АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Абақтыда атылған арыстар әлі күнге атаусыз қалуда

1-640x421 (1)Созақ – Сарысу көтерілісіне – 85 жыл

«… Иман Жүсіп кешегі Кеңес заманында колхоздастыру кезеңі келіп, Созақта сайқал саясатқа қарсы көтеріліс болғанда, сол көтеріліс көсемдерінің біріне айналған ғой. Көтеріліс күшпен басылғанда, Әулие-Атаның маңында большевиктердің қолына түсіп, қала шетіндегі Қарасу бойында «халық жаулары» атылған орда есіл ердің сүйегі қалды.

 Басына барып, дұға оқитын белгі жоқ: Қарасу бойы қаптаған үйлер. Қай үйдің астында қалғанын Құдай біледі…»

Шерхан МҰРТАЗА, «Бір кем дүние»

Совет өкіметі орнаған алғашқы он-онбес жыл бойы ірі-ұсақты қарулы қар­сылықтарға тап болғаны тарихтан бел­гілі. Кең байтақ «РСФСР» деп атал­ған елдің барлық аумақтарында жаңа құрылымға қарсылық көбейіп тұрды. Өзгелермен салыстырғанда ты­ныш жатқан қазақ халқы да өкі­мет пен үкіметтің 1927-1930 жыл­дары байларды тәркілеу туралы қабыл­даған әртүрлі шешімдерінен кейін қолына қару алып, жаңа құрылымға қар­сылық көрсетуі өршіді. Қазақ дала­сының барлық өңірлерінде жап­пай наразылық оты тұтанды. Солардың ішіндегі ең ірісі Сырда­рия округінде болды. Ол кезде округке қазіргі Қызылорда, Оңтүстік Қазақс­тан, Жамбыл облыстары және Қа­ра­ғанды облысының Қарсақпай өңірі қарайтын. Осы аймақтардың бәрін­де совет өкіметіне қарсы еруіл­дер мен наразылықтар қарулы кө­те­рі­лістерге ұласты. Солардың ішін­де Қызылорданың Қармақшы, Қазалы, Шымкенттің Бостандық, Созақ, Қарсақпайдың Байқоңыр, Әулиеатаның Сарысу өңірлерін қамтыған көтерілістер болды. Бұл көтерілістер туралы белгілі тарихшы Талас Омарбеков, жазушы Бейбіт Қойшыбаевтан бастап кітап та, зерттеу мақала жазғандар да көп. Мен соларда айтылмаған, жазылса да толық жеткізілмеген деректерді ғана оқырмандарға ұсынуды мақсат еттім.

Жамбыл облысының мемлекеттік мұра­ғатының – 778 және 11, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік мұрағатының 74 – қорларында Сарысу-Созақ көтерілісіне байланысты бірнеше құжаттар сақталған. Біріншісінде –көтерілістің басталғаны, ол қалай тоқта­тылғаны жөнінде Шымкенттен Алматыға, Москваға жолданған же­­дел хаттардың мәтіні болса, екін­­­шісінде – 1930 жылдың наурыз айының басында Сырдария ок­руг­тік ВКП(б) комитетінің жауапты хатшысы Гурин мен Сырдария округтік ВКП(б) комитетінің тө­рағасы Ақботиннің Сырдария ок­руг­тік партия комитетінің барлық аудан­дық комитеттері мен бастауыш пар­тия ұйымдарына, ВКП(б)-ның бар­лық мүшелері мен кандидаттарына жол­даған жабық хаты.

Көп жағдайларда 1930 жылдың ақпан айының 7-16 аралығында Созақ пен Сарысу жерінде болған көтерілісті тек «Созақ көтерілісі» деп қана атайды. Ал шын мәнінде сол кездегі билік көтерілісті «Созақ пен Сарысу…» деп екеуін қосақтап атаған. Оған жоғарыда аты аталған Сырдария округтік ВКП(б)-нің жергілікті жерлерге және партия мүшелеріне жолдаған жабық хатының «Созақ пен Сарысу тағылымы және біздің міндетіміз» (Уроки Сузака и Сары-су и наши задачи) деп аталуы дәлел. Әрине, билік көтерілісті «көтеріліс» деп айтқысы келмегені айтпасада түсінікті.

