Қадірменді оқырман! Өздеріңіз білесіздер, «ҚазАйтыс» сайтының ресми электронды пошта жәшігінен Дәурен Қуат мырзаға қоқан-лоққы жасаған, отбасы мүшелеріне қауіп төндірген хат келген еді. Осы жайт қазақ баспасөзінде қызу талқыланып жатыр. «Аққа құдай жақ». «Абай» порталының авторлары да ой-пікірлерін ортаға салды.
Қуандық Шамахайұлы, журналист:
Халық алдында ашық айыптап, тиісті жазасын бергені ләзім
Менің байқауымша, Kazaitys.kz сайты маңындағы жігіттердің көбі бұрын «Намыс» деп аталып, кейін жабылған, кілең айғай мен сүрең, ұрда жық мақалалары басымдау болған бір журналдың маңында жүрген жігіттер секілді ғой. Жалпы, азаматтардың позициясын ғана емес, мінез-құлқын, ой өрісін жазған мақаласына қарап тануға болады. Бұл тұрғыдан келгенде, сол бір мұртсыз Һәм сақалды жігіттердің бейтараптылықтан гөрі сыңар езулікке көбірек тым үйір екендіктері аңғарылғандай болып тұрады. Енді, ішінара тәуірлері де бар шығар, бәлкім, менің көзіме түспеген болар. Ал, енді пікірталастың соңы айбар шегуге, қорқытып-үркітуге ұласып жатса, ол – барып тұрған надандық емей немене?! Осының өзінен-ақ өзгенің қарсы пікіріне төзбеушілікті, біреудің көзқарасы мен позициясын сыйламаушылықты, диалогтан гөрі дойырға қарай ұмтылатын ортағасырлық жабайылықты көруге болады. Оның сыртында демократия мен сөз бостандығының мәдениетін білмейтін, публицистің этикасынан бейхабар рухани соқырлықтың және бейкәсібиліктің белгісі. Жалпы, бізде БАҚ, портал атаулының көбеюінің жақсы жақтары көп болғанымен жағымсыз тұстары да қылаң беріп жатыр. Еркін пікір, алуан түрлі ой қоғамдық дамуға өзінің елеулі үлесін қоса алады. Бірақ, кім көрінген қажетті-қажетсіз шимай-шатпақтарымен жұрттың басын қатырып, мезі қылатын болса, оның кері тұстары да болмай тұрмайды. Ондай жандайшап дөрекі жазғыштар «айттым бітті, кестім үзілдіге» салып өздерін қоғамдық пікірдің қожайыны сезініп, тым астамсып кететіндері бар. Дәурен Қуатқа сес көрсетіп, қоқаң-лоққы жасап жүргендер дәл сондай дүмбілез анайы жазғыштар. Ондайларды дер кезінде әшкерелеп, аяусыз сынға алып, жөнге салған абзал.
Меніңше, бұл әрекетке Құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғай алады. Арнайы кодекс те бар. Оның сыртында еліміздің негізгі заңы Конституция бойынша да азаматтарымыздың жеке басының қауіпсіздігіне кепілдік берілген ғой. Дәурен Қуат өзінің кәсіби қызметін мінсіз атқарып жүрген азамат. Ол сонда өзінің қоғам алдындағы парызын өтегені үшін неге қайдағы бір надан тағылардан сөз естіп, құқай көріп жәберіленуі керек?! Азаматтың құқығын бұзып, әріптесіміздің өзімен қатар отбасына қауіп төндіріп отырған мұндай сорақылық бәрімізді де алаңдатуға тиіс. Егер үнсіз қала берсек, ол бұзақылар одан ары есіріп кетері анық. Сондықтан, құқық қорғаушылар оны дереу тауып халық алдында ашық айыптап, тиісті жазасын бергені ләзім.
