АЛТЫНОРДА
Новости

27 жастағы батыр ана әлі баспанасыз жүр

Астана. 25 ақпан. Baq.kz Естеріңізде болса, өткен жылы Қызылорда қаласында 26 жастағы Назира Сабырәлиева есімді көпбалалы батыр ана тұратынын «Халық сөзі» га­зеті («26 жастағы батыр ана баспаналы болсам деп армандайды», 22.05.2012) жазған болатын.

Халықаралық отбасы күні қарсаңында сол кездегі қала әкімі Мархабат Жайымбетов шаһардағы 15 көпбалалы ананы алтын және күміс алқамен марапаттағаны да ел есінде болар. Осы 15 отбасының ішінде жас та болса жеті бала тәрбиелеп, еліміздің демографиялық ахуалын арттыруға өз үлесін қоса білген батыр ана күміс алқа тағынып, барша жамағаттың алғысына бөленгені бар.
Сол уақытта көпбалалы жас ананың кенже баласының 1 жасқа келмегендігі ескеріліп, алтын алқа мен баспананың күзге таман берілетінін қала әкімі уәде еткен-тін. Бұл қуанышты хабарды да Назира «Халық сөзі» арқылы жария еткен. Алайда әлі күнге дейін көпбалалы ананың бұл асқақ арманы орындалмай келеді. Мұны Назираның енесі Гүлханыс Есенова апа бізбен арнайы хабарласып айтты.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі кейіп­керіміз Назира Сабырәлиева 1986 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. 2000 жыл­дан бері Қызылорда қаласында жұбайы Самат Аязбаймен және қайын енесі­мен бірге аядай төрт бөлмелі пәтерде жеті бала тәрбиелеп өсіруде.
Тәңірдің сыйына бөленген отбасын­дағы жеті баланың үлкені бүгінде 6-сы­ныпта оқыса, кенжесі бір жастан асқан. Анасы Назира «Жас өркен» колледжінде бастауыш сынып мұғалімі маман­дығы бо­йынша білімін шыңдауда. Алла бұ­йырт­са, 2014 жылы оқуын тәмәмдамақ. Ал отағасы жеке көлігімен адам тасып, күнделікті нәпақасын айыруда. Қайын енесі болса көп жылдар бойы ауруханада психолог болып жұмыс істеген. Бүгінде зейнетке шығып, немерелерін тәрбиелеп отырған жайы бар.
Жоғарыда айтқанымыздай, көпба­ла­лы отбасына қала басшылығы тарапынан алтын алқа мен баспананы сол жылдың аяғына дейін беру жайы айтылғанымен, бұл сөз күйінде қалып тұр. Гүлханыс апайдың айтуынша, бір топ батыр анаға алтын алқа өткен жылдың күзінде, яғни қала әкімінің айтқан мерзімінде бе­рі­ліпті. Сол шараға қатысқан Назираға бел­гісіз себептермен мұндай қамқорлық көрсетілмепті. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудан қағажу қалған батыр ана қала әкімдігінен мұның мән-жайын сұрастырып көрмек болыпты. Алайда қала әкімшілігі қызметкерлерінің бірі оған алтын алқа мен баспананы сол кездегі облыс әкімі Болатбек Қуандықов салтанатты түрде өз қолымен табыс ететінін, сол себепті аз-кем күте тұруын айтып шығарып салса керек.
– Күте-күте өткен жыл артта қалып, 2013 жыл да табалдырықтан аттады. Төзімімізді сабырға серік етіп жүр­ге­німізде облыс пен қала әкімі қызмет­терінен ауысып кетті. Енді жаңа қызметке кіріскен жаңа әкімдерден қандай қолдау күтерімізді білмей дал болып жүрген жайымыз бар, – деп бізге мұңын шағады жеті баланың әжесі.
Жуырда ғана күтпеген жерден қала әкімшілігінен қоңырау түсіп, Назира арнайы шақыртумен сонда барыпты. Әкім­шілік қызметкерлерінің бірі оған дейін облыс әкімі өз қолымен табыстайды деп өткен жылы бермей, сейфте бірнеше ай бойына шаң басып, иесіз жатқан алтын алқасын батыр анаға табыс етеді. Ал бас­пана жайында жұмған аузын ашпаса керек. Н.Сабырәлиева мұның мән-жайын баспананы беруге уәде еткен сол кездегі облыс және қала әкімдері басқа қызметке ауысып кеткендіктен, алтын алқаның өзін беруге мәжбүр болып отыр деп топшылайды.
Қазіргі уақытта көпбалалы отбасының бас ауруы баспана жайы болып тұр. Осы күнге дейін жеке үйге қолдары жетпей, бір ағайынның ипотекаға алған төрт бөлмелі үйін паналап келген еді. Ай сайын 50 мың теңге көлемінде ақша төлеп келген отбасы соңғы екі-үш айда банкке берешек қары­зын да өтей алмай отырса керек. Соның салдарынан банк қызметкерлері тарапынан үйді қайтарып алатыны туралы ескерту жасалыпты. Осы жайында айтқан Гүлханыс апа: «банк қазіргі баспанасын қайтарып алса, келінім мен балам жеті немереммен далада қала ма?» – деген қорқынышын жасырмады.
Айтпақшы, қарт әже тағы бір сөзінде, бұған дейін басқа батыр аналарға баспана берілер уақытта әлдекімдер жеті баланың анасы Назираға хабарласып елу немесе жүз мың теңге көлемінде ақша берсе, көп ұзамай армандаған үйіне қол жеткізуге мүмкіндік туып тұрғаны жайында кеңес бергенін ашына айтты. «Ау, сонда батыр анаға берілетін баспананы да пара арқылы аламыз ба?», – дейді Гүлханыс апа.
Пәтер ақысын төлей алмай қаржыдан қиналып жүрген көпбалалы отбасының баспанадан басқа қиындығы да жоқ емес. Соның ішінде «Жас өркен» колледжінде оқып жатқан батыр ананың оқу ақысы да осы күнге дейін қалталарына салмақ салып келген болатын. Алайда жуырда колледж директоры Мейрамбек Исаевтың ықпалымен Назира мемлекет тарапынан тегін оқитын бөлімге ауыстырылыпты. Осының өзіне шүкіршілік еткен қайын енесі колледж басшылығына риясыз алғысын білдіреді.
Ал баспана жайын ойлап, бас ауыртып жүрген отбасының ендігі үміті қызметіне енді ғана кіріскен жаңа әкімдерде болып тұр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ
Қызылорда

Халық сөзі