Оқырманға түсінікті болу үшін осы көтеріліс туралы қысқаша ғана мағ­лұмат бере кетейік. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдардың соңында қабылданған байларды тәркілеу және жаппай коллективтендіру туралы орталықтың қаулыларына және 1930 жылдың алғашқы айында өткен мұсыл­мандардың рамазан айындағы діни салттарға қатысқандарға айып­пұл салу жөніндегі шешіміне қар­сы­лық көрсеткен Созақ және Са­рысу өңірлерінің азаматтары Сарт Сау­ран­бай деген жерде жиналып, совет өкіметіне қарсы күресу жөнінде ше­шім қабылдайды. Төрт жүзден аса адам қатысқан жиында «Совет өкіметі жойылсын!», «Хан билігі жасасын!», «Қазақ үкіметі жасасын!» деп ұрандап, бұрынғы болыс Сұлтанбек Шолақұлын (кейбір құжаттарда Шалақұлы) ақ киізге көтеріп, хан сайлайды. Ханның дін істері жөніндегі уәзірі болып Асадулла Ыбырайымұлы (деректерде ол Ираннан келген, лақап аты – «Ауған тәуіп» деп аталған), әскер істері жөніндегі бас уәзірі әрі бас қолбасшысы болып Сағындық Шілмамбетұлы белгіленген. Сол сияқты әртүрлі қызметтерге Досжан Әжіұлы, Мырзахмет Базыкен, Имамбек Әлібайұлы тағайындалған. Ертеңіне жұма күні таң намазын оқығаннан кейін бір-біріне «Ханымыз құтты болсын!» дегендер атқа қонып, совет өкіметінің билігін жою үшін ауыл­дарға аттанады. Нәтижесінде аудан орталығы Шолаққорғанды басып алып, ауданның он сегіз басшысын өлтіріп, кеңселерді өртеп, құ­­жат­тарды жойып, жан-жаққа билік хандықтың қолына көшкені жайын­да хабарлар жіберіп жатты. Тап осы кезде округтің Бостандық және Сарысу аудандарында да көтерілісшілер атқа қонды. Сарысу ауданының орталығы Кент – Аралда билік басында отырғандардың басым көп­шілігі көтерілісшілер жағына өтіп, партиялық билеттерін өртеп, бастарына сәлде орап, ханға адал қызмет етуге ант беріп, кешегі жауларының жағына шығып кетті.

Сарысулықтар билікке өте қат­ты наразы еді. Елге сыйлы ірі бай­лар мен бірге орта шаруалар да тәркіленуге ілініп кеткен. Оның үсті­не көптеген ұлттық салт-дәстүрді діни мерекелерге жатқызып, оған қатыс­қандарды жазалау белең алған. Мәселен Сарысу ауданынан сол жылы Қаһу Арғынбаев, Түсіпбек Ықыласов (қобызшы Ықыластың баласы), Өкімбай Арынбаев, Сыздық Отыншиев, Үсіп Шахаев, Әліп Көкенов, Әуесбек Қожантаев, Иманбек Қожантаев, Тойшыбек Жаныбеков, Ақберген Кеңкөзов (аты аталған кісілердің аты-жөнін жазуда әріп қателері болуы мүмкін. Себебі олардың аты-жөні орыс тілінде бұрмаланып жазылған) тәркіленді. Шын мәнінде олардың біразының малы көп болмаған.

Асыра сілтеушілік, жалған мә­лі­­метпен қолдан бай жасау сол кезде барлық жерде орын алған сияқты. Бұған совет өкіметі орнаған алғашқы жылдары Лениннің «Астық үшін күрес – тап шайқасы» деген сөзін басшылыққа алып, атқарушы органдардың алдына нақты міндеттер қою әсер еткендей. Мәселен, 1929 жылы 11-қыркүйекте «Советская степь» газетінде Қазақ ССР Халық Комиссарлары Советінің төрағасы Ораз Исаев: «Әрбір бай, кулак, орта шаруа бәрі 1929 жылдың 1-қазанына дейін артық астықтарын тапсырулары керек. Астық тапсыруға қарсылық білдіргендердің үстінен қылмыстық іс қозғау қажет» деп жазса, Қазақ ССР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Елтай Ерназаров 1929 жылдың 7-қазанында «…бай мен кулакты түбегейлі жою капитализімнің тамырына балта шауып, ауыл шаруашылығын қайта құруға негіз қалайды» деп нақтылады.

