15 ақпан – Шәкен Аймановтың туған күнi. Кеңiрек айтар болсақ, КСРО халық артисi, Сталиндiк сыйлықтың лауреаты, Қазақ КСР-i Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты, кинорежиссер, театр және кино актерi Шәкен Аймановтың 100 жасқа толған күнi.
Мiнеки, Шәкен Аймановтың 100 жылдық мерейтойы да келiп жеттi. Бұл 100 жылдық мерейтойда ұлы тұлғаның қазақ өнерiн өрге бастырудағы рөлi, кино мен театрдағы орны, ұстаздық өнегесi, тағылымы мен тәжiрибесi және т.т. айтылатыны, жазылатыны кәмiл. Сонымен бiрге…
Сонымен бiрге, әрбiр iрi, айтулы, ұлы тұлғаның аманаты болады. Рас, кейбiр тұлғалар өз аманатын артына тәптiштеп, тиянақтап жазып кетедi. Ал кей тұлғалар кейiнгiлерге дәл осылай жазып-сызып кетпегенiмен, артына өзiнiң бастаған iсiн, “iске асырсам” деп ниеттенген жоба-жоспарларын қалдырып кетедi. Бiле бiлсек, бұл да – аманат. Аманат болғанда да, жай аманат емес, орындалуға, жүзеге асуға тиiс аманат! Шынтуайтына келгенде, “ұрпақ сабақтастығы” дегенiмiз де осы емес пе?!
Шәкен Айманов, рас, артына мол мұра қалдырды. Осымен бiрге кейiнгi ұрпаққа, шәкiрттерiне, қазақтың шығармашыл зиялыларына мол аманат тастап кеттi. Бұл қандай аманаттар? Ендi осының бiр-екеуiне тоқтала кетелiк.
Ш.Айманов көзi тiрiсiнде Мұхтар Әуезовтiң “Абай жолы” эпопеясы бойынша көп сериялы көркемфильм түсiрудi ойластырыпты. Ш.Аймановқа жақын жүрген адамдардың айтуына сенсек, “төрт сериялы етiп түсiрудi жобалап жүрушi едi…” дейдi. Ал ендi Шәкен Айманов көздеп, дiттеп кеткен осы көп сериялы көркемфильмдi бiз неге түсiрмеймiз? Орыс киношылары “Вечный зов” деп аталатын 12 сериялы көркемфильм түсiрдi. Орыс жазушысы А.Ивановтың осы аттас романы бойынша. “Вечный зовты” көрiп отырғанда орыстың қандай халық екенiн тереңнен әрi жан-жақты танисың. Бұл фильмде бәрi бар: орыстың азабы да, тағдыры да, тарихы да, болмысы мен мiнезi де, өрлiгi мен ерлiгi де, рухы да, тұрмысы да… М.Әуезовтiң “Абай жолы” бойынша 12 сериялы емес, 15, 16 сериялы фильм түсiруге әбден болады. Тек Мұхтар Әуезов қана емес, Iлияс Есенберлиннiң “Көшпендiлер”, Хамза Есенжановтың “Ақ Жайық”, Мұхтар Мағауиннiң “Аласапыран” романдарынан да өте мәндi һәм құнды көп сериялы көркемфильмдер түсiруге әбден болады. Айналып келгенде, осы айтып отырғандарымыздың бәрi де –Шәкен Аймановтың кейiнгiлерге жүктеп кеткен аманаты.
“Мұхтар Әуезовтiң Шәкен Аймановпен бiр түн, таң аппақ болып атқанша сырласқанына куәмiн” дейдi Шахан Мусин. Ал ендi қазiргi қазақ киношылары қазақ жазушыларымен сырласу былай тұрсын, оларды танымайды да (өйткенi қазақ киношыларының 98 пайызы – орыстiлдi). Қазiргi қазақ киношыларының бар бiлетiнi – орыстың шашбауын көтеру, орыстың киносын насихаттау, орысқолды һәм орыстiлдi кино түсiру…
“Шашбауын көтеру” дегеннен шығады, егер Шәкен Айманов орыстың, немiстiң, француздың, американдықтардың шашбауын көтергiсi келгенде, оған да шашбау табылатын едi. Шәкен Айманов өз тұсында әлемдiк киноның алыптары Жан Марье, Радж Капур, Лоуренс Оливье, Жан Габен, Сергей Бондарчук, София Лорен және өзге де iрi тұлғалармен талай кинофестивальдарда үзеңгi қағысып, қоян-қолтық араласып, бiрге жүрген. Хат жазысып, хабарласып, ой бөлiсiп тұрған. Бiрақ Шәкен Айманов өзiнiң бүкiл күш-жiгерiн, қабiлетiн, дарынын қазақ киносына жұмсады: “Алдар көсе”, “Атамекен”, “Бiздiң сүйiктi дәрiгер”, “Тақиялы перiште”, “Атаманның ақыры” және т.б.
