АЛТЫНОРДА
Новости

3 миллион гектар жердің иесі жоқ па?

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Ауыл шаруашылығы айналымындағы жер телімдерін түгендеу жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталды. Осының өзі-ақ иен байлықтың біразы иесіз, еш кәдеге жаратылмай текке жатқанын анықтап берді.

Қазақстан Республикасының аумағы 272,49 миллион гектар болса, соның 222,24 миллион гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер екен. Мұның 29,41 миллион гектары – егістік, 0,12 миллион гектары – көп­жылдық екпе шөптер, 5,16 миллион гектары – шабындық, 187,55 мил­лион гектары – жайылымдық жерлер. Солай бола тұра, осынша жердің, яғни ауыл шаруашылығы мақ­са­тындағы жалпы жер көлемінің тек 4 пайызы немесе 91 миллион гектары ғана ауыл шаруашылығы айналы­мы­на тартылған. Үкімет отырысында осы ауыл шаруашылығы жерлерін түген­деу жұмыстарының бірінші кезеңінің қорытындылары туралы баяндаған өңірлік даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскен­баевтың айтуынша, мұндағы діттеген мақсат – жер телімдерінің ресми есептік деректерге сәйкестігін тексеру, сондай-ақ олардың қазіргі жағдайын зерделеу және тиімді пайдалану бойынша ұсыныстар әзірлеу.

Жалпы, түгенделетін жер көлемі мен жүргізілетін жұмыс ауқымы орасан болғандықтан, Үкімет бұл шаруа­ны үш жылға (2012, 2013, 2014) бөліп атқаруды жөн көрген. Соған орай, 2012 жылы жер түгендеу ісі 31 миллион гектар­дан астам аумақта жүргізіліп, Алматы мен Астана қала­ларын қоспағанда, бар­лық өңір аумағының үштен бір бөлігін қамтыпты. Нәтижесінде аграрлық секторда жұмыс істейтін шаруашылық субъектілерінің санын­дағы айыр­машылық олардың атаулары мен шаруашылық нысан­дарының өзге­руіне байланысты деректерге, тиесілі жер учаскелерін пай­даланбауға, ал пайдаланыстағы жер көлемдерінің есептік мәлімет­терге сәйкеспеуіне, суару желілерінің техникалық жағ­дайы мен жайы­лым­дықтарды сулан­дыруға байланысты таяқ ұшын тікелей жергілікті әкім­дік­терге тірейтін көп­теген мәселе «су бетіне» шыққан.

 Мансұр ХАМИТ (фото)

Бұл ретте санға жүгінсек, пайда­ла­нылмай отырған  ауылшаруашылық ал­­қап­­­тары 3 миллион гектарға жуық алаң­да  анықталса, соның шамамен 400 мың гек­тардан астамы егістік санатындағы жер­лер екен.

«Пайдаланылмай жатқан жертелім­дері­нің 50 пайыздан астамы, бұл шамамен 1,5 миллион гектар, шаруа қожалығын жүргізуге арнап берілген. Соның 407,3 мың гектары – егістік жерлер санатында», – деп нақтылайды Қ.Өскенбаев. Демек, осын­шама жер пайдаланылмай жатқан­дық­тан, не иесіне, не мемлекетке  бақыр тиын  табыс әкеліп жатқан жоқ деуге бола­ды. Әрине, мұның түрлі себебі  де бар екені анық. Мысалы, осы 400 мың гектар­дың тең жартысына жуығы  өнімділігі тө­мен жер саналады. Бұл тұста  судың, яғни  су көздері мен суландыру жүйелерінің жет­кіліксіздігін де басты проблемалардың бірі ретінде айтуға болады.

Дей тұрғанмен,  жердің пайдаланылмай жатуының тағы бір себебі оның иесіз қа­луы­мен де байланысты сияқты. Өйткені осы түгендеу барысында  жұмыс істеп тұр­ған шаруа, фермерлік қожалықтардың  нақ­ты саны мен ресми  тіркеудегі  мәлі­меттердің сәйкеспеуі әсіресе Оңтүстік Қа­з­ақ­стан және Алматы облыстарында   айтар­лықтай көп анықталған.

