АЛТЫНОРДА
Новости

Әдеби сын тарихы

Таяуда Сүлейман Демирел атындағы университетте «Қазіргі әдеби сынның өзекті мәселелері» атты ғылыми-тәжірибелік семинар болып өтті. Жиынға елімізге танымал әдебиеттанушы ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысты. Семинар жұмысының аясында аталған университет ректорының кеңесшісі, белгілі әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлының «Әдеби сын тарихы» атты ғылыми еңбегінің тұсаукесері болды.

Елімізде осы кезге дейін әдебиеттану ғылымының құрамдас бір бөлігі сын саласына арналған зерттеулер әдебиеттің басқа салаларына қарағанда кенжелеп келгені белгілі. Осы орайда Алматыдағы «Таңбалы» баспасынан жарық көрген әде­биет сыншысы Дандай Ысқақұлының «Әдеби сын тарихы» атты еңбегі қазақ әдеби сынының тарихын ғылыми негізде жүйеге келтіріп, бір ізге түсірген көлемді зерттеу болып отыр. Бұл турасында семинарға жиылып, аталған еңбекке өз пікірлерін білдірген қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері бірауыздан айтты.
«Дандай Ысқақұлының «Әдеби сын тарихы» атты кітабы бүгінгі әдеби өміріміздің айнасы іспеттес. Ғалымның осы құнды еңбегі арқылы қазақ сынының бар екендігін, оның басынан аумалы-төкпелі қиын кезеңдерді өткізіп жатқанын, соған қарамай, қатары жаңа эсселермен толысқанын оқып білуге болады. Бұл еңбек көшін С.Қирабаев, Т.Кәкішев бастаған сынның «кешегісі қалай еді, бүгінгі кезеңінен қалай өтіп келеміз?» деген сауалдарға толықтай жауап береді» деді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин. Ал белгілі әдебиет сыншысы, жазушы Бақыт Сарбалаев болса, аталған кітап бүгінгі әдеби сынның негізгі мәселелерін ғылыми тұрғыдан зерттеуге қомақты үлес қосады деп атап өтті.
Қазақ әдеби сынының тарихы тым тереңде жатыр. Әдеби сын – қоғамдық рухани өмірдегі бейберекет құбылыс емес, оның ғасырлар бойғы дамудың барысында қалыптасқан өзіндік құрылымы, жүйесі, заңдылықтары бар. Сондықтан да сынды зерттегенде, оның осындай сан қырлы ерекшеліктерін ескеріп отырған жөн. Д.Ысқақұлының жаңа туындысы әдеби сын тарихын ғылыми таным таразысына тартып, арнайы қарастырған іргелi зерттеу болып табылады. Кітап әдеби сын тарихын ерте кездерден бүгінге дейін тұтастай зерттеген ғылыми еңбек қана емес, сонымен қатар жоғары оқу орындарында жүргізілетін кітап аттас пәннің қажеттілігін өтеу мақсатын да көздейді.
«Қазіргі уақытқа дейін зерттеушілер әдеби сынды көркем әдебиеттің бір саласына, әдебиеттану ғылымының құрамдас бір бөлігіне, журналистиканың әдебиет мәселелерін қамтып жазатын тармағына, билік басындағылардың сойылын соғатын идеологиялық құралға, өнерді зерттейтін эстетикаға жатқызатын пікірлер айтуда. Шынында да, әдеби сынның табиғаты аса күрделі. Сондықтан да оның осындай сан қырлы сипатын ескермей, білмей, оны мынаған жатады деп, біреуіне қоса салу жөн емес. Өйткені әдеби сын – тар көлемге сыймайтын, қоғамдық өмірдің күллі рухани әлеміне қатысы бар сан қырлы, сан сыпатты сала» дейді еңбектің авторы Дандай Ысқақұлы.
Көлемі 50 баспа табақтан тұратын ең­бекті жазу барысында осы салада бұрын атқарылған өзге елдер жұмыстарының тәжірибелері де ескерілген. Мәселен, орыс әдеби сыны тарихының екі томдығы («История русской критики». М., 1958) академиялық басылым ретінде өткен ғасырдың орта шенінде-ақ жарық көрген болатын. Қазіргі уақытта орыс тілінде әдеби сынның тарихына қатысты ғылыми зерттеулер, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар бар, көптеген еңбектер шыққаны белгілі.
Бір ескеретін жайт, елімізде бұған дейін жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» (1994, 2003) атты еңбегі жоғары оқу орындарына арналған оқу құралы ретінде екі рет басылды. Бұл еңбек әдеби сын тарихына алғаш рет жол салған іргелі жұмыс болып табылады. Мұнда қазақ әдеби сынының тарихы, әсіресе жиырмасыншы ғасырдың алғашкы ширегі саяси-идеялық тұрғыдан егжей-тегжейлі зерттелінген. Бір қарағанда, тұсауы кесілген жаңа еңбек осы зерттеудің жалғасы іспеттес, дегенмен, Д.Ысқақұлы өзінің жаңа еңбегінде қазақ әдеби сынының жүріп өткен сара жолдарын, тарихын, бүгінгі күн биігінен саралай түсуге баса назар аударған десе болады. Аталған еңбекті оқығанда бұған көзіңіз жете түседі. Еңбекте әдеби сынның тарихы «Қазақ әдеби сынының қалыптасуы», «Кеңестік дәуірдегі әдеби сын», «Тәуелсіздік тұсындағы әдеби сын», «ХХI ғасырдағы қазақ әдеби сыны» тақырыптары бойынша төрт бөлімге бөлініп, қарастырылған. Өз кезегінде әр бөлім ішкі тарауларға жіктеліп, белгілі бір кезеңнің әдеби-шығармашылық, ғылыми-теориялық мәселелері көтеріледі. Онда қазіргі таңда ортамызда болып жатқан әдеби дау-дамайларға дейін тегіс қамтылған. Еңбектің соңында оның жалпы мазмұнымен қысқаша таныстыратын көлемді қорытындысы, яғни «түйіні» бар. «Түйін» қазақ, орыс, түрік, қытай тілдерінде берілген.
Семинар соңы «Жаһандану дәуіріндегі әдеби сын» тақырыбындағы пікірсайысқа ұласты. Жиынға қатысушы ғалымдар қазіргі уақыттағы қазақ әдеби сынының теориясы мен қолданбалы мәселелерi, әдеби талдаудың, әдеби шығарманы сынаудың әдiснамасы туралы ой-пікірлерін білдірді.

Сұлтан ҚАДЫРБЕК

 

http://anatili.kz/?p=12096