаннан бері дала билері адат қағидаларымен біте байланыстырып шариғат заңдарына да жүгінетін болды. Сөйтіп, көшпелі тұрмысқа бірте-бірте сопылық ағым сіңісіп кетті.
«Аш адамның қолы нанға жетпесе Құранды басып тұрып алуына болады, бірақ Құранды алу үшін нанды басуға болмайды» деген қазақ мақалы бар. Міне, қазақтың ұғымындағы ислам осы және ол қалың бұқараның жүрегіне жол тапқан ілім болды. Көшпелі тұрмыста түрме жоқ еді. Айыпты адамды арбаның дөңгелегіне немесе аттың кермесіне байлап ұстады. Адамды тек үш күн байлап ұстаған. Билер осы үш күннің ішінде күдіктіні тергеп, куәлерді сұрап, жұртты көзінше үкім айтып үлгеруі тиіс. Әдетте айыпты адам үшін құн төлеу дәстүрі жиі қолданған. Құнның мөлшерін екі жақ сот алдында келіскен.
Егер айыпкер немесе оның туыстары құн төлеуден бас тартса, онда сот жапа шеккен жақтың айыпты жақтан күшпен мал айдап әкетуіне рұқсат еткен шешім шығарған. Барымта жасауды бір й уақытқа шегерген. Яғни осы уақыт ішінде айыпты жақтың ақылға келіп, құнды өз еріктерімен төлеулеріне мүмкіндік берген. Егер бір айдың ішінде құн төленбесе, жапа шегуші сотта келісілген құнның үстіне қосымша соның төрттен біріндей мал барымталауға қақысы болған. Артық алынған мал бидің қазылық жасаған еңбегі үшін төленген. Олжа малды алу-алмауды бидің өзі шешкен. Әдетте би ол малды кедей туыстарына бөліп беретін болған. Ал би шешімінсіз барымта жасау ұрлық саналып, қатал жазаланып отырған.
Билер соты тек екі жағдайда ғана өлім жазасын кескен: біріншісі – Отанын сатқанға, екіншісі – знақорлық жасағанға. Шариғат заңы бойынша Отанын сатқан адамның басын қылышпен шауып, найзаға қадап қойған, ал зина жасаған әйелді таспен ұрған. Оларды денесі қаңғыбас иттердің жемтігіне айналған. Ал, дала номадтарының билер соты сатқынды басына қап кигізіп жұрттың көзінше дарға асқан, зина жасаған еркек пен әйелге де қап кигізіп, түйенің екі өркешінің арасына салып асқан. Сонда жұрт айыптылардың асылғанын көргенімен, өлтіру поцесінің өзін көре алмаған. Өлтірілген адамдардың денесі туыстарына берілген. Бірақ олар ауылдың ортақ қорымынан оқшау жерленген. Кейде айыптыны ру ішінен қуған, оны көшпелі тайпалардың бәріне хабарлаған. Мұндай адамды ешбір рулар қабылдамаған. Олар өз кінәсін тек үлкен жақсылық іс жасау арқылы ғана жуа алған. Ар-ұятты аттаған адам хан болсын, батыр болсын, қарапайым адам болсын бәрібір – билер жазасына тартылған. Қазақ «Малым – жанымның садақасы, жаным — арымның садақасы » деп өмір сүрген.
Дәулетқали Асауов
http://www.baq.kz/material/185