АЛТЫНОРДА
Новости

Абылай сұлтан тұтқыннан қалай шықты?

zhasorken.kz«Тауарих — дәлдікті, дәледі білдіртетін, содан мәлімет беретін ілім. Ал оның һәммасын шола алмағанда, шикі ішекті қырынымен, тоқ ішекті тоғысымен жұртқа қайнатып бергендей болмақты» — деп Қазыбек бек Тауасарұлы жазғандай тарихи әңгіменің жүгі ауыр, ол көркем шығарма емес, ел аузындағы «жаман жерін жасырып, жақсы жерін асырып» айтатын аңыз-әңгімелерді шамамыз келгенше сол кезеңдерге қатысты дереккөздермен сабақтастыра қараған абзал. Ұлттық рухты көтеру мақсатында туындайтын көркем туындыларды дереккөздерден бұрмалап, өзімізге ыңғайлап, асыра сілтеудің ақыры қалай боларын болжау қиын. Осы мақсатта жоғарыдағы тақырыпты дереккөздер арқылы тарқатып көрсек. 

1730 жылғы Кіші жүз ханы Әбілқайырдың Анна Иоановнаға қосылуын қалап жазған өтініш хатынан кейін, 1738-1742 жылдары Орта жүз бен Кіші жүздің төрт жүздей беделді тұлғалары мен старшын, сұлтандары орыс билігінің қол астына қарайтындықтарын мойындады. Бірақ олардың көпшілігі Галдан Цереннің «…Сендердің орыстарға сенім артуларың бекершілік, біздің қалмақтар қажет болса, кез келген күні соғыс ашып, соққы береді!» — деген қоқан-лоқысынан қаймығып және басқа да жағдайларға байланысты орыс патшалығының қол астына қарай тұра, жоңғар ордасына да «алымдарын» төлеп, «аманаттарын» жіберіп, тұрып жатты. Орыс билігіндегілер қазақтардың жоңғарлармен біріксе, үлкен күшке ие боларынан қауіптенді және Еділ бойындағы қалмақтардың да жоңғарлармен жақындасқандығын қаламады. Осындай жағдайларды болдырмау мақсатында қазақ билігіндегі беделді тұлғаларға «пірәндіктерін» беріп, өздеріне тарта бастады. Қазақ би-сұлтандарының көпшілігінің беті ары қарап бара жатқандығы Галдан Церенді қатты қынжылтты, ол да қарап қалмай, саяси сый-сияпатын көрсете бастады.

«Аңшылықта жүрген екі топтың арасындағы келіспеушіліктен туындаған жекпе-жекте» Абылай сұлтанның Шарышты өлтіргендігі белгілі. Сол оқиғадан соң Галдан Цереннің арнайы әмірімен Абылай сұлтан тұтқынға алынады.

Орталық Азия мен қазақ жерінде саяхаттаған, олардың тыныс-тіршілігімен таныс, қазақтардың беделді тұлғаларымен жүздескен Пенза горнизоны полкінің майоры Карл Миллер басшылық еткен елшілік құрамында, прапорщик Пазухин, аудармашы Ерофеев, геодезист Тохтаров, капрал Дмитриев алты казак жасағымен, Орынбордан еліне қайтып бара жатқан ойрат елшілері Кашка және Боранг бар, орыс дипломатиялық миссиясы үшінші қыркүйек 1742 жылы, Кіші жүздің сұлтаны Ералының қолбасшылығындағы сайыпқырандардың қорғауында Жоңғарияға қарата жолға шығады. Елшіліктің негізгі атқарар міндеттері төмендегідей болды:

1. Жоңғар ханына қазақтардың орыс Империясы қол астына қарайтындығына байланысты, енді қазақ феодалдарынан «алман», «аманат» жіберулерін міндеттеуді тоқтату;

2. Тұтқындағы Абылай сұлтанды оның жақындарымен бірге бостандыққа шығаруды талап ету;

3. Қазақ даласының үстімен өткенде, тұрғындарды енді ойраттар жағынан қысым көрсетілсе алаңдамауға шақырып, Ресей жағынан көмек көрсетілетіндігіне сендіру.

1742 жылдың 16-қазанында К. Миллер елшілігі жоңғар шекарасына табан тірейді. Оларды сол жерде жылжымалы қарауылдың қолбасшысы зайсан Батыш тоқтатып, Деджит зайсанның ұлысына бағыттайды.

Қазақ сайыпқырандарымен, жолсеріктерінің бастауындағы орыс елшілігінің, әдеттегідей Сібір арқылы емес қазақ даласы арқылы келе қалуы, ойраттарды қатты таңырқатып, алаңдатады.

