Әйелдер зейнетке 63 жаста шығуы мүмкін
Мансұр ХАМИТ (фото)
Жыл басындағы жиналыста Елбасы Үкіметке елдегі зейнетақы жүйесін түбегейлі реформалап, Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорын құруды жүктеген болатын. Осы істі қолға алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа редакциядағы заң жобасын әзірлеп, оның тұсауын кеше мәжілісмендер кесті.
Еліміздегі зейнетақы реформасы сонау 1998 жылы жинақтау жүйесіне көшу туралы шешім қабылдағаннан бастау алады. Әйтсе де соңғы 15 жыл бойында елдегі зейнетақы жүйесіне дендеп енген жинақтаушы зейнетақы қорларының қызмет-қабілеті, олардың инвестициялық тартымдылығы сыннан арылмаған еді. Халықтың салымын алып қана отырған Жинақтаушы зейнетақы қорларының тиімсіз жұмысын Дүниежүзілік банк те мойындаған. Тіпті халықаралық қаржы институттарының өзі Қазақстанның зейнетақы жүйесіндегі қордаланған проблемаларды уақытында шешу туралы да ұсыныстар жасап үлгеріпті-міс. Ал қордаланған проблемаға келсек, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов жүйенің осы жылдар ішінде ешбір жетілмегенін алға тартады. Министр мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда елімізде зейнетақы активі 3 трлн теңгеден асатын 10 жинақтаушы зейнетақы қорлары қызмет етеді. Бір қарағанда, қомақты сома. Дегенмен министрдің бұған көңілі көншімеген. «15 жылдағы жинақтаушы зейнетақының үлесі жиынтық төлемдер бойынша үш-төрт пайыздан аспайды. Бұл, бір жағынан, еліміздегі жүйенің «жастығын» білдірсе, екінші жағынан зейнетақы активтерінің инвестициялық табыстылығы төмен екендігін аңғартады. Түптеп келгенде, зейнетақы жүйесінің кемшін тұсын жүйенің жетілмегендігінен ғана емес, көбінесе елдегі макроэкономикалық жағдайға қатыстырып қарауға болады. Бұлар – инфляция, шектеулі инвестициялық құралдар, қор нарығының дамымауы, халықтың басым бөлігінің зейнетақы салымын жеткілікті түрде жүзеге асыруға мүмкіндік бермейтін жалақының төмен деңгейі. Және бір мәселе, жинақтаушы зейнетақы қорлары елдегі қалыптасқан инвестициялаудың мүмкіндігін толық пайдаланбай, негізінен, қаражатты мемлекеттік құнды қағаздарға салып отыр. Бұдан бөлек, Бас прокуратура осы жүйедегі бірқатар қаржылық айла-шарғыны әшкерелеген болатын. Осының барлығы қордаланған проблемаларды саланы түбірімен қайта құрылымдау жолымен еңсеру қажеттігін көрсетеді. Осыған орай, Үкімет пен Ұлттық банк зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуды ұсынады», – дейді министр Серік Сақболдаұлы.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы жүйесін Ұлттық банк басқарады
Жаңа редакциядағы заң жобасының басты мақсаты – азаматтарды зейнетақы жүйесімен қамтамасыз ете отырып, осы салада мемлекеттік саясатты қалыптастыру болса, басты жаңалығы – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру. Мұндай Қор коммерциялық емес ұйым болып табылатын акционерлік қоғам түрінде құрылады. Қордың бірден-бір құрылтайшысы да, акционері де – Қазақстан Үкіметі. Заң жобасына сәйкес, Бірыңғай қордың негізгі функциясы – азаматтардың міндетті зейнетақы салымдарын, ерікті кәсіби зейнетақы салымдары мен ерікті зейнетақы салымдарын тартуды белсендіру. Қор активін Ұлттық банк басқаратын болады. «Ұлттық банк зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңеспен бекітілген инвестициялық стратегияға сәйкес, Қорды басқаратын болады. Ал зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңес Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган ретінде қызмет етеді. Бұл ретте Кеңес Үкіметтің, Ұлттық банктің өкілдерінен, қаржы нарығына қатысушылардан және тәуелсіз сарапшылардан тұрады. Кеңестің дербес құрамы ҚР Президентімен бекітіледі.
Бұдан бөлек, заң жобасы аясында жұртшылықты жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қызметіне кеңінен тарту қаралады. Тоқтала кететін жайт, қазіргі таңда елімізде жұмыспен қамтылған 8,5 млн адам болса, соның 5,7 миллионы жылына ең құрығанда бір рет зейнетақы салымдарын жасайды. Ал жылына 12 рет, яғни ай сайын зейнетақы жарналарын салатындар саны 3,7 млн адамды құрайды. Соның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған 2 млн 700 мың адамның тек 932 мыңы ғана зейнетақы жарнасын төлейді екен. «Бұл, негізінен, бейресми жұмыстың кең таралуынан, сондай-ақ жинақтаушы жүйесіне тартудың әлсіздігінен орын алып отыр. Егер біз бұл проблеманы бүгін шешпесек, ертеңгі күні осы санаттағы азаматтар өзіндік зейнетақымен қамтылмай қалады және халық арасындағы әлеуметтік аз қамтылғандар тобын арттыра түседі. Яғни дер кезінде қажетті шаралар қабылданбаса, олардың жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары болмайды», – дейді министр Серік Әбденов. Оның айтуынша, осы мақсатта базалық зейнетақыны кепілдендірілген ең төменгі зейнетақыға ауыстыру шарасы қарастырылады.
