Азаматшалар «Біз неге ерлерден бұрын зейнетке шығуымыз керек, бұл гендерлік саясатқа қайшы ғой» демейтін болды. Әз- Наурыз мерекесінің алдында «әділеттілікті осылай салтанат» құрғыздық. Ал енді қазақстандықтардың елуден астам пайызын құрайтын осы әйелдер армиясын еңбекпен қамти аламыз ба? Мәселе – осында.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов мырза лауазымды қызмет тізгінін ұстар кезде әйелдердің зейнет жасын ұлғайтуды өзінің құптамайтынын білдіріп, «елімізде мұндай қадам жасауға негіз жоқ» деген пікірде болғанын жұртшылық есінен шығара қойған жоқ. Қоғамдық ұйымдар мен әйелдер қауымы жаңа министрдің осындай пікірінен кейін көңілдерін бір демдеп алып еді. Әйтсе де, әйелдердің зейнет жасын ұлғайту мәселесі күн тәртібінен түспегеніне көп ұзамай-ақ көзіміз жетті. Мәжіліс депутаттары алдында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов зейнетақымен қамсыздандыру жөніндегі заң жобасының жаңа редакциясын таныстыру барысында әйелдердің зейнет жасын ұлғайтпаса болмайтынына тоқталды. Халықтың көптен күткен бұл мәселесіне соқпай айналып өту мүмкін емес те еді. Депутаттардың өзі де мәселеге алаңдаушылық танытқанын жақсы білеміз. Әлеумет министрінің көзін жан-жағындағылар әйелдердің зейнетке шығу жасын өсірмесе болмайтынына әбден жеткізген болуы керек. Әбденов мырза кезінде айтқан пікірінен айнып, Үкімет басында отырған өзге шенеуніктер мен Ұлттық банк басшысының ұсыныстарын қолдайтынын айтып шыға келді. Қолдау көрсетуінің себептерін де жіктеп тұрып жайып салған болатын. Оның айтуынша, барлық ашылған зейнетақы есепшоттарының 45 пайызы әйелдерге тиесілі. Бірақ орта есеппен алғанда, олардың зейнетақы жинақтары ер адамдарға қарағанда 25 пайызға төмен. «Бұл олардың зейнет жасына ерте шығып (58-де), жинақтарын ерте жұмсауына және тез тауысуына әкеледі. Сонымен қатар бүгінгі күні зейнетақы жасындағы әйелдердің 12 пайызының бірлескен зейнетақы (кепілдендірілген зейнетақымен бірге) алуға еңбек өтілі толмаған. 2018 жылдан бастап барлығының да өтілі толмайтын болады. Сондықтан әйелдердің зейнетақы жасын ерлермен теңестіруді ұсынамыз» деді министр. Яғни әйелдер 63-ке келіп, зейнетке шығатын болса, онда олардың жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинағы да қомақты бола түседі. Зейнет жасын қайткен күнде де өсіру үшін әртүрлі болжамдарды алға тарта беруге болар. Шынтуайтына келгенде, 63-ке келіп, зейнетке шыққан күннің өзінде қоғамдағы қазіргідей ахуалмен ЖЗҚ-дағы салымды қомақтандыра түсуге жол жоқ екенін сол шенеуніктердің өздері де іштей білетінінде сөз жоқ. Естеріңізде болса, жинақтаушы зейнетақы қорларын құрған осыдан он бес жыл бұрын да болашақ зейнеткерлерді жұмақ өмірге бөлеп тастайтындай уәде берілген болатын. Еңбекақыдан ай сайын бөлініп тұратын он пайыздық салықпен жинақталатын зейнетақының көлемі ертеңгі күні ешкімді де жарылқай қоймайтынын сол кездерде-ақ айтушылар болды. ЖЗҚ идеясын көтерген қаржыгерлер қорлардың керемет жұмыс істейтінін алға тартып, біздің ай сайын жинаған он пайыздық салымымыздың болашақта инвестицияларға салынып, еселей табыс табатынын айтқан Марченко мырзаның өзі бүгін әйелдердің зейнет жасын ұлғайтпаса, күніміздің қараң болатынын алға тартып отыр. «Әрбір жоба, бағдарлама жасар алдында оның жауапкершілігін мойнына алатын белгілі бір құзырлы ұйымдар болмайтын осындай ахуал қоғамымызда жалғаса беретін болса, қанша жерден уәдені үйіп-төк, қайтып айналып сол жерге орала беретініміз шындық. Мұны ЖЗҚ-лар тәжірибесінде ғана емес, басқа да бағдарламалар мен жобалардың орындалу барысында көріп отырмыз. Он бес жыл бұрынғы зейнетақы идеясын ұсынған Ораз Жандосов, Наталья Коржова, Григорий Марченко, т.б. бүгінде сол кездегі идеяларының жүзеге аспай қалғаны үшін неге жауап бермейді? Олардың айтатындары – бұған топ-менеджерлер кінәлі емес, әлемдік дағдарыс, құнды қағаздар нарығының дамымауы деген сылтау-себептер» дейді сарапшы Бейсенбек Зиябеков. Серік Әбденов мырза жинақтаушы зейнетақы жүйелеріне қатысушылардың саны аз болуы – алдағы уақытта үлкен проблемалар тудыратынын айтады. Егер дер кезінде шара қолданылмайтын болса, жинақтаушы қорда жинағы жоқ адамдар еш жерден ештеңе ала алмайтынын айтып, дабыл қағып отыр. Елімізде ондай 2 миллионнан астам адам бар екенін, олардың ертеңгі күні мемлекет бюджетіне орасан проблема тудыратынын осыдан он жыл бұрын сарапшылар айтқан болатын. Ауылдағы екі сиыр, он қойы мен жиырма тауығы бар отбасылар өздерін-өздері асырауға құзырлы деген шешім қабылданып, оларды ЖЗҚ-лар есепке де алмады. Жинақтаушы қорлардың ауылға барып, шаруалармен әңгімелесіп, болашақ зейнеткерлік жайында сөз қозғап, қорға тарту жұмыстары мүлдем жүргізілмеді. Нәтижесінде, енді бір он-он бес жылдан кейін зейнетақының ешқандай түріне ілінбеген қорғансыз әлеумет алдан шығып, мемлекет басына проблема болып үйірілгелі тұр. Оның басым бөлігі – әйелдер. Біздің басқарушылар Алматы мен Астана және облыс орталықтарында еңбек етіп жүрген әйелдердің есебінен ғана қорытынды шығарып, зейнет жасын солардың еңбекақысымен өлшеп ұлғайтуда деген пікірлер бар. Бұл рас. Себебі әйел біткеннің үлкен шоғыры – ауылдар мен аудандарда. Олардың көбі – ауыр жұмыста немесе үй шаруашылығында. Жүз жерден гендерлік саясатты теңестіру керек дегеннің өзінде ол әйелдердің бәрін еңбекпен қамту мүмкін емес. Тек мемлекет тарапынан берілетін азын-аулақ зейнетақыға жеткенше әйелдерді қалжыратқаннан басқа жақсылықты көріп тұрған жоқпыз. Оның үстіне қалалар мен аудан орталықтарында да әйелдерді, оның ішінде жасы 45-50-ге келген әйелдерді жұмысқа алуға кедергілер жетіп-артылады. Білімі мен білігі артып тұрса да, біздің жұмыс берушілердің басым бөлігі жастарды алуға тырысады. Бұл дұрыс та шығар. Олай болатын болса, 63-ке дейінгі әйелдердің зейнетақылық қорын қалай молайтуға болады? «Біздегі жасалатын және қабылданатын бағдарламалар мен жобалар ісінің жүрмеуінің басты себептерінің бірі – қажетті базаны жасақтап алмай тұрып, асығыс қабылдаудан, – дейді Қанат Берентаев. – Әйелдердің зейнет жасын ұлғайту арқылы жинақталатын қаржыны өсірудің орнына квазимемлекеттік секторларға бағытталатын бюджеттік қаржыны қысқартқан дұрыс болар еді. Соның есебінен зейнетке лайықты жасында шығатын әйелдерге қолдау көрсетуге болады» дейді сарапшы. Марченко: «Әйелдер қаласа, 55 жасында да зейнетке шыға алады, ол үшін олар алдымен тиісті зейнетақының 50 пайызын жинақтап алса болды» дегенді талай рет айтты. 50 пайыз зейнетақыны жинақтамақ тұрмақ, он пайызы да жинақталмаған әйелдер не істейді? 1998 жылдан бері ЖЗҚ-ға ақшасын аударып келген әйелдердің жинағының өзі 4-ақ жылға жетіп отыр. Ол кемінде 8 жылды қамтуы тиіс болатын. Елдің бәрі Ұлттық банк басшысы емес немесе еңбекақысы жоғары мекемелерде еңбек етпейді. «Мен 2014 жылы желтоқсанда 55-ке толамын. Қаңтарда еңбек келісімшартының алтыжылдық мерзімі аяқталады. 2015 жылдан бастап зейнетке шыққым-ақ келеді, себебі зейнетақылық жинағым айтарлықтай деңгейде. Инвестициялық табысты және өз еркіммен аударып тұрған жинақты қоса есептегенде, шамамен 28 миллионды құрайды. Яғни өмір сүруіме жеткілікті. Менің мойнымда Президент алдында, Ұлттық банк ұжымы, халық алдында міндеттемелерім бар. Егер мен жұмысқа жауапкершіліксіз қарайтын болсам, осы жерде отырмас едім. Бұған дейін де талай рет айтқанмын, жеке секторда табатын табысым бірнеше есе жоғары болатын еді» дейді Марченко мырза profinance. кz порталында өткен онлайн-конференцияда. Ұлттық банк басшысының ағынан жарылғанына рақмет, бірақ оның қазақстандық әйелдерге келгенде, олардың жағдайын кейде өзінің деңгейімен шатастырып алатыны өкінішті. Ашаршылық кезінде «Аштан өлетін несі бар, майға палау басып жей берсе болмайды ма?» деген байдың баласы секілді, «еңбек ете берсе болды ғой, зейнетақы жинала береді» дегенге келтіретін басқарушыларымыз, алдымен әйелдерді, оның ішінде жасы келген әйелдерді еңбекке алудан қашқақтайтын еңбек нарығындағы ахуалға сарап жасап көрді ме екен? Алма МЏХАМЕДЖАНОВА |
http://www.aikyn.kz