Әйелдерді сүндетке отырғызу, оларды өртеу, омырауларын үтіктеу тәрізді сорақылықтар әлемде әлі күнге кездеседі. Мәселе діннің не діни сенімнің қайсыбір түрінде емес. Мәселе әйел құқығының әлемнің әр түпкірінде әлі де аяқ асты боп тапталып жатқанында болып отыр.
СОҚЫР НАНЫМНЫҢ ЫССЫ «ҮТІКТЕРІ»
Қыз балаларды көп уақыт бойы өте сұрықсыз бейнеге түсіретін мұндай нәрсе оларға әдетте жасөспірім кезінен қолданылып отырады. Себебі, нақ осы мезетте оларға бозбала атаулы көз тіге бастайды. Ал бозбалалардың мұндай істе әжетін өтеу үшін ешбіреуден ақыл сұрап жатпасы бесенеден белгілі деп атап көрсетеді газет.
«Лос Анжелес таймстағы» мақала ауторы өзінің мұндай жайттар жайлы бұрын-соңды естімегенін, алайда «Вашингтон пост» газетінде кейбір халықтарда осындай дәстүр бар екенін оқып білген соң, айран-асыр қалғанын жазыпты.
Сауд Арабиясында және Таяу Шығыстың барша түпкірінде ер адамдар әйел атаулының аяғының, тіпті сирағының сәл-пәл болсын ашылып қалғанын мүлдем қаламайды. Ондайға қадала қарауға дәті шыдамайтын олар, өз көзін өзі байлап тастай алмайтындықтан, әйелдерге пәренжені кигізіп қояды.
Бұл кең-байтақ мұсылман әлемінде ер адам үшін әйелдің өзімен тең дәрежеде болуын елестетудің өзі қиынға түсетіндіктен, ерлер әйелдерді қамап тастағанды артық көреді деп жазады «Лос Анжелес таймс».
Ауғаныстандағы «Талибан» мұндай үрдістің тамаша мысалы бола алады. Тәліптер әйелдердің «ары мен қадыр-қасиетін» «пәк те киелі» күйінде сақтамақ ниеті бар екенін тілге тиек етеді. Алайда, ақиқатында олар осынау жабайылықтан бас тартудан қорғанып, әлгіндей уәжді көлденең тартуды жөн көреді деп жазады газет.
ТЫЙЫМ ҚҰРСАУЫНДАҒЫ БЕЙБАҚТАР
«Талибан» билігі кезінде әйелдер велосипед теуіп жүре алмайтын. Оларғы биік өкшелі аяқ киюге де тыйым салынған-ды. Себебі, әйел адымының тықылы еркекке әдепсіз әсер етуі мүмкін деп есептелетін. Әйелдерге радио, теледидар не қоғамдық жиындарда көріну дегенді ұмытуға тура келді. Әйелдер өз үйлерінің балкондарына да шыға алмады.
Тәліптер биліктен кетірілген соң, олар өздерінің көзқарасынан айныды деу шындыққа жанаспас еді. 2008 жылы 10 тәліп Қандағарда мектепке бара жатқан 15 қыздың бетіне қышқыл шашамыз деп жүріп ұсталған болатын.
Әйелдердің әртүрлі зорлық-зомбылықтардан қорқуының ең сорақы мысалдары мұсылман әлемінде кездесетіндей болғанымен, аталған мәселе тек мұсылман әлеміне ғана тән деу қисынсыз болар еді деп атап көрсетеді «Лос Анжелес таймс».
Бүкіл Оңтүстік-Шығыс Азия бойынша, Африканың барлық түпкірінде, христиан және мұсылман елдерінде, анимизм билеп-төстеген мемлекеттерде әйел атаулы еркектің өз-өзін лайықты қастерлей білмеуінің зардабын тартуда.
Камерунда халықтың көпшілігін мұсылмандар құрамайды, яғни олар азшылық болып саналады. Осы елде болғанында «Вашингтон пост» тілшісі Джейми Рич бір гинекологтың өзіне былай дегенін айтады: «Мұнда әлі ер көрмеген бейкүнә қызды 13 жасар қыз балалардың арасынан сирек кездестіресің». Міне, сондықтан шешелері қыздарын мүгедек етіп отырады. Себебі, қыздарын бозбалалар зорлап кетпейтіндігіне ешкім кепілдік бере алмайды.
АҚШ-та «феминизм» термині небір қарама-қайшылыққа толы түсінік боп саналады. Кәсіби феминист әйелдер бұл термин мен оның мәнін өз монополиясындағы дүниедей табандылық танытуы көптеген адамдардың көбі бұл терминді әншейін бояма, сылдыр сөз деп санап, бойын аулақ салуға мәжбүр етеді.
Консерваторлар бұл сөздің шындығына нақты мысал бола алады. Алайда, көптеген жас адамдар да, соның ішінде тіпті «еркін жүріс-тұрысты» жас әйелдер де, бұл сөзден өзін аулақ ұстауға тырысады. Өйткені, олардың ойынша, бұл термин шеше болудан, қыз және ер бозбала болып отбасын құру үшін достасып бірге жүруден, т.т. осы тәрізді дәстүрлі түсініктерден бас тарту дегенді білдіреді деп атап көрсетеді «Лос Анжелес таймс».
АДАМДЫҚ ПЕН ТАҒЫЛЫҚТЫҢ АРАСЫ
Алайда, осы Батыс қоғамы жайлы дау-дамайды бір сәт шетке ысырып қоя тұрса, бір қарапайым жайттың мәні айқын түрде ұғынықты болар еді. Яғни, дамушы әлемнің басым бөлігінде әйелге қалай қарым-қатынастың жасалып отырғанына қатысты феминист әйелдердің пікірі дұрыс екендігі толған айдай анық айқындалады.
Егер әйелдер діни не нәсілдік азшылық ретінде қарастырылса, онда мәселенің анық-қанығы мен мәнісі бірден түсінікті болар еді. Ол үшін ойша мынадай бір елді елестетіп көру жеткілікті: мысалы, бір ақ нәсілділер мемлекетінде афроамерикандықтарға оқып, хат тануға, мектепке баруға немесе тіпті сыртқа шығуға рұқсат берілмейді екен делік. Арғысы, айтпаса да түсінікті.
Мен көптеген консерваторларды білем, деп жазады мақала ауторы. Дегенмен, олардың ішінен радикалдық феминист әйелдердің әйелді сүндетке отырғызу, оларды өртеу, омырауын үтіктеу іспеттес нәрселерді сорақылық деп санайтын пікіріне қосылмайтын бірде бір әлеуметтік консерваторды білмеймін дейді ол.
Әдеп пен этика мәселесінен тыс, ұлттық мүдде мәселесі де бар екенін ұмытпау керек. Әйел теңдігін әлемдегі небір ең нашар патологиялардың көбісін түзеудің сенімді жолы деп санауға болатын тәрізді.
Үшінші әлем елдерінде халық санының өсу қарқыны төмендеп келеді. Себебі онда хат танитын әйелдер саны көбейе түсуде. Шынында да, әйелдерге көбірек мүмкіндік беру лаңкестіктің «басты себептерін» жоюдың ең бір тиімді жолы бола алар еді.
Мұның себебін түсіну оңай. Әйел еркекті тәрбиелейді. Әдетте, еркек әйелдің талабы мен одан күтетін үмітіне сай дәрежеде ғана өз мәдениетілігін жетілдіріп, ой-өрісін кеңітеді.
Аталған талап пен үмітке тәуелділік қамытын еркектен сыпырып алып тастасаң болды, романист Уильям Гольдингтің сөзімен айтқанда, оның тұла бойын жын кеулеп, «шыбындар құдайы» оның болмысын біржола билеп кетеді. Яғни, мұның нәтижесінде еркектің тағыланып, жабайы түз адамына айналуы көп күттірмейді.
Ал әйелдерді аталған сорақылықтан азат етіп көріңіз – дереу ерлердің әдептілігі де өркен жая, өз-өзінен пайда бола кетеді деген сөздермен аяқталады «Лос Анжелес таймс» газетінің мақаласы.