Әкімдер өз аумағындағы шаруа қожалықтарының нақты санын білмейді

Мұны Қайырбек Өскенбаев  аталған өңір­лерде  ұсақ шаруа қожалықтарының көп­тігімен түсіндіргенімен, Үкімет басшы­сы Серік Ахметов бар гәп  жергілікті билік орган­дарында жатқанын қадап айтты. «Өңір­лік даму министрлігінің ақпараты бо­йынша, Алматы облысында 18510 шаруа-фермерлік қожалық бар. Бірақ түгендеудің бірінші кезеңінің өзі-ақ айырма алшақтығы 2 мыңға таяйтынын көрсетті. Сонда статис­тика қалай жұмыс істейді? Әкімдер не істеп отыр? Іс жүзінде 1800-ге жуық шаруа қо­жалығы қағазда болғанымен, санда жоқ. Олардың атында жертелімдері бар. Егер өз аумағында нақты қанша шаруа қожалығы барын білмесе, әкімдер қалай жұмыс істеп отыр? Есепке алуды бақылау жоқ. Түген­деу­дің екінші кезеңі тағы қаншасын анық­тайды?» – деп сауал тастаған Серік Нығ­мет­ұлы әкімдердің жауапсыздығына қатты түйіл­ді.

Жердің әр гектары әкімнің есебінде болуы тиіс

Жертелімдерін түгендеу барысында анық­­талған, пайдаланылмай жатқан  егіс­тік жердің ең көбі Солтүстік Қазақстан облы­­сында екен. Үкімет басшысы облыс әкі­мі Самат Ескендіровке: «Сіздің облыс бо­йынша пайдаланылмай жатқан егістік алқаптың ең көп көлемі анықталып отыр. 100 мың гектардан асады. Не істемек­­сіздер?» –  деген сауал тастаған еді.

Облыс әкімі 102 мың гектардың 52 мың гектары оны  пайдаланбаған субъек­ті­лермен жұмыстан кейін биыл айналымға  қосы­лып жатқанын,   ал 40 мың гектар жер мәжбүрлік жолмен қайтарылатынын және 2 мың гектар  иесіз жерлер есебіне алын­ға­нын  мәлімдеді. Алайда ол жерлердің артында заңды тұлғалар тұрғандықтан, 50 мың гектарды ауыл шаруашылығы айна­лы­мына қоса салу оңай болмайтынын, олар­мен соттасудың өзіне жылдар кететінін еске салған Үкімет басшысы заңнамалық-ұйымдастырушылық  жұмыстарына жіті болу қажеттігін тапсырды. «Бұл – жалғыз Солтүстік Қазақстанға ғана емес, бүкіл об­лыс­тарға қатысты мәселе. Ауыл шаруашы­лы­ғы  басты салалардың бірі болып сана­ла­тын аймақтарда жердің әр гектары әкім­нің есебінде болуы тиіс! Бұл әсіресе өсім­дік шаруашылығын әртараптандыру міндеті қойылып отырғанда  аса маңызды», – деп атап көрсетті.

Құдықтың да қамын ойлаған жөн

Суару жүйелерінің де техникалық жағ­дайы мәз емес. Бүгінгі күнде өңірлердегі суару жүйесінің тозуы 70-80 пайызға жет­кен. Яғни бұл мәселемен іс жүзінде ешкім ай­налыспай отыр. «Бізде  есепке алынған  құдық­тардың  саны  шамамен 4 мың. Олар­дың 70 пайызы  тозған (бітелген). Бұл деге­н­іміз мал шаруашылығы үшін қажет қой. Құбырлы құдықтардың саны кезінде 4 мың­нан асатын. Қазір соның небәрі 12 пайызы ғана пайдаланылады. Ашық су көздері мен бұлақтар тағысын тағылар туралы айтпай-ақ қояйын. Іс жүзінде өңір­лер­де бұл мәселемен ешкім айналысып отыр­ған жоқ», – дейді Үкімет басшысы. Қай­та жаңғыртуды қажет ететін суландыру жүйе­леріндегі орташа тозу 75 пайыздан аса­тынына тоқталған С.Ахметов: «Сон­дық­тан түгендеудің бірінші кезеңі аяқта­лы­сымен Өңірлік даму министрлігі және Ауыл шаруашылығы министрлігі  салалық және өңірлік бағдарламалар әзірлеуді бас­тауы тиіс», – деген тапсырмасын да берді.

Ал, жалпы, ауыл шаруашылы жерлерін түгендеу ісіне қатысты  Премьер-министр Өңірлік даму министрлігіне бұған дейін жіберілген қателіктерді ескере отырып, екінші кезеңнің дайындығына кірісуді жә­не әкімдерге жертелімдері мен шаруа қо­жа­лықтарының санына байланысты сәй­кес­сіздіктерді жоюды тапсырды.

Автор: Айбын БАҚЫТҰЛЫ

 

http://alashainasy.kz/main/41835/