Ойраттар орыс елшілігіне жол көрсетуші негізгі жолсерік Жәнібек батырдың немере інісі Байқұлақ бастап келген елшіліктің бұл жүрісін жаман ырымға балап, түрлі сылтауларды желеу етіп, Байқұлақты тұтқындап, қатігездікпен өртеп жібереді.

Ал Карл Миллердің оларға Ресейге қосылған Кіші және Орта жүз қазақтары істеріне қатысты келгендігінен хабардар болған соң, ойраттар оларды бірнеше айлар бойы «оба індетінің» жайылуын желеу етіп, ішкері кіргізбей қояды. Ақыры 1743 жылы қаңтардың соңына қарай елшіліктің хаты «сол өңірдің басқарушысы» ноян Сары Манджидің қолына жетеді.

Абылайдың тұтқыннан босатылуы тек қана елшіліктің нәтижесі емес, Галдан Цереннің де саяси сый-сияпаты болғандығын төмендегі дереккөздер байқатады.

Орынбор канцеляриясы комиссиясына Орта жүзден оралған башқұрт Тоқан Балташевтің жеткізген хабары: «Абылай сұлтан және басқада жоңғар «ургасындағылар» тұтқыннан босатылып ұлыстарына оралды. Олармен бірге қалмақ елшілері де келді. Галдан Церен, Әбілмәмбеттің жоңғар ордасындағы қазақтардың Жоңғар ханының қол астына қарайтындығын білдіріп аманатқа жіберген ұлына куә болған Абылайға, енді Әбілмәмбеттің ұлын аманатқа әкелген Малайсары батырмен бірге, Барақтың баласының орнына жіберілуіне де куә болуын тапсырды. Абылай еліне қайтарда, Малайсары екеуіне Галдан Церен сый-құрмет көрсетті. Олары, екеуіне Галдан Церен иелігінде тұратын есімі танымал Ташкенттік сарттың қыздарын қалыңдыққа берді. Оның үстіне Абылайға Ташкенттен бірнеше мұраға қалдырылатын жер телімдерін беретінін уәде етті. Ал Малайсары٭ өзіне жақын төрт адамның бірі ретінде сыйланып, жүз байтал алса, Әбілмәмбет пен Барақ сұлтандарға алтындалған зерлі шапан мен бұлғын бөріктер сыйға жіберілді. Абылай сұлтан еліне оралған соң, беделді старшын Қазыбек би және елеулі тұлғалар кеңесе келе, алдыдағы көктемде, жоңғар ордасындағы аманаттағы Әбілмәмбеттің ұлын, Барақтың ұлы Шығайға алмастырып, Галдан Церенге сыйлық ретінде ақ сұңқар мен тазы ит жіберуді ұйғарды. Барақтың ұлын найман-каракерей руының батыры Ерлікапамен бірге жіберуді шешеді». (Орыс-жоңғар қатынастары. Барнауыл, 2006)

…«Ілім инемен құдық қазғандай — деп біздің жұртымыз абзал айтқан, дәл айтқан. Оған бойлаған сайын ол қызық бола береді. Бірінен-бірі туады. Бір кітаптан бір нәрсе оқып білген болсаң, оның кілті, шешуі екінші бір кітапта, одан тағы да солай туындап көбейе береді…», — деп Қазыбек бек Тауасарұлы жазғанындай Моисеев В.А. еңбегіндегі «Ресейдегі ойрат саудагерлерінің куәләндіруінше, Галдан Церен ордасындағы қазақ аманатындағылардың саны 30 адамды құрайды. 1744 жылдың көктемінде Әбілмәмбеттің ұлы Әбілпейізді алмастыруға Барақтың ұлы Шығай келді. Оның жанында қарақалпақтар мен Әбілқайыр ханның өкілдері болды. Кепілдегілер Жоңғарияда ұзақ ұсталынбады. Сыпайы көрсетілер «алым» ретінде қазақ хандары мен сұлтандары қонтайшыға ит пен сұңқарларды жіберіпті» (Жоңғар хандығы және қазақтар. 1991) – дегендігі жоғарыдағы Тоқанның айтуын растай түспек.

٭ 1742 жылы Шақшақ Жәнібек Ресей империясы тарапынан «тархан» атағын алса, Басентиін Малайсары Галдан Цереннен 1744 жылы «тархан» атағын алған.

Автор: Серікбосын Сайдығалиұлы, Ғылыми ізденуші Алматы қаласы

Толығырақ: http://alashainasy.kz/kazak_tarihy/abyilay-sultan-tutkyinnan-kalay-shyiktyi-57484/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі