Жыл бастала салып, ел Үкіметі бірінші тоқсанға арналған кедейшілік шегін белгіледі. Ол күнкөріс шегінің 40 пайызына тең болмақ. Қазіргі таңда күнкөріс шегі 19 996 теңге болса, оның 40 пайызы шамамен 8 мың теңгені құрайды.
Осылайша, айлық табысы 8 мың теңгеден аспайтындар ғана кедей санатына кіреді. Ресми статистикаға сүйенсек, ел бойынша олардың саны 100 мыңға да жетпейді. Ал барлық әлеуметтік төлемақы кедейлік шегінің көлемі арқылы есептелетіні белгілі. Кедейшілік шегі төмен болған сайын әлеуметтік төлемдердің де көлемі аз болмақ. Жалпы, әлеуметке қатысты ең төменгі тұтыну себеті, күнкөріс шегі, ең төменгі айлық, кедейшілік шегі сынды ұғымдар бар. Алдымен тұтыну себетін ең қажетті деген азық-түлік пен қызметке толтырып, олардың құнының қосындысынан ең төменгі күнкөріс шегін шығарады. Ең төменгі айлықтың көлемі күнкөріс шегінен алысқа кетпейтіні анық. Яғни шенеуніктердің есебі бойынша, Қазақстанда 20 мың теңгеге өмір сүруге болады екен. Сол себепті тұтыну себетінің құны да осы 19 996 теңгенің көлемінде. Оған күнделікті қажетті 43 түрлі азық-түлік пен қызметтің құны кіреді. Әрине, мұндай ақшаға толыққанды өмір сүру мүмкін емес. Алайда қаржыгер Ілияс Исаев Қазақстанның қазіргі экономикасының мүмкіндігі тек осыған жетіп отыр деп пайымдайды.
– Ең төменгі күнкөріс шегі мен кедейлік шегі ел экономикасына тікелей байланысты. Экономика өскен сайын, күнкөріс шегі де көтерілетін еді. Әрине, мұндай ақшаға өмір сүру мүмкін емес. Бұл көрсеткіштер жоғарылауы үшін елдің бәрі жұмыс істеуі керек. Мәселен, қазір статистикаға сүйенсек, жұмыссыздардың саны 5 пайыздың айналасында. Оны санға шаққанда шамамен 480 мың адам болады. Оған «өзін-өзі жұмыспен қамтитын»
2 800 мың адамды қосып қойыңыз. Сонда олардың саны 3 миллионнан асып жығылады. Бұлардың барлығының ай сайынғы тұрақты табысы жоқ болғандықтан, кедейлердің қатарына кіреді. Сондықтан олардың барлығын жұмыспен қамтамасыз ету қажет. Ал 19 996 теңге деген не? Бұл кедей емес, жалшының күйін кешіп жүр деген сөз. Кезінде тақыр кедей дегеннің бірнеше ұсақ малы болатын. Ал бүгінде тек 20 мыңның бетіне қарап отырғандар қалайша күн көреді? Азық-түлік себетіне 43 түрлі өнімді кіргізгенімен, оның құны өте төмендетілген. Ал баға ырыққа көнбей келеді. Егер осы ең төменгі күнкөріс шегі расында, өмір сүруге жетсін десек, онда инфляцияны әкімшілік жолмен бұғаулау керек. Өйткені Қазақтан нарықтық қатынасқа толыққанды көше алмай келеді. Нарықты реттеудегі мемлекеттің рөлін күшейткенде ғана, бағаны ырыққа келтіруге мүмкіндік туады. Содан кейін, орта және шағын бизнестің дамуына ықпал жасау қажет, – деп тұжырымдайды қаржыгер.