Сол арқылы оларды демократиялық мәдениетке, өзгенің ой, пікірін сыйлауға, өркениеттілікке шақыруымыз керек. Олар да өз кезегінде кінәларын көп алдында ашық мойындап, ат-шапан айыптарын төлеп, аяққа жығылулары керек. Егер оған көнбесе, ондай порталдың барынан жоғы артық. Заңдық негіздерге сүйене отырып жауып тастаған орынды болады.
Серік Ерғали, мәдениеттанушы:
Бұған атүсті қарамай, ақпараттық-психологиялық лаңкестік ретінде реакция беруі керек
«Абай-Қазайтыс» тартысын қоғамдағы елеусіз нәрсе деп, тіпті, екі сайттың басшылығы арасындағы жайт ретінде «байқамауға» болар еді… Егер де «Қазайтыс» поштасынан Дәурен Қуат (оны бас редактор емес, азамат ретінде қарайық) тарапына қоқан-лоққы, психологиялық басқын болмағанда. Бұл – бір көшедегі жай ғана басбұзардың қылығы емес, қазақ қоғамындағы үдеріс пен үрдісті қамтыйтын жайт. Және де осы оқиға қарсаңында «ауғандық» қос батырдың әңгімеге саяси мән беріп, өз деңгейіне қойуы — көптен болмаған саяси әрекет әрі кәсіпқой саясатпен айналыспаса да, ел мен ұлтқа лаң салар жағдайды дер кезінде көре білгендері, халықтың сөзін сөйлей алғандығы. Біздің ойымызша, Абай.кз соңғы айтыс туралы материалды басқанда да өзінің тұжырымдамасына сәйкес, қоғамдық пікірді дөп басып жария етті. Оған бас редактор Дәурен Қуаттың жеке көзқарасының ешбір қатысы жоқ! Есі дұрыс кез келген басшы өз БАҚ-ның тұжырымдамасына (концепция) сәйкес барынша объективті материалды жария етуге әрі қақылы, әрі міндетті. Әйтпесе, ондай БАҚ-ның ешкімге керегі болмай қалады. Ал, тартыс тудырған мақалада мөңкитіндей нәрсе болса да, жағадан алатындай, заң бұзып, біреуге шантаж жасауға итермелейтін ештеңе жоқ. Оған дәл сондай мақаламен, жұрттың уәжімен, пікірімен қарсы тұру керек еді, соған сауат пен мәдениет, әдеп қажет еді. Жігіттер бақан мен қаламды шатастырып алыпты… Сөзімнің басында келтіргенімдей, бұл қоғамдағы үрдіс пен үдерістің салдары болғандықтан, елдің билігі бұған атүсті қарамай, ақпараттық-психологиялық лаңкестік ретінде реакция беруі керек. Тиісті заң қабылданып, қоғамдағы үрей мен басқын туғызар факторлардың алдын алатын жүйе қажеттігі қаралсын. Бір жағынан қоғамға ақпарат тарататын көздердің сауаты мен мәдениеті, тазалығы, әдептігін арттыратын шаралар жасалуы керек.
Мырзан Кенжебай, ақын:
Не өздері тоқтатуы керек, не Халық болып тосқауыл қоюымыз керек
Айтыс халқымыздың ең қасиетті өнерінің бірі еді. Айтыс десе Ә.Кердерінің Нұрым молдамен, Кемпірбайдың Шөжемен, Сүйінбайдың Күнбаламен, Майлықожаның Құлыншақпен т.б айтыстары еске түседі. Айтыс ешуақытта қазіргідей жоспарлы түрде өткізіліп отырған емес. Қазір айтыс оны ұйымдастырушы мен алдын ала дайындалып келетін айтыскерсымақтардың бизнесіне айналғалы көп болды. Бұл туралы талай айттық та, жаздық та. Бұған дейін М. Әуезов, М. Байділдаев, Ә. Қоңыратбаев сынды ғұламалар талай көтерген айтыстың Жүрсін Ерманов атасы атанды. Бүгінгі айтысты айтыс дегеннен гөрі үйден дайындалып келген салғыласу десе болады.
