Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына енуі туралы ресми келіссөздердің аяқталғаны жөнінде маусымның 22-де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ресми түрде мәлімдеді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның бұл қадамын «тарихи оқиға» ретінде бағалап, «19 жылға созылған келіссөзде Қазақстан өзіне тиімді шарттарға қол жеткізгенін, ДСҰ мен Еуразия экономикалық одағы (ЕЭО) талаптарын ұштастыра алғанын» айтты.
Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшеліктен Қазақстан нарығының ұтары не, ұтылар тұсы қайсы? Осы мәселеге келгенде экономикалық және саяси сарапшылардың пікірі екіге жарылды. Сарапшылардың біразы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелік бізге кері әсер етеді, біздің нарық бұл бәсекелестікке төтеп бере алмайды, онсыз да тұралап тұрған ауылшаруашылығы шетелден ағылатын арзан өнімнен бас көтере алмайды десе, екінші бөлігі – бұл ұйымға мүше болу арқылы біздің сауда кеңістігіміз біршама артады, шетелден әкелінетін автомашиналардың баж салығы арзандайды, шетелдің сапалы бұйымдарына қол жеткіземіз дегенді айтады.
Қалай дегенмен де, алдағы 1 қаңтардан толыққанды мүшесі болатын ДСҰ-ға Қазақстан 162-ші ел боп енбек. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің біразы – Қырғызстан (1998 жылдан), Армения (2003 жылдан), Ресей (2012 жылдан) мүше. Бұл мемлекеттер өзінен кейін мүше болған елдерге өз талаптарын қоя алады және арнайы дауысқа ие.
Қазақстан шенеуніктері жыл сайын ДСҰ-ға енетіндерін мәлімдейтін, бірақ келіссөздердің неге аяқталмай қалғандығы жөнінде ештеңе айтпайтын. «Азаттық» радиосының сайтына сұхбат берген Мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов осы жылдар аралығында Қазақстан тарапынан келіссөз жүргізуші комиссия құрамындағы адамдардың аз болғандығын және олардың өзінің жиі ауысып отырғандығын айтқан. Тағы бір мәселе, депутаттар да, бизнесмендер де ДСҰ-ға ену келіссөзінің ашық жүргізілмегендігі себебінен оның талаптарымен әлі таныс емес. Мәселен, www.informburo.kz сайтында Дүниежүзілік сауда ұйымына енуімізге қатысты өз болжамдарымен бөліскен Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев: «Келіссөздердің басым көпшілігі жабық түрде өткізілді. Сол себептен тараптардың өзара талаптары жария етілген жоқ. Бизнес-қауымдастық, бизнес-ассоциация, сондай-ақ, Кәсіпкерлердің Ұлттық палатасы осы уақытқа дейін Қазақстанның ДСҰ-ға қандай шарттармен енгенін білмейді. Жалпы, түсінік қана бар», − деген еді. Қазақстанның ДСҰ-ға енуімен тарифтік қорғану деңгейі құлдырап, арзан импорттық тауарлардың тасқыны басып қалуы мүмкін. Бұл біздің өнеркәсіпті тұншықтырады деген қауіптің барын айтты. Бизнесменнің сөзіне сенсек, қазақстандық сүт өнімдері, өзгені былай қойғанда Ресей мен Белоруссиядан ағылған арзан сүт өнімдерінің тасқынына төтеп бере алмай отырған көрінеді.
Біздің экспортымыз негізінен шикізат өнімдері. Мұнай өнімдері, түсті, қара металдар, одан қалса астығымыз. Саясаттанушы Әзімбай Ғали Қазақстан астығының сапасы жағынан да, өнімділігі жағынан да Канада мен Австралиядан асып түсетіндігін айтады. Демек, ДСҰ-ға мүшелік біздің астығымыздың әлемдік нарыққа шығуына жол ашады. Алайда Канада, АҚШ және Австралияның астығының тоннасы үшін экспортқа кететін көлік шығыны небәрі 17$ және 40$ көлемінде ғана болса, Қазақстанның климат жағдайына орай, ашық теңізге бірден шығатын жолының жоқтығы және Ресейдегі ең жақын портқа дейін кететін тасымал шығыны тоннасына – 136 АҚШ долларына тең. Сөйте тұра, ірі астық өндіруші мемлекеттер Қазақстанның экспорттық субсидия алуына қарсы болып келген. Бұл да біздің алдымыздан шығар көп түйткілдің бірі. Алайда соған қарамастан әлемдік сауданың 90 пайызы жүретін сауда ұйымына кіруден Қазақстан ұтады дейді саясаттанушы Әзімбай Ғали.