Министр әйелдердің зейнет жасын ерлермен теңестірмек
Заң жобасындағы тағы бір маңызды әрі басты жаңалық әйелдердің зейнет жасына қатысты болып отыр. Бұған дейін қоғам арасында талай талқыланған мәселені министр Серік Сақболдаұлы зейнетақы жүйесіндегі зор проблемаға балайды. «Қазақстанда 1,8 млн зейнеткердің 1 млн 253 мыңы немесе 70 пайызы – әйелдер. Алайда жеке зейнетақы шоттарының жалпы санындағы әйелдерге тиесілі үлес 3,8 миллионды немесе 45 пайызды құрайды. Сосын әйелдердің зейнетақы жинақтарының орташа көлемі ерлерге қарағанда 25 пайызға төмен», – дейді зейнет жасын өзгертуге қатысты бірнеше дәлелді алға тартқан министр. Оның сөзіне қарағанда, нәзікжандыларда жинақтың төмен мөлшерде болуы, біріншіден, бала тууға қатысты демалыста бола отырып, жинақтау жүйесіне қатысу уақытының аз болуына байланысты. Екіншіден, оларда жарнаның аз түсімі ерлермен салыстырғанда, зейнетке ерте шығуларына да байланысты екен. Бұл ғана емес, еңбекақы төлеудегі гендерлік айырмашылық та жинаққа барынша әсер ететін көрінеді. Мәселен, соңғы бес жылда әйелдердің орташа айлық жалақысының мөлшері ерлердің орташа айлық жалақысының 66-68 пайызына дейін құрайды. «Зейнетке шыққаннан кейінгі өмір сүру кезеңіне назар аударалық. Онда да әйелдер ерлерден ұзағырақ өмір сүреді. Бұдан бөлек, әйелдердің 17 пайыздан астамының зейнетақы жүйесінің ынтымақты жүйеге толық қатысу өтілі жоқ, ал 2018 жылдан бастап бұл барша әйелдер қауымын қамтиды», – дейді Серік Әбденов. Осылайша жаңа заң арқылы министр әйелдердің зейнетке шығу жасын ұзартып, ерлермен теңестірмек. Теңестіру 2014 жылдың 1 қаңтарынан зейнетке шығу жасын кезең-кезеңімен ұлғайту арқылы жүзеге асатын болады. Сосын жыл сайын ұлғайтыла келе, бұл үрдіс 10 жылға дейін жүргізіледі. Мұндай қадамды ведомствоаралық комиссия құптап, сәйкес ұсынысты Үкіметке де енгізіпті.
Мұндай мәлімдемеге бармас бұрын Серік Әбденов халықаралық тәжірибені меңзеп, 1998 жылдан бергі тәжірибеге сүйенудің маңыздылығын да айтқан еді. Тәжірибе демекші, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынған ақпарына қарағанда, әлемнің көптеген елдерінде (Люксембург, Швейцария, Италия, Финляндия, Норвегия және т.б.) зейнетке шығу 65-67 жасты құрайды және бұл жұмысшының жынысына байланысты болып табылмайды. Сонымен қатар халықтың қартаю үдерісін ескере келе және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіндегі орын алған проблемаларға орай, көптеген мемлекеттер, атап айтқанда, Ұлыбритания, Германия, Франция, Оңтүстік Корея, Чехия, Әзірбайжан, Украина, Эстония зейнетке шығу жасын ұлғайтуды қарастырып жатқан көрінеді.
Григорий МАРЧЕНКО, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
– Егер теориялық тұрғыдан ертеңнен бастап ынтымақты жүйені қалыпқа келтіріп, соған қайта оралатын болсақ, онда бізге зейнетақы төлемінің мөлшерін қыса түсуге тура келеді. Жалпы, бұл нағыз келешекке қатысты дүние. Дегенмен бүгінгі күніміз жақсы – біздің қоғам қашанда осындай болады, Ұлттық қор қаражаты баршамызға және ұзақ уақытқа жетеді деген құрғақ қиялдың жетегінде жүрген тәрізді. Алайда егер ынтымақты жүйеге параметрлік өзгерістер енгізсек, оған қайта оралсақ, онда біздің жасаған есебіміз бойынша бюджет 2032 жылға қарай Ұлттық қор қаражатына ауыз сала бастайды. Өйткені азаматтарға зейнетақы төлеу керек болады. Ал Қор қаражаты 2042 жылы-ақ таусылып қалуы ықтимал.
Автор: Қанат ҚАЗЫ, Астана
http://alashainasy.kz