Шәкен Айманов өзгелердi, керiсiнше, қазақ киносына жұмыс iстеттi, қазақ киносының мәртебесi жоғары болу үшiн олардың талантын пайдаланды. Ресейдiң мықты киноактерлерi Любшин, Иванов, Стржельчик және т.б. қазақ киносында керектi рөлдерге жегiлдi. Шәкен Аймановтың жетекшiлiгiмен.
Өзге фильмдердi айтпай-ақ, Ш.Аймановтың тек “Тақиялы перiште” фильмiн ғана алайықшы. Бұл фильм қай жылы түсiрiлдi? 1970 жылы. Бұл кез – бүкiл Қазақстанның айрықша орыстанып, қазақ мектептерiнiң жаппай жабылып, ал Алматыда “тұқымдыққа” бiр ғана қазақ мектебiнiң қалған кезi. Осы кезде, осындай жағдайда, осындай саяси қыспақта түсiрiлген “Тақиялы перiштеден” қазақтың исi мен қазақтың рухы қалай есiп тұр десеңiзшi!
Мiне, Шәкен Аймановтың аманаты, өнегесi! Үйренсек те осыдан үйренейiк! “Үйрену” дегеннен шығады-ау және адам айтам деп айтпайды екен ғой, ерiксiз күйгеннен, күйiнгеннен кейiн айтады екенсiң, Қапшағайдың жағасында 50 миллион долларға (!) түсiрiлген “Көшпендiлер” не болды? Бекерге ит-рәсуа болды. Қазақтың ақшасы да, қазақтың киносы да рәсуа болды. Қор болды….
Шет жағасын өзiмiз де көрдiк, осы жалған, жасанды, өтiрiк “Көшпендiлер” түсiрiлiп жатқанда, Талғат Теменов бастаған қазақ киношыларының шетелдiк кинорежиссерлерге (шетелдiк кинорежиссерлер болғанда да оңай жерден мал табуға, ақша жасауға келген режиссерлерге) иiлiп төсек, жайылып жастық болғанын. Бiреуi темекiсiн әперiп, ендi бiрi әлгiлердiң төбесiне қолшатыр ұстап тұрғанын…
Өздерiнен сұрасаңыз, Талғат Теменов бастаған қазақ киношылары “О,о, бiз үйрендiк! Бiз көп нәрсе үйрендiк!” дейдi. Мұндайдан үйренбеу керек! Мұндайдан жирену керек! Қазақтың киносы мен қазақтың өнерiн жер бауырлатып қор қылып жатқан жерден сен не үйренбексiң?!
…Жыл сайын Алматыда Шәкен Айманов кинофестивалi өтедi. Ұзыннан-ұзақ жайылған (150–200 метрге дейiн) түктi кiлемнiң үстiмен киношылар мен киноактерлер малынып киiнген әйелдерiн ертiп, бұлардың соңынан тағы да малынып киiнген актрисалар қора-қора болып кетiп бара жатады, әйтеуiр…
Шындап келсек, бұл кинофестиваль – Ресей киносын, орыс киносын насихаттайтын орыстiлдi киношылардың кинофестивалi. Осы кинофестивальға Өзбекстанның, Түрiкменстанның, Қырғызстанның, Түркияның, Татарстанның, Тәжiкстанның, Әзiрбайжанның, Якутияның (Саха республикасы) ұлттық, ұлтжанды киношылары мен киноактерларының келгенiн көрген емеспiн. Рас, бiрдi-екiлi киношылар жүредi “Қазаннан келдiм…”, “Ташкенттен келдiм…” деп. Олардың өзi – орыстiлдi. Демек, шетелдерден де әдейi орыстiлдi киношылар шақырылады…
Шәкен Айманов кинофестивалi қазақ киносына, қазақ өнерiне ештеңе берген жоқ және ештеңе бермейдi де!
Жарайды, коньягiңдi iше ғой, уылдырығыңды жей ғой, ау, бiрақ, кинофестиваль Шәкен Айманов атында болғаннан кейiн бұл кинофестиваль ең алдымен қазақ киносының, ұлттық киноның, қазақ тiлiнiң, қазақ рухының мәртебесiн көтеруi керек қой. Бұл кинофестивальға қазақ киносының ұлттық кадрлары, шетелдерден де бiрсыдырғы орыстiлдi кадрлар емес, ұлттық кадрлар шақырылуы керек емес пе?! Қаптаған актрисалар (кiлең аяғы ұзын Ресей актрисалары) кiмге дәрi?!
Кейде ойлайсың “Шiркiн-ай, өзiнiң атындағы кинофестивальдi Шәкен Айманов ғайыптан тайып кеп бiр көрер ме едi?” деп. Көрсе не iстер едi? Әрине, жерге түкiрер едi…
Тобықтай сөздiң түйiнi, Шәкен Аймановтың осы жолғы мерейтойы, 100 жылдық мерейтойы қазақ киношыларын (қазақтiлдiсiн де, орыстiлдiсiн де) шындап ойландыруы тиiс.
Әмiр Нұртайұлы.
Әшiрбек СЫҒАЙ, театр сыншысы, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты:
Шәкен Айманов – қазақ өнерiнiң қамқоршысы, қызметшiсi ғана емес, оның айбыны да едi.
“Қыз Жiбек” фильмi қырғыз режиссерiнiң қанжығасында кеткелi тұрған сәтiнде, Шәкен Айманов сынды өнер ағасының кесiктi шешiмi, намысқой мiнезi жеңiс тiзгiнiн режиссер Сұлтан Қожықовтың пайдасына жығып бергенi де жадымызда. Бұл туралы Камал Смайыловтың соңғы кiтаптарының бiрiнде толығырақ айтылған.
“Атаманның ақыры” –ұлы режиссердiң соңғы да соқталы жұмысы. Аталмыш туынды Шәкен Айманов шығармашылық талантының ең шарықтау шегi. Шытырман оқиғалы осынау өткiр сюжеттi көркем фильмнiң таза iрiктелген актерлiк құрамы, режиссерлiк сапасы, жалпы орындалу деңгейi сын биiгiнiң қай тұсынан қарасаңыз да, халықаралық талапқа сай шыққан ғажайып кинотуынды. Ретi келгенде, айта кету керек, аталмыш фильм заманымыздың бiртуар ұлы Д.А.Қонаев атамыздың тiлегiне орай түсiрiлген. Идея сол кiсiнiкi.
Басты рөлде тамаша көрiнген Асанәлi Әшiмов есiмiн де әлемге әйгiлеген аталмыш фильмге дән ризамыз. Асанәлi Шәкеннiң бұрынғы фильмдерiне бұрын-соңды көп түсiп жарытқан емес. Экранға лайық туған Асанәлi Әшiмов Қасымхан Шадияровтың бейнесiн жасау арқылы, әлемдiк кино жұлдыздарының қатарына еркiн көтерiлдi. Ұлы режиссердiң күйеубаласы болғандығы үшiн емес, халық Әшiмовтi халық арасынан шыққан кесек талант ретiнде қашанда қадiр тұтады. Актер әрi режиссер Асанәлi бұл құрметке ұлы жауапкершiлiкпен қарап, ата жолын дәстүрге сай әдемi жалғастырып келедi.
Бiздiңше, Шәкең үрдiсiнде ру, бұру деген атымен болмаса керек. Әйтпесе, өзiнiң туған iнiсi, әншiлiгiне актерлiгi сай Кәукен Кенжетаевты фильмнен фильмге оңды-солды түсiрiп, хан көтермес пе едi. Кәукен ағамыз оған лайық та. Бiрақ Шәкен талғамы басқаша, Айманов өлшемi өзiнше, өзгеше. Амалыңыз қайсы? Iнiлерiн еркелеткендi көрiп келемiз, (өкiнiшке қарай, бұл дәстүр де сиреп келе ме, қалай, басыңнан сипаудың орнына, “мен тұрғанда ол кiм?” деп кеуде соғар ағаларымыз да жетерлiк. Жас өсiп жетiлмей ме екен?) ал ағаларын әбден еркелете бiлген қазақтың бiрi Шәкең болар. Қаллекей, Елағаңдарды әңгiмеге қосып, кейбiр пенделiк әрекеттерiне шек-сiлесi қататын Шәкен ағамыздың қуақы күлкiсiн естiгенде iштей қатты сүйсiнетiнбiз. Жастары жағынан Қаллекейдi әкесiндей, Елағаңды ағасындай сыйлап, Құдайдай құрметтеп, қол қусырып кiшiрейе отырып құрдасындай биязы қалжыңдайтын Айманов кiсiлiгi ұлттық тәлiм-тәрбиенi байыта түсер деңгейге дейiн көтерiлгенi күмәнсiз.
Асанәлi ӘШIМОВ, КСРО халық әртiсi:
Тағдыр онымен тоғыстырған кезде мен жас едiм. Әуелден ешкiмнiң әлпештеуiн көрмеген басым, Шәкен менi тұқыртуға тырысар деп те ойладым. Бiрақ олай болмады. Өзге де жүздеген адамдарға бүкпесiз ашық көңiлiн маған да танытты. Өткен шақ туралы ой-пайымдарыма, болашаққа жасаған жоспарларыма сенiммен қарады. Ол, тегiнде, экрандағы режиссерлiк ойларымен байланыстыра қарап, маған актер ретiнде көбiрек назар аударды. Ол кезде мен оны әрдайым түсiне бермейтiнмiн. Мысалы, Шәкеңнiң ойының актуальдығын түсiнбегендiктен, оның үстiне театрға құлай берiлгендiктен де өзiмнiң жеке әрi шығармашылық түсiнiгiме сай “Атаманның ақырындағы” Шадияров рөлiнен бас тартпақ болдым. Ол маған ұрысып, суреткерлiк арды ойлауым қажеттiгiн ескерттi. “Осылай болуы керек!” – дедi ол. Бiздiң осы жұмысымыз жайында ойласам, бүгiнде қанағаттанған сезiмге бөленемiн. Шәкеннiң өнер туралы айтқан шынайы сөзi едi! Ол сөзге мен де шын жүректен құладым. Жалпы, оның кинодағы қайраткерлiк iстерi көп жағдайда құрбандықты талап еттi. Керемет театр актерi және режиссер ретiнде танылған ол әлi қалыптаспаған кино өнерiнiң ауыртпалығына арқа тосты.
Ол өз халқының өмiрiмен, тағдырымен және өнерiмен ғұмыр кештi. Ол кең-байтақ ел өмiрiнен бөлiнбей ғұмыр кештi. Адамдарға деген ортаймас мейiрiмнiң бастау көзi де мiне, сонда жатты деген ойдамын.
Алғаш танысқан сонау алыс күндерден бастап, Шәкен мен үшiн халықшылдық пен азаматтықтың, таланттың мәңгi үлгiсi болып қалды.
Иә, ол ұлы адам едi.
Кәукен КЕНЖЕТАЕВ, Қазақстанның халық әртiсi:
Ол халықтың нағыз қалың ортасынан шыққан, өнер үшiн туған ғұлама артист едi. Қалибек және оның өмiрде де, өнерде де достары болған Серке Қожамқұлов, Құрманбек Жандарбеков, Елубай Өмiрзақов, Қанабек Бейсейiтов, Күләш Байсейiтова, Жұмат Шаниндер қазақ совет өнерiнiң ту ұстаушылары, алғашқы қызғалдақтары.Шәкен жоғарыда аты аталған ағаларына зор iлтипатпен, үлкен құрмет, таза сезiммен қараушы едi. Шәкеннiң осы бiр мiнездерiн ағалары да жанындай жақсы көретiн. Шