Шапса – тұлпардың тұяғы, ұшса – қыранның қанаты талатын ұлан-ғайыр атырапты бабалардың қалай қорғап қалғанын көзге елестеткеннің өзінде аза бойың қаза болады. Көкіректі әлдебір үрей билеп алатыны да жасырын емес. Өйткені, «сол заманда мен өмір сүрсем бабалардың өрлік рухына ілесе алар ма едім» деген ойдың санада жылт еткенінің өзі көңілдегі күдікті молайтып жібереді. Тағдыр тәлейіне тақымы аттан босамай, жаумен алысып, қара қазан, сары бала үшін арпалысып өтуді жазған біздің ата қазақ қалай десеңіз де мықты. Егер әр ауыл мен рудағы ержүрек батырлар болмаса, бүгінгі мына байтаққа ие болу-болмасымыз екіталай еді. Сондай батырдың бірі – Айдарбек. Бұрнағы күні Сырдың бойы мен Арал маңына кеңінен танымал батырды ұлықтау рәсімі өтті.
Батырды ұлықтау Зейнолла Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінде басталды. Алматыдағы «Мерей» баспасынан 2 мың таралыммен басылған «Айдарбек батыр» кітабының тұсаукесерінде осы қоғамдық қордың қамқоршылар кеңесінің төрағасы Махамбетәли Ізмаханов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сайлаубай Жұбатыров, аталған кітаптың құрастырушысы Толыбай Абылаев батыр жайында кеңінен толғап, жаңа туындының ерекшеліктеріне тоқталды. Кітап тұсаукесері «Жыр арқауы – Айдарбек батыр» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасына ұласты. Арасында кеш көрігін термешілер Айна Тұяқова, Айбек Тәңірбергенов, әнші Аманкелді Сәрсенбаев батыр баба туралы әсем ән-термелермен қыздырды. Ал мүшәйра қорытындысы бойынша бас жүлдені Есет Табынбаев, бірінші орынды Ұлықбек Тәңірбергенов, екі екінші орынды Мөлдір Айтбай, Биболат Сәтжан, үш үшінші орынды Назгүл Бердіқожа, Тұрар Бекмырзаев, Ғабит Қадырбай жеңіп алды. З.Шүкіров атындағы арнаулы сыйлықты Әйгерім Өтемісова иеленді. Жүлдегерлердің барлығы ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Батыр баба рухын ұлықтаудың екінші күнінде Арал қаласының шығыс бетінде Айдарбек батырдың еңселі ескерткіші ашылды. Ескерткіштің ашылу салтанатында «Айдарбек баба» қоғамдық қоры ұйымдастыру кеңесінің төрағасы Махамбетәли Ізмаханов Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың сәлемін жеткізіп, ауқымды іске атсалысқан жандарға риясыз алғысын білдірді. Бастама негізінде қаншама тарих парақтары ақтарылып, экспедициялық жұмыстар жүргізілгенін жан-жақты ортаға салды. Аудан әкімі Абзал Мұхимов жиналған қауымға Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаевтың және Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Бекмырза Еламанов, Мұрат Бақтиярұлы, Құттықожа Ыдырысовтың лебізге толы жеделхаттарын оқып берді.
Сондай-ақ, шара барысында Арал ауданының құрметті азаматы Шәкірат Дәрмағанбетов, қоғам қайраткері Құдайберген Саржанов, Қазақ ұлттық техникалық университетінің профессоры Зинадин Сүлейменов жиналған қауымға Айдарбек батырдың қайсарлығы хақында әңгімелеп, ақжарма тілектерін арнады. Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының құттықтау хатымен Діни басқарманың жауапты қызметкері, баба ұрпағы Байзақ Бекмұратов көпшілікті құлағдар етіп, ұйымдастырушыларға Құран-хатым кітабын тапсырды.
Одан кейін бәйге ұйымдастырылды. Алдымен 12 шақырымдық құнан бәйге басталды. Төрт айналымнан тұратын ат жарыста Алматы облысы, Көкбасты ауданында тұратын Байбатыр Сатыбалдиевтің қара қасқасы бірінші болып келді. Артынша, Әмір Өсербаевтың «Барыс» есімді жүйрігі екінші орынның, Шымкент қаласындағы Жеңіс Тағзықбаевтың «Клас» атты сәйгүлігі үшінші орынның жүлдесін бөлісті. Араға көп уақыт салмай тыпыршыған аламан бәйгенің сәйгүліктері де тізгінін босатты. Бас-аяғы 24 шақырымды құрайтын бұл бәйгеге 5 орын тігілген. Атап айтсақ, Сексеуіл кентіндегі Бедер Қадірбергеннің «Ерке» атты күреңі топ жарып, автокөлік иеленді. Сондай-ақ, Қазалы ауданындағы Дөңес Жанәділовтің «Спартак» атты торқасқасы екінші орынды еншілеп, 500 мың теңгені қанжығаға байлады. Алматы облысы, Қарасай ауданындағы Бауыржан Кенбаевтың «Күрең қасқасы» үшінші болып мәре сызығына жетіп, 250 мың теңге қаржылай жүлде алды.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы,
Арал ауданы.