АЛТЫНОРДА
Новости

Айдын Айымбетов шоқынған жоқ

20150727120456Ғарышқа үшінші қазақ ұшты! Ең әуелі осыған мақтануымыз керек. Ол шоқына ма, жоқ па, мұсылман ба, басқа ма, ол маңызды емес. Ең әуелі осы тарихи сапардан аман есен оралуын Алладан тілейік. Екінші, оның ұлты қазақ екенін ұмытпайық! Және ол Қазақстан деген елдің атынан, сіз бен біз топырағын басып, суын ішіп отырған жердің түлегі, сол жерден ғарышқа сапарын бастаған үшінші қазақ! Кім не десе, о десін, бұл әлем мойындап отырған шындық.

Ал, Айдынның кеше ғана басталған сапарының артынан топырақ шашқандай болып, оны шоқынған орыстардың қатарында тұрып қалғанын сөз ету азаматтығымызға, елдігімізге сын емес пе. Ертең ел жүгін арқалап барып, еңсесі тіктеліп келгенде оның алдынан «сен шоқынып ұштың ба?» деген сұрақ көлденең келіп тұрса азаматымызды, батырымызды ардақтағанымыз қайсы? Бұдан кейін қуанып келіп, құлап қайтқан Қанат Исләм секілді басқа өзге елге кетіп қалса тағы да сол Айдын кінәлі болып шыға келеді. Осындайда «Ұлым дейтін ұлт болмаса, ұлтым дейтін ұл қайдан болсын» деген сөздің мәнін ұққандай боласың.

Айдынды «шоқынды» қылған біраз қазақ біріне бірі есе бермей «еліміздегі діндарлар неге оған ақжол тіліп, ақ батасын беріп шығарып салмайды?» деген әңгімені де айтпай қалған жоқ. Осыны ескере отырып ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, орталық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Талғат Омаровқа біз де осы сұрақтың анық-қанығын білгіміз келіп хабарласқан едік. Талғаттың айтуына қарағанда, ең бірінші, Байқоңыр Ресей қоластына қарайтындықтан онда өзге отандастарымыз секілді дін өкілдерінің де кіруі өте қиын екен. Ашығын айтқанда, кіргізбейді. Ал, Айдын Айымбетов ұшар алдында мешітке келіп, садақасын салып, құран оқытып, бата алып аттаныпты.

Және барлықтарыңыз куә болғандай, ғарышкерлерді тізіп қойып, су шашып, өздерінің діни рәсімін жасаған кезде Айдынның да сол қатарда тұрмасқа амалы жоқ. Себебі діни рәсім жасалынатын білмей қалуы мүмкін немесе алдын ала ескертілмеген. Сондай-ақ, бір реткі жасалған діни рәсім барысында ешкімнің жүректегі иманы өзге дінге ауып кетеді деу санаға сиымсыз.

Қалай десек те, иісі қазақтың жүгін арқалап, абыройын көтеріп кеткен азаматымызды қаралаудан аулақ болайық! Ертең сол Айдынның алдында ұлт ретінде, ел ретінде ұялып қалмайық, ағайын.

 «Шын ақпарат»