Міне, осындай нұсқаулықты бас­шы­лыққа алған жергілікті өкімет ас­тық өспейтін Созақ, Сарысу сияқты өңір­лердің шаруаларына да астық тап­сыру туралы тапсырма берді. Бұл міндетті жүзеге асырудың жол­да­рында көрсетті. Астықты малға айыр­бастап алу жөнінде нұсқау берді. Мұрағат құжаттарында бір қойға – алты келі, бір сиырға – жиырма төрт келі, бір жылқыны бір қап астыққа айырбастауға болатындығын айтты. Міне, осындай нұсқаулардан кейін шаруалар қораларындағы малын еріксіз астыққа айырбастай бастады. Осы істе үлкен белсенділік танытқан Сырдария округі сол жылы астық тапсыруды асыра орындады. Тіпті, сол үшін орталықтан сыйлыққа бірнеше ауыл шаруашылық техникаларын алғандығы жөнінде мәліметтер бар. Бұл өкіметке жаққанымен халыққа ұнамады. Байлармен қоса орта шаруаларды, дін адамдарын қудалау, жазалау белең алды. Осының бәрі халықтық қарулы көтеріліске ұласты. Көтерілістің шығуына бұдан да басқа себептер бар. Оны биліктің өзі айтқан және мойындаған. Ол жөнінде жоғарыда аты аталған жабық хатта нақты айтылған. Оны кейінірек айтамыз. Сонымен не керек ереуілшілерді Ташкенттен, Түркістаннан, Шымкенттен, Әулие­ата­дан, Алматыдан, Кентаудан, Қы­зыл­ордадан жеткен жазалаушы от­рядт­тар аяусыз қырып, жойды. Оқиғаның басы-қасында Қазақ ССР Халық Комиссарлары Советінің төрағасы Ораз Исаев жүргенін жоғарыға жолданған жеделхаттардан білдік.

Осы тұста мына бір деректерді айта кетейік. Созақ көтерілісіне қатысқан 400-500 адам атылды десе, енді бір деректерде 2000 адамның атылғандығы айтылады. Ал Сарысу, Бостандық көтерілістеріне қатысқан адамдардың жазалануы туралы нақты дерек жоқ. Бұларды бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Ал Сарысу ауданының сол кездегі орталығы Кент-Арал (бұл атақты қобызшы Ықылас Дүкенұлының рухы мәңгі сая тапқан Қуарал белінен 25 шақырым жерде болған ауыл. Қазір ол жерде мекен жоқ) адамсыз қаңырап бос қалса, халықтың басым көпшілігі малынан айырылды. Адамдарды билік «көтеріліске қатыстыңдар» деп атты, асты. Бас сауғалап қашқандары қаншама?! Соның салдарынан ақыры Кент-Арал бос қалып, аудан орталығы Саудакентке көшірілді.

Біз Жамбыл облысының мемле­кеттік мұрағатында сақтаулы болға­нымен 1997 жылға дейін құпия болып келген жоғарыда аты аталған жабық, құпия хатта айтылған мәселелер туралы сөз қозғамақпыз. Бұл дерек Созақ, Сарысу және Бостандық көтерілістері туралы деректер мен дәйектерді толықтыра түседі. Хат аудан­дық партия комитеттеріне, ұяларына және барлық коммунистерге жолданған.

