АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Адамдарды дуалап, дінге тартқан

Астана қаласында келген адамдарға дәрі беріп, дуалаған «Благодать» діни бірлестігінің пасторы Бақытжан Қашқымбаев қамауға алынды» деп хабарлады Астана қалалық ішкі істер департаментінен София Қылышбекова. Діни ұйымның пасторы Б.Қашқымбаевтың қылмыстық әрекеттеріне қатысты қылмыстық іс былтыр күзде, қараша айында қозғалған екен, алайда қамауға енді алынды. 


«Астаналық «Благодать» қайырымдылық мис­сия­сы» діни бірлестігі құқық қорғау органдарының наза­рына баяғыда ілінген. Бұдан екі жыл бұрын осы діни
ұйым­ның негізін қалаушы, миссияның рухани же­текшісі Корея азаматы Ким Сам Сон Алматы әуе­жайында ұсталған болатын. «Благодать» миссиясын ұйымдастырушы 130 мың долларды елден заңсыз алып кетпекші болған. Ол кеденшілерге бұл ақшаны шір­кеулеріне келетін жомарт адамдардың садақасы деп түсіндірген.
Астана қалалық ішкі істер департаментінің мә­ліметтеріне қарағанда, «Благодать» шіркеуіне ба­рып, құдайға сыйынып жүретін 34 жастағы астаналық бір келіншек кезекті жиыннан кейін есінен ауысып, психиатриялық ауруханадан бір-ақ шыққан. Оған дәрігерлер «жоғары деңгейдегі суицидалдық қауіпті параноидалдық шизофрения» деген диагноз қойған. Тексеру барысында «Астаналық «Благо­дать» қайырымдылық миссиясы» діни бірлестігінің пасторы Б.Қашқымбаев құдайға сыйыну кезінде шіркеуге келушілерге қызыл түсті ішімдік беретіндігі анықталған.

– Шіркеудегі ішімдіктің құрамын анықтау үшін тергеушілер оны сарапшыларға тапсырып, Дәрі-дәр­мек құралдарын зерттеу орталығының қорытынды­­сын алды. Шіркеуге келушілерге берілетін қызыл түсті ішімдік фенол тобына жататын зат, сондай-ақ оның құрамында эйфория шақырып, адамды босаңсыта­тын галлюциногендік ингредиенттер бар екендігі анықталды. «Астаналық «Благодать» қайырымды­лық миссиясы» діни бірлестігінің ғимаратын тексе­ру барысында осындай ішімдіктің үлгілері, діни араздық­тар тудыратын, жауластыратын белгілері бар әдебиеттер­ге ұқсайтын кітаптар табылды. Сонымен қатар «Үміт-Надежда» баспаханасынан шыққан басылым өнімдері табылды, бұл кітаптар Дін жөніндегі агенттіктің тиіс­ті рұқсатынсыз басылған. Бұл заттарға қазір психоло­го-филологиялық және діни экспертиза жасалып жа­тыр. Осы фактілер бойынша «Астаналық «Благодать» қайырымдылық миссиясы» діни бірлестігінің пас­то­ры Бақытжан Қашқымбаевқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 103-бабы бойынша қылмыстық іс қозғал­ды, – дейді Астана ішкі істер департаментіндегі баспа­сөз қызметінің жетекшісі София Қылышбекова.

Соңғы жылдарда республика аумағында белсен­ді жұмыс істеп жатқан, өздерін «құдай куәгерлері» деп атайтын корей протестанттарының саны қазақтар­мен толығуда. Қазірдің өзінде қазақтардан құралған бірнеше христиандық бірлестіктер бар. Олардың бірқатары заң жүзінде тіркелгенмен, уағыздарын қа­лың мұсылмандардың арасында ешқандай қымсынбас­тан, ашық таратады. Кейбір секталар психотропты дәрілерді пайдала­нады. Қарағандыдағы «Грейс» деген христиандық миссионерлік шіркеуінен адамның психикасына қат­ты әсер ететін препараттар табылған болатын. «Грейс» шіркеуі өз діндерінің басқа діннен артықшылы­ғын уағыздап, діндер арасына алакөздік тудыратын уағыздар таратқан. Психотропты дәрілерді шіркеуге келушілердің мүліктерін алу үшін пайдаланған.

Қайыржан ТӨРЕЖАН

Айкын газетiнен алынды