Бұдан отыз жыл бұрын жойқын күші ешкімді шақ келтірмейтін Терминатор экранға шыққанда, күндердің күнінде бәрін қиратқыш роботтан шын өмірде қорқатынымызды біреу-міреу ойлады ма екен. Оқымыстылар бүгінде машиналардың көтерілісі төніп тұрғаны жайында шындап бас қатыра бастады. Ғалымдар жасанды интеллектің сұмдық қарқынмен дамып жатқанына қарап, біраз жылдардан кейін роботтар мен адамдардың басы сыйыспай, құлтемірлер адамзатқа қарсы бас көтереді, тіпті жойып жіберуі мүмкін деп дабыл қаға бастады.
Атағынан ат үркетін Кембридж университетінің қасқа бас профессорлары бұл езуге күлкі үйіретін жағдай емес деп имандай сендіріп отыр. Фантаст жазушылар емес, дамып жатқан технологияның майын ішкен оқымыстылар, ядролық соғыстан да бұрын жасанды интеллект аса қауіпті деп баспасөз мәслихатын дүбірлетіп өткізіп жатса, бұл, шынында да, ойланарлық жағдай болғаны.
Өтірік деп көріңіз, бүгінде машиналар жұмыр басты адамды шахмат ойнаудан ғана емес, көлік жүргізуден, ұшақ айдаудан, тіпті операция жасаудан басып озып отыр. Бүгіндегі сөйлейтін және жазбаша мәтінді оқитын құлтемірлерге қарап отырып, болашақта адам құлтемірді емес, құлтемір адамды жұмсайтын және басқаратын күн алыс емесіне еріксіз сенесің.
Әлемге әйгілі интернет-компанияның негізін салушылардың айтуынша, болашақта электронды жүйенің интеллектісі өсіп-дами келе, «ақылды» механизмнің өзі бағдарлама жасап, адамдардың көмегінсіз роботтарды өмірге әкеліп, өз «ұрпағын» өсіретін күні алыс емес. Электрондық жүйелер технологиялық прогрестің жылдамдығы мен бағытын айқындауды өз қолына алатын болады. Тура «Терминатор» фильміндегідей жасанды ақыл-ой үстемдік құрады. Компьютерлер адамның дегеніне көнбей, қарсы шығып, тіпті «төбелесетінді» шығарады. Сондықтан машина адамға емес, адам машинаға қарай бейімделе беруі тиіс. Осылайша Құдайдың қара балшықтан илеп жасаған адамы жер бетіндегі ең ақылды жаратылыс болудан қалып, ешуақытта шаршау, мою дегенді білмейтін, адами құндылығыңа пысқырып та қарамайтын жойқын машинаның алдында бас иетін болады.
Қасқа бас ғалымдар осылай дейді. «Егер машиналар көтеріліс шығарса, онда адамзат 2100 жылы өмір сүруін біржола тоқтатады» деп мәлімдеді әлемге ең әйгілі космолог, Ұлыбритания Корольдік ғылыми қоғамының профессоры Мартин Рис.
Адамзат өзінің қауіпсіздігі мен қорғанысын жасанды интеллектіге сеніп тапсырса, онда компьютерлік сана шектен шығып, бүлік шығаруы және әлемді жарып жіберу ықтимал. Бұл енді фантастика емес. АҚШ қорғаныс министрлігінің кісі өлтіруші роботтардан адамдарды қалай қорғау керектігі жайлы құжаты осыған ақи-тақи дәлел. Пентагонның құжатында автономды қарудың қай түрі болмасын, қажет кезінде бақылауды роботтық
жүйе емес, адам басқара алатындай болу керектігі, яғни оқ шығару-шығармауды роботқа сеніп тапсырмау тәптіштелген. Құдай сақтасын, соғыс жағдайында Терминаторлар бақылаудан шығып кетсе, жолындағыны жайпап бітірсе де тоқтай қоймасы анық. Беті аулақ оның, десек те, алдағы 20 жылда қашан және кімді өлтіретінін өзі ғана білетін, өз бетінше шешім қабылдайтын робот-тар пайда болатынын ғалымдар анық болжап отыр. Сол кезде долданған құлтемірлерді тоқтатып көр…
АҚШ қарулы күштерінде қазірдің өзінде қарсыласын өзі іздеп тауып, жойып жіберетін автоматтық жүйе қолданысқа ие. Ұшқышсыз ұшатын әскери аппараттардың адамсыз-ақ әуеде соғысып, өз бетінше ұшып-қонып жүргенін әркім-ақ біледі. Оңтүстік Кореяның солтүстік көршісімен арадағы шекарасын бірнеше жылдардан бері робот-қарауылдар күзетеді. Олар кез келген нәрсені қалт жібермей, шекара бұзушылармен әңгімелесе де алады және оны алыстан адамның рұқсат беруімен атып жібере алады. Иракта АҚШ-тың әскери роботтарының пулеметпен сәтті соғысқаны да белгілі.
2020 жылы адамзат төртінші компьютерлік дәуірге аяқ басатын болады, – деді Microsoft компаниясын зерттеушілер. Оның басты айырмашылығы – бір қолданушының өзінде көптеген компьютердің, мәселен, жарық жылдамдығымен жұмыс істейтін биокомпьютер, оптикалық компьютер, кванттық, т.б. компьютердің болуы. Қазірдің өзінде үстелдегі дербес компьютерімен қоса қолына нетбук пен ноутбук ұстап жүргендер ол кезде далада қалатын болады.