Енді Бекболат Тілеуханов айтысқа араласа бастады. Бекболат әп дегеннен Қазанғаптың «Көкілін» «Қайран да менің Еділім» деп, адайлардың «Көгентүп» деген күйін «Күлдір-күлдір кісінетіп» деп өзінің әндері қылып айтып, өнерге, әруақтарға қиянат жасаудан бастады. Оны мен теледидарда бір кездесуде өзіне айтқанмын. Жақында оның Ғ.Құрманғалиевтің әнін «жекешелендіп» алғаны туралы масқара мақала шықты. Ол ұрлығы дәлелденді. Бір таң қалатыным: осылар өздері туралы адам ұялатын қанша пікірлер жарияланып жатса да түк болмағандай елдің алдына шығып, әлдебір көсемдіктерді айтып отырады. Соларға қарап, елімізді арсыздық пен ұятсыздық жайлап бара ма деп те қорқамыз. Мұндайларға сын айтсаң, бөрінің артындай шуылдап шыға келеді. Енді Дәурен Қуатты бала-шағасымен қосып қорқытуы әбден мейманасы тасып, тойынғанды көтере алмаудың нақты дәлелі ғой деймін. Жалпы, ән-күйімізге, киелі өнерімізге қиянат жасауды Бекболаттар не өздері тоқтатуы керек, не халық болып оларға тосқауыл қоюымыз керек.
Ұларбек Дәлей, ақын:
Бұл — Ұлы Қазақияның болашағына қауіп төндіретін барып тұрған жексұрын ұстаным
Бұл бастабында «Абай.кз» сайтында жарық көрген Алтай Бұхарбаевтың мақаласынан кейін тұтанған дау ғой. Көп өтпей «Қазайтыс» сайтынан Дәурен Қуатқа қарсы «Дедің-ай ау, Дәурен Қуат» деген дәлелсіз мақала жарық көрді. Жарық көрді де, қаншама адамның назарын аударды һәм қарсылығын тудырды. Оны жазып отырған адамдар шынымен Алланың ақ жолын ұстанған, шынымен адамдық жолына бекінген болса, Дәурен Қуатқа, Абай атаның жолын ұстанған, күллі қазақияның мұңын мұңдаған «Абай.кз» сайтына тіл тигізбеген болар еді. Олар шынымен ақиқатты, Алланы сыйлайтын болса, еш кінәсі жоқ Дәуренге «мұндар», «антұрған» деп тіл тигізбеген болар еді.
Өйткені, сол «Қазайтыс» сайтының айтқаны шын болса, Дәурен Қуат осынау сайт атын жамылған сақалдыларға, салафиттерге: «Сендердің идеологияларыңды дәріптейміз, Қазақтың салт-дәстүріне жалғасты қарсы тұрамыз» деп қашан ант беріпті?!
Олар алдымен, соған жауап беруі керек.
Келесі бір баса назар аударатын нәрсе (үшінші бір топтың арандатуы болуы мүмкін деген ой да келеді екен.) оларға, «Қазайтыс» сайтына Дәурен Қуаттың жеке поштасына хат жазып, үрей тудыратындай, жеке өміріне, отбасына шүйлігетіндей құқықты кім беріпті? Бұл дегеніміз, демократтық, зайырлы бағыт ұстанған, Елбасымыздың саяси бағдарына нық сенім артып (биліктің кейбір қате қадамдарын есепке алмағанда), ертеңгі күнге батыл қадам тастаған осынау Ұлы Қазақияның болашағына қауіп төндіретін барып тұрған жексұрын ұстаным, психологиялық қысым екені даусыз!
«Қазайтыс» сайтының һәм «Абай.кз» сайтының артында қаншама халық тұрғанын көзі ашық, кез-келген адам бағамдап отыр.
Сөзді қысқарта келгенде, «Көзіңді кеңірек аш, сабырға кел, Қазайтыс! «Берекесі кеткен елді бес қарақшы белден басады», ел ішіне бүлік салмай, сыртқы жауға ортақ қарсы тұрайық!» дегім келеді.
Abai.kz