Парламент Мәжілісінің бесінші шақырылымы өткен бір жыл ішінде заң шығару бойынша жоспарды асыра орындап, 130-дан астам заң қабылдапты. Бірақ, бірыңғай орыс тілінде жазылып, кейіннен барып қазақшаға тәржімаланатын нұсқаны заңгерлер тұрмақ, депутаттардың өздері түсіну мүмкін емес. Сондықтан, тәжірбиесі аз, жас депутаттар өз қалталарынан ақша шығарып, кеңесші жалдауға көшіпті. Тағы бір қынжылтатыны тәуелсіздік алған 22 жылдың ішінде қазақ Парламенті тек бір түйір заңды ғана ана тілімізде қабылдапты. Неліктен?
Заңгер Кәрібай Бақдәулетовтің күнделікті кәсібі заңдармен байланысты. Білікті маман «оның қазақша жазылған түрін пайдаланғым келеді, бірақ төл нұсқаны түсіну мүмкін емес», -дейді. Өйткені, өзі қатысатын сот процестерінде тілге қатысты тараптар арасында түсініспеушіліктер жиі болады екен.
КӘРІБАЙ БАҚДӘУЛЕТОВ, ЗАҢГЕР:
— Қазақша мәтінінде жазылған заңдармен сотта дауласып көп нәрсені түсіндіре алмайсың. Бір-бірімізге тараптар түсіндіре алмаймыз. Сондай жағдайда қазақша жазылған Азаматтық кодекспен бірге орысша вариантын алып барамыз да, орысшаны көрсете отырып, қазақша не айтайын дегенімізді сосын барып бір-бірімізді түсініп жатамыз.
Әрбір заң жобасы том-томдардан тұрады. Ал «орыс тілінен тікелей аударылған нұсқаны түсініп шығу қиынның қиыны», — дейді депутаттар. Бірақ, соған қарамастан халық қалаулыларының келген жобамен мүмкіндігінше тезірек танысып, оны мақұлдап, дауыс берулері тиіс. Ұзын-сонар, шұбалаңқы жобаларды оқу Мәжілістің табалдырығын алғаш аттаған жас депутаттарға оңай болмай тұр. Сондықтан, өз қалталарынан ақша шығарып, кеңесші жалдайтындар да бар екен.
АЗАМАТ ӘБІЛДАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «АҚ ЖОЛ» ХДП МҮШЕСІ:
— 2-3 рет оқып шығамын. Бірақ көп нәрселерін бір, екі, үш рет оқып шыққаннан түсіну мүмкін емес. Сол үшін өзіме консультанттар бар. Көмектеседі, мысалы өзімде үш көмекшім бар. Парламенттен біреу берді, үш көмекшіні консультант қылып өзім алып жүрмін. Ақшасын өзіміз төлейміз. Бір заң жобасын құр оқып шығу үшін екі күн кететін шығар. Ол бір кітап сияқты.
Ал кітап оқу әсіресе күрделі жазылған кітапты оқудың қиыншылығын айтқан депутаттарға біз бір заңның өзін емес, тек тақырыбын ғана оқып беруін өтіндік. Міне, мысалға:
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әртүрлі заңнамалық актілердің құқық нормалары арасындағы қайшылықтарды, олқылықтарды, коллизияларды және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін нормаларды жою мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде»
22 жылдан бері елімізде тек бір заң, яғни, тек «Көші-қон туралы» құжат қазақша жазылған. Ал, жарғыларды жазып, реттеуі тиіс Әділет министрлігі әне-міне деп созып жүр. Талап күшеймейінше түк шықпайтынын ашынып айтып отырған заңгерлер, төл тілімізде заңнама жазатын орталық ашылып, өз үлестерін қосуға асығып отырғандарын жеткізді.
http://ult.kz/kz/article/view?id=1109