АЛТЫНОРДА
Новости

Әйелдер шалбарының шығу тарихы

Бүгінгі күні шалбар тек ерлердің ғана емес, әйелдердің де сәнді киімдерінің біріне айналды. Назарларыңызға әйелдер шалбарының шығу тарихы туралы мәлімет ұсынамыз.

Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін әйелдерде шалбар кию дәстүрі болмаған. Бұл уақытта әйелдердің киім үлгісінде көйлектер, кең етекті белдемшелер танымал еді. Бірақ соғыс басталғаннан кейін әйелдерге мұндай киіммен жүру ыңғайсыз болады. Сөйтіп, олар ер адамдарша киіне бастайды. Себебі, ерлері соғысқа кеткенде үйдегі бар шаруаны әйелдерге өз мойнына алуға тура келді. Осылайша әйелдер алғаш рет шалбар киген болатын.

Соғыс жүріп жатқан кезде әйелдер шалбарды тек жұмыс киімі ретінде ғана пайдаланған. Бірақ, уақыт өте келе олар шалбардың ыңғайлы әрі жайлы киім екенін байқайды да, мұны жұмыстан тыс уақытта да киетін болады.

Соғыс аяқталғаннан кейін әйелдер гардеробында ер адамдардың біраз киім үлгілері пайда бола бастайды. Әсіресе, 20 жылдары сән әлемінде елеулі өзгерістер орын алады. Бұл кезде әйгілі киім дизайнері Коко Шанель шалбарлардың әйелдер гардеробының ажырамас бөлігіне айналатындай үлгілерін жасап шығарады. Осылайша «шалбар тек ерлердің киімі» деген стереотип халық санасынан бірте-бірте жойыла бастайды.

Бірақ әйелдердің шалбар киюіне қарсылық танытқандар да аз емес еді. Әсіресе, екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанша әйелдердің шалбар киюіне тыйым салынады. Оның үстіне соғыстан кейінгі дағдарыс әйелдерді қайтадан кең етекті көйлектерді киюге мәжбүрлейді. Соған қарамастан шалбарды күнделікті киетін киіміне айналдырған әйелдер де болған. Сондай-ақ, әйелдердің қоғамдық жұмыстарға араласуы да олардың шалбар киюіне себепші болады.

Дайындаған: Гүлнұр Бақытбекова

http://massaget.kz/bastangy/sn/21910