Microsoft компаниясының негізін салушы әлемдегі №1 миллиардер Билл Гейтс адамзаттың компьютерлік болашағы жайында бірнеше болжамдарын жариялады. Айтуынша, енді бір он жылдан соң пернетақта (клавиатура) мен тышқан (мышка) жайына қалып, оның орнына жазуды өзі оқып, өзі жаза беретін, айтқан бұйрығыңды қалтқысыз орындап, әңгімеңді түсінетін жаңа операциялық жүйе іске қосылатын болады. Қазір көптеген адамдардың қолында бұйрығыңды бұлжытпай орындайтын ұялы телефондардың жүргенін ескерсек, әлгінің ауылы тіпті жақын деу керек. Оның үстіне мүмкіндігі шектеулі, көзі су қараңғы адамдардың газет-журнал, роман оқып жүргенін де естіп-біліп жүрміз. Көзіміз үйренген газет-журнал қағаздары құрып, электронды қағаз пайдаланатын күн де жақын. Бүгінде дамыған елдегі байдың балалары мектепке оқулықтың орнына ультрапортативті компьютер апаратынын да айта кетелік.
2020 жылы компьютердің қуаты адам миының қуатына – секундына 20000000 миллиард операция орындайтын орасан зор қуатқа ие болады делінеді. Компьютер адамға айналды деген – осы. Мур заңы (ол заң бойынша, әрбір чиптегі транзисторлар саны жыл өткен сайын екі есеге көбейіп отырады және бұл тенденция жақын арада өзгере қоймайды) аман-есен тұра берсе, 2060 жылы компьютердің қуаты бүкіл адамзаттың ақыл-ой санасы қуатымен тең болады. Ары қарай ойлаудың өзі қорқынышты. Ақырзаман боларда он сегіз мың ғалам бір тарының қауызына сыятын болады, деп діндарлар нақ осыны айтқан болар.
Технология қарыштап дами берсе, адамзат шынайы өмірден виртуальды өмірге біржола көшуі мүмкін. Түптің түбінде оқымыстылардың басын сындырған сұрақ шындыққа айналып, адамның орнын машина біржола тартып алса, адамдарды ғарышқа аттандырудан басқа жол қалмайтын шығар. Бұл – адамзат баласын биологиялық түр ретінде жойылып кетуден сақтап қалудың жалғыз жолы. Ғаламдағы миллиардтаған планетаның ең болмағанда біреуі адамзаттың өмір сүруіне мүмкіндік беретін шығар.
Жалпы, Жерден тыс Ай мен Марс сияқты планетаға қоныс аудару жайын өткен ғасырдың басында космонавтиканың атасы Константин Циолковский қозғап кетіпті. Оның айтуынша, ғарышты игеру жай ғылыми қызығушылықты қанағаттандыру емес, түбінде адамзаттың басқа планетаға қоныс аударуын қамтамасыз ететін негізгі практикалық тапсырма. Сол Циолковскийдің тірі кезінде ашық ғарышқа шыға алатын аппарат та жоқ еді. Соған қарамастан данышпан шалың түбінде адам баласы басқа планетаға ауа бастайтынын болжап кеткен. Кім біледі, ғалымдар айтқандай, болашақта машиналар адамзатқа қарсы бас көтеріп, нәтижесінде, жер бетіндегі тірі жандының бәрі қырылып қалмайтынына кім кепілдік береді? Одан Құдай сақтасын, әрине.
Не десек те, болашақта адамзат баласы мультипланеталық биологиялық түрге айналып, бір планетадан екінші планетаға ұшып барып жүруі әбден мүмкін. Ал ол мекен Марс бола ма, Ай мен Венера бола ма, Шолпан бола ма, белгісіз. Бұл орайда ағылшынның атақты архитекторы Норман Фостерге Айда салынатын қалашықтың жобасына тапсырыс та беріліп қойылғанға ұқсайды. Кейбір ғалымдар Ай мен Марс емес, болашақта адамзатқа қоныс Венера планетасы болатынын айтады. Онда қазір температура Цельсий бойынша 400 градустан асады. Венера өз осін өте жай айналады. Жердегі бір күн онда жердегі бір жылмен тең. Оқымыстылар ол планетаны астероидпен мақсатты түрде бомбаласа, нәтижесінде, шаң көтеріліп, қажетті температура пайда болатынын айтады. Сондай әдістермен Венераның жүрісін тездетуге де болатын сияқты. Ал оған қанша уақыт кететінін айтуға әл-әзір ғылым дайын емес.
Қыруар ғылыми ізденістерге сүйенсек, алғашында бөгде планетаға аттанған бірнеше адам кішкене базада қоныстанып, ол бара-бара бүтін бір үлкен қоғамға айналады деген де жорамал бар. Алғашында Марстағы қалалар жердегі өкімет басқаратын колония болса, уақыт өте келе тәуелсіздігін алып, марстықтар өзін-өзі билеп-басқармақ. Осылайша жат планетаны жайлатып қоятын фантастикалық романдар болашақта фантастика болудан қалатын сияқты. Себебі бүгінгі алыс көкжиектерді көздеп қолға алынып жатқан нәрселер – адамзатты басқа планетаға қоныс аударуға апара жатқан алғашқы адымдар.
Не десек те, роботтардың эволюциясы түптің түбінде роботтар революциясына алып келуі әбден мүмкін. ХХ ғасырда Ұлы қазан төңкерісі дүниені дүр сілкіндірсе, ХХI ғасырда Автоматты экономиканың ұлы төңкерісі әлемді дүр сілкінтеді деген болжам ақиқатқа айналып келе жатқандай.
Төреғали ТӘШЕН
http://www.aikyn.kz