«Жолдастар!» деп басталған хаттың алғашқы бөлігінде округте соңғы екі жылда байлар мен жартылай феодалдардың мүлкін тәркілеу, советтерді қайта сайлау, астық, мақта дайындау, көтемгі егіс науқанына дайындық жұмысын жүргізу, ұжымдастыру (коллективтендіру) және кулактар мен байларды тап ретінде жою сияқты жұмыстардың жүргізілгендігін айта келіп, барлық капиталистік элементтер партия мен совет билігіне қарсы шабуылға шығып, кедергі келтіруде дейді. Округтің Бостандық, Созақ, Сарысу аудандары мен Түркістан ауданының Қарнақ қыстағында қарсылық орын алғанын, Алашорданың «қасиетті» ұранымен совет билігіне қарсы шыққанын жазған. «Бостандық, Созақ, Сарысу аудандарында болған оқиғаларды саралай келіп, ВКП (б) округтік комитеті мынаны мойындайды» деп өздерінің тарапынан жіберілген партиялық ұйымдастыру-көпшілік жұмыстары саласындағы кемшіліктерді санамалаған.

Хатта партия ұйымдарының интер­националдық тәрбиеге мән бермеуі салдарынан коммунистердің тарапынан өрескел қателіктерге жол берілгендігі де айтылады. Мәселен, Қарнақ кыстағының кулак-бандыларының қарсылығын тоқтатуға жібергенде Түркістан әскери отрядының командирі отрядқа қазақтар мен өзбектерді алмай­тындығын ашық айтқан. Ұлыдер­жавалық шовинистік және ұлтшыл­дық көзқараста болған командир қазақтар мен өзбектер бандылардан да қауіпті деген. Осыған ұқсас тағы бір мысалды келтіруге болады. Созақ операциясы кезінде орыс коммунарлары шайқас кезінде «тек орыстар ғана өлді» дегенді алға тартып, өздерінің наразылықтарын білдірген. Ал қазақтардың өлімін, көрген зорлық-зомбылығы туралы ауыз ашпайды дейді.

Жабық хатта діни сенімге қарсы насихат өте нашар жүргізілгендігі айтылады. Созақ ауданында молдалар мен ишандар «рамзан айының» көмегімен дихандарды көтеріліске тарта білген деп жазылған хатта. Кейбір кездері билік басындағы адамдар дінмен күресті дұрыс жүргізбейді. Мәселен, Келес ауданының Тоболино неміс селосының ВКП(б) партия ұйымының хатшысы өзінің шешімімен діндарлардың сыйынатын үйін жауып тастаған. Беловод ауданында аудан басшылары астық жинау қызып тұрған кезде шіркеулерді жабу және олардың қоңырауларын алу жөнінде жарыс өткізген.

Көптеген аудандарда билік ба­сын­да отырған партия қызметкерлері халықты тобыр ретінде ғана білген деп атап көрсеткен сол хатта. Саяси-көпшілік жұмыстың мәнін түсінбеген партия қызметкерлері көп екендігі де аталып өтілген.

Шындықты айтқан қарапайым адам­­дарды жазалау да орын ала бас­та­ған. Мәселен Бостандық ауданында се­ло­лық советтің қызметіне сын айтқан кедей шаруаны селолық советтің төрағасы байлардың қатарына әдейі қосып жіберіп, жазалануына жағдай жасаған. Партия ұйымдарының бас­шылары таптық күрестен туысқандық қарым-қатынасты жоғары қойып, социализмнің негізгі қағидаларын ұмытып кеткен.

Созақ пен Сарысуда болған кө­те­ріліс кезінде Созақ аудандық партия және комсомол комитеттері, аудандық милиция бастықтары партия мен совет өкіметіне сатқындық жасап, бандиттердің жағына өтіп, тіпті, қолына қару алып, бізге қарай соғысты деп жазылған хатта. Олар, тіпті, банданың сапына өтіп, ханға ант беріп, исламды қабылдап, ханмен бірге намаз оқып, бастарына сәлде де орады деп жазылған хатта.

Партия ұйымдары мен ком­му­нистерге жолданған құпия хатта жеке­леген басшы коммунистердің тара­пынан келеңсіз істер орын алғандығы да жазылған. Мәселен, көтерілісті басу кезінде қаза тапқандарды жерлеу қа­ралы митингісінде округтік партия коми­тетінде жауапты қызмет істейтін Құлмұхамедов деген коммунист өз еркімен Созақ ауданына қызметке баратынын айтса, ертеңіне партия мен совет билігіне қарсы қаралау және жала жабу сөздерін айтып, Созаққа бармайтындығын мәлімдеген. Сон­дықтан да ол жедел түрде пар­тия қатарынан шығарылып, артын­ша ісі әскери- революциялық три­бу­налға тапсырылған. Сол сияқты «Казгосторг» басқарушысы Баллод пен «Казхимтрест» басқарушысы Усов өздерінің қарамағында жұмыс істей­тін, жауынгерлік операцияға қатысқан коммунарлардың бірінің отбасын қазына пәтерінен шығарса, екіншісі – коммунарларды жұмыстан босатқан.

