АЛТЫНОРДА
Иносми

 2012 DА14. Ол не?

Челябинскіге құлған ірі метеориттің шуы әлі басылмай, жұрт абыр-сабыр болып жатқанда, ғарыш тұңғиығынан Жерге қарай аққан тағы бір аспан денесі көрінді. Ғалымдар планетамызға қарай бет алған салмағы 130-180 килотонна, диаметрі 45 метр болатын астероидтың ұшу бағытын көзден ғайып болғанша үрейлене бақылап отырды. Құдайға шүкір, көлемі 14 қабат үйдей болатын ғарышта жасалған «зеңбіректің оғы» 8 м/с жылдамдықпен Жерді жанап өте шықты.

Орал метеоритінен кейін арада жарты тәулік уақыт өткенде планетамызға ға­рыш кеңістігінен тағы бір қауіп төнгендей болды. Астрономдар 2012 DA14 деп ат қой­ған астероид 16 ақпанда, Астана уақыты­мен түнгі сағат 23:25 минутта, Жерге 27,7 мың шақырымға дейін жақындады. Бұл арақашықтық кейбір спутниктер жүрген орбитадан жақын. Ең бастысы, аққан жұлдыз геостационарлық спутниктердің бірде-біріне соқтығыспаған. Астрономдар планетамызға төнген қауіпті өздері ғана біліп, қатты дабыра қылмай, іштей Құдай­ға сыйынғанға ұқсайды. Тек астероид өтіп кеткеннен кейін ғана жұртшылыққа жариялады. Сөйтіп, ғалымдардың тілегі орындалды, 2012 DA14 астероиды әлдебір тылсым күштің әсерімен траекториясын кілт өзгертіп, Жерге соқтығыспай, өтіп кетті. Жердегі астероидқа ең жақын келген нүкте Индонезия болған. Бұл жерден астероидті ешқандай құралсыз-ақ көруге болды деп мәлімдеді астрономдар. Астероид жұлдыздардан 7,5 есе үлкен болып, жарқырап аққан. Астероид жақындаған кезде ол Жердің көлеңке (қараңғы) жа­ғын­да болды, сондықтан 2012 DA14 ас­тероидын анық көруге, фотоға түсіруге мүмкіндік туды.

2012 DA14 астероиды Челябинскі ме­тео­ритінен кейін16 сағаттан соң Жерді жа­нап өтті. Кейбір ғалымдар «бұлар бір-бірімен байланысты болуы керек» деген пікір айтқан. Алайда аспан денелерінің қоз­ғалыс траекторияларына назар аудар­-ған Альфия Нестеренко, Леонид Еленин, Фил Плейт сияқты астроном ға­лым­дар, сондай-ақ NASA, Еуропалық ғарыш агент­тігі бұл оқиғалардың арасында байланыс болуын жоққа шығарды. Челябинск метеориті шығыстан батысқа қарай қозғалды, ал 2012 DA14 астероидының траекториясы оңтүстіктен солтүстікке қа­рай бағытталған және екі нысанның арақашықтығы 500 000 шақырым бол­ған.

NASA астрономы Пол Кодастың мә­лім­деуінше, біздің планетамен жақын­да­ғаннан кейін астероидтың орбитасы біраз өзгерген және оның Күнді айналу мерзімі қысқарған. 2012 DA14 астероиды басқа бір аспан денесімен бірігіп немесе соқты­ғы­сып, шашылып кетпесе, 2046 жылы 15 ақ­панда бізге тағы да жақындайды, одан кейін 2080-де, сөйтіп, айналып жүре береді. Ол кезде Жерден миллион шақырым қашықтықта болады. Бірақ түбі Жермен соқтығысып қалуы ғажап емес, сондықтан одан құтылудың жолын қарастырған дұрыс.

2012 DA14 астероиды L спектральдық класқа, Жердің сирек квазиспутник­тері түріне жатады. Қазірге дейін осындай алты астероид анықталған. Бұл дегеніміз – астероидтың айналу кезеңі Жер­дегі бір жылға тең. Астероидты 2012 жылы 23 ақпанда Испаниядағы Мальорка астрономиялық обсерваториясы ашқан.

Ірі астероидтардың немесе комета­лар­дың Жермен соқтығысуы – өте сирек бола­тын құбылыс, бірақ ол ғаламат апатқа әке­леді. Бүгінгі күнге дейін белгілі болған астероидтардың ішіндегі ең қауіптісі болып 2004 VD17 саналады.

Қайыржан ТӨРЕЖАН

Айкын газетiнен алынды