Ал Мәжіліс депутаты Азат Перуашев мұндай көрсеткіштерді тек қана көзбояушылық деп санайды: «Өмір сүрудің ең төменгі шегін 20 мыңның айналасында белгілеген шенеуніктер өздері осындай ақшаға өмір сүріп көрсін. «Ақ жол» партиясы бұл мәселені бірнеше рет көтерген. Кедейлік шегін төмендетуден, санын азайтып көрсетуден олардың қатары кеміп кетпейді ғой? Сондықтан мұндай көзбояушылыққа жол бермеу қажет. Қазіргі қалыптасқан нақты жағдайды білу үшін базарға барып, нан мен еттің бағасын біліп, оған коммуналдық төлемдерді қосқанда, ең төменгі күнкөріс шегі 30 мыңнан да асып кетеді. Біз 2011 жылы ең төменгі күнкөріс шегін өзімізше есептеп шығарғанбыз. Сол кездің өзінде 58 мың теңгені құрады. Ал шенеуніктер қандай әдістемеге сүйеніп есептеп отырғандарын білмеймін, адам сенбейді. Мәселен, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, Үкімет 220 млрд теңгені дұрыс пайдаланбаған. Осы қаржыны орта және шағын бизнесті дамытуға немесе әлеуметтік салаға жұмсағанда, әлдеқайда тиімді болар еді. Экономика – тек металлургия мен мұнай саласындағы ірі компанияларды қолдау емес, орта және шағын бизнесті дамыту, өз кәсібімен айналысамын дегендерге жол ашу. Елбасы да өз сөзінде мемлекет барлық азаматтарды жұмыспен қамти алмайтынын, сондықтан жеке кәсіпкер-лікке дем беру қажеттігін баса айтады. Оларды салықтан босату, әкімшілік кедергілерді жою секілді жүйелі ұсыныстар мен көзқарастардың нәтижесінде біз кедейшілікті жоя аламыз, – дейді Мәжіліс депутаты.
Азат Тұрлыбекұлының пікірінше, Қазақстанның қазіргі экономикасының ахуалы ең төменгі күнкөріс шегін қайта қарауға толық мүмкіндік береді. Жалпы, ең төменгі айлық жалақы да, мемлекеттен төленетін зейнетақы, жәрдемақы, асыраушысынан айырылғандарға төленетін төлемақының барлығы – ең төменгі күнкөріс шегіне байланысты болатыны белгілі.
Сондықтан «Тұран университетінің Қазақстан қоғамын жүйелі зерттеулер институты» директоры Тоқтар Есіркепов әлеуметтік төлемдер стандартын қайта қарастыратын кез жеткендігін алға тартады.
– Дағдарысқа дейінгі 4-5 жыл бюджеттік мекеме қызметкерлерінің жалақысы, зейнеткерлердің зейнетақысы 30 пайызға дейін көтеріліп тұрғаны есімізде. 2010 жылғы әлемдік дағдарыстың әсерінен бұл үрдіс тоқтап қалды. Зейнетақыға ары кетсе 9 пайыз қосылып отыр. Өйткені 2000 жылдары ІЖӨ жыл сайын 8 пайыз өсім берсе, дағдарыс жылдары төмен түсе бастады. Енді Үкіметтің саясаты әлеуметтік төлемдерді шектеу арқылы экономикада болып жатқан әртүрлі қолайсыздықтарды шешуге бағытталған. Алайда әлеуметтік төлемдердің стандартын өзгертетін уақыт жетті, тіпті өтіп барады. Қазіргі қалыптасқан стандарттан басқа стандартқа көшу туралы бастама көтерілгелі біраз боды. Ұсыныстар айтылып, Үкімет оны қабылдайтындай болып еді, бірақ сең қозғалмай тұр. Біз дамыған 30 елдің қатарына кіреміз деп мақсат қойып отырмыз. Ендеше, әлеуметтік стандарттарымыз да сол елдерге сай болуы керек емес пе? Соңғы 8 жылдың ішінде бірінші рет бюджеттің түсімі азайып, шығыны да үлкен көлемде қысқартылды. Яғни экономикада туындаған проблемаларды халықтың есебінен, әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған кедейлердің есебінен шешпекпіз. Бұл өз кезегінде Елбасы айтып кеткен бай мен кедейлердің арасындағы айырмашылықты тереңдетіп жатыр.
Үмітжан Жапар
http://www.aikyn.kz/articles/view/39827