Хатта Сарысу ауданында қалып­тас­қан жағдай да айтылған. Аудан басшылары көтерілістің басталғанын ести салып, қызмет орындарын тастап, қашып кеткен. Соның салдарынан аудандық партия ұйымының мүліктері тоналған. Сондықтан да хатта оларды көп ойланбастан-ақ қорқақтар мен сат­қындардың қатарына қосуға бо­лады деп жазылған.

Керексіз тарих жоқ. Сондықтан да қан­ша ауыр болғанымен бұл қанды оқи­ғаны бүгінгі ұрпақтың білгені жөн. Себебі біз сөз еткен көтеріліс Тәуел­сіздікке жету жолының аса бір ауыр кезеңі. Совет билігіне, оның ішін­де колхоздастыруға қарсылық хал­қымыздың тарихында аса ауыр, қай­ғылы саяси қуғын-сүргінге ұласқанын да білгеніміз жөн.

1930 жылы Созақ пен Сарысуда, Бос­тандық пен Қарнақта орын алған қанды қырғын өңірлердің көптеген зиялы қауымын жойып жіберді. Құран оқи алатындардың бәрі атылды, қу­да­лауға түсті. Сол есіл ерлердің ара­сында қазақ халқының белгілі ақы­ны, әншісі, сал- серісі Иман Жүсіп Құтпанов қазіргі Мойынқұм ауданының Ұланбел ауылында дихан­шылықпен айналысып жүрген. Туған жерде большевиктерден тепкі көріп, Бетпақдаланың өтінде көзден таса жүрген Иман Жүсіп Сарысу көтерілісінде ұйымдастырушылардың бірі болғаны тарихтан белгілі. Міне, осы ерді де сол қанды қырғын жалмады. Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза әркез бұрынғы Жамбыл қаласында түрмеде азапты күндерін өткізіп, ақыры атылған Иман Жүсіптің көмілген жеріне белгі қоюды айтып жүр. Бірде халық жазушысымен бірге Айша бибі ауылының көпті көрген, көңіліне түйгені мол ауыл ақсақалы Сұлтан Әзімбекұлына барып жолығып, ашаршылық туралы әңгіме қозғадық. Шераға алдымен Сұлтан ақсақалмен екеуара әңгімелесіп, «халық жауы» деп атылған әкесі туралы сұраған. Сол күні Сұлтан ақсақал Әулиеата түрмесінде Сарысу көтерілісіне қатысқандары үшін атылғандарды және аштықтан қырылғандарды қаланың шетіндегі жыраға көмілгені жөнінде әңгімелеп еді. Содан бері көп жыл өтті. Шерағаң міне сол ақсақалдың әңгімесіндегі деректерді негізге алып, Тараздың батысынан қалаға кіре берістегі сайға саяси қуғын-сүргінге ұшырап, атылып, көмілгендерге белгі қоюды айтады.

1930 жылы болған Сырдария округіндегі ұлт-азаттық көтеріліс деңгейіне дейін көтерілген көтерілістің тарихи мәні мен маңыздылығына саяси баға беріп, оның ерлеріне құрмет көрсететін уақыт жетті. Сол жылдары бүкіл елімізде совет өкметіне қарумен қарсылық көрсеткенімен басы бірікпеген оларды жеке-жеке аяусыз басып, жаншыды. Сол көтерілістер тәуелсіздік үшін арпалысқан шайқастардың бір тарауы. Сондықтан да әрбір ұлт-азаттық көтерілісі өз бағасын алуы керек.Тарихтың тағылымы мәңгілік болуына ұмытпауымыз керек.

Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ, жазушы-мұрағаттанушы. Тараз