− Қазақстанның ДСҰ-ға мүшелікке енуіне 1995 жылы да, 2000 жылы да мүмкіндігі болған еді. Алайда біздің құзырлы органдар халықаралық беделді ұйымға мүше болудың кері әсерінен қаймығып, асықпау дұрыс деп шешті. Ал қолында шикізаты да жоқ, қаражаты да жоқ, тек жалғыз алтын кені бар қырғыздар тәуекелге бел буды, сөйтіп ДСҰ-ға мүше болды. Олар жеңіл өнеркәсібін дамытуға мүмкіндік алды. КСРО құлағаннан кейін, мемлекеттік кәсіпорындардың бәрі жекешеленді, тоналды, күйреді. Солай болуы заңды да. Өйткені нарық жоспарлы экономиканың өмір сүруіне мүмкіндік бермейді. Бірақ, жаңа мүмкіндіктер пайда болды. Ал Қырғызстан жоқтан бар жасады. Өйткені олар ДСҰ-ға мүше болуы арқылы арзан фурнитура, мата және технологияға қол жеткізді.
− Кейбір сарапшылар Қырғызстан экономикасының ДСҰ-ға енгеннен гүлденіп кеткені шамалы дейді…
− Қырғызстан бірнеше революцияны бастан кешті. Саяси тұрақсыздық ел дамуына кері әсерін тигізді. Алайда бұл ондағы жеңіл өнеркәсіптің дамуына бөгет болған жоқ.
− Біз Еуразиялық экономикалық одаққа мүшеміз, ал ДСҰ-ға енуден бізге қандай пайда бар?
− Біздің алдымызда мүше болған мемлекеттер бізге өз талаптарын қойды. Мәселен, Қырғызстанды алайық. Олар Қырғызстаннан тасымалданатын жүк транзитін арзандатуға, Орта Азиядан 700 мыңнан астам жұмысшыны алуға мәжбүрледі. Оның үстіне, біздің алдымызда Тәжікстан да еніп алды ғой. Бұның барлығы Жанар Айтжанова бастаған комиссия жұмысының сылбырлығынан. Тіпті олардың да кінәсі жоқ шығар. Шын мәнісінде, бұл жерде нарықты дұрыс түсінбеу, концепцияны дұрыс жасамау жатыр.
− Жақсы. Біз біраз кешіктік. Алайда сарапшылардың айтуына құлақ түрсек, ДСҰ-ға мүшелік шағын және орта бизнесімізге кедергі келтіруі мүмкін. Жұмыссыздық көбейеді дейді. Бұған не дейсіз?
− ДСҰ-ға енуіміздің жағымды жақтары көп. Мәселен, биылғы жылы инфляция екі пайыздай төмен болады. Ал отандық кәсіпкерлеріміз көр-жер өндіруді қояды. Бәсекеге қабілетті өнім жасауға тырысады. Сөйтіп, Қазақстанның брендтері пайда болады. Өзі екі жүзге жуық мемлекеттің 162-шісі болып отырмыз. Біздің соңымызда бірнеше арал мен Өзбекстан ғана бар. Бәсекелесетін де ешкім қалмады. Бұдан ұтылсақ та, ұтсақ та бұл ұйымға енгеніміз дұрыс.
Ендігі бір мәселе Еуроодақ елдеріне тасымалданатын – мұнай және пайдалы қазбалар шикізаты. Былтыр ҚР Экономикалық интеграция істері бойынша министр Жанар Айтжанова Еуроодақ пен Қазақстан арасында экспорттық баж салығын қолдану құқығы жайында келіссөздің төрт жылға созылғандығын айтқан болатын.
«Біздің экспортымыздың 70 пайызы Еуроодақ елдеріне жіберіледі. Негізінен бұл – шикізат. Еуроодақ бұл шикізаттың ЕО-ға мүше елдерге ешқандай кедергісіз жетуіне мүдделі. Біз де мүдделіміз, алайда біз сонымен қатар, бұл шикізаттың Қазақстан аумағында өндірілуіне және осында бірлескен кәсіпорындардың пайда болуына мүдделіміз» деген болатын келіссөз барысын мәлімдей отырып. Бірақ, біз әзірге бұл талаптардың қалай аяқталғанын білмейміз. Мәжіліс депутаттары ДСҰ-ға мүше елдермен жасалған келіссөздердің 2015 жылдың соңына дейін ратификациялануы мүмкін екендігін айтады.
Есенгүл Кәпқызы
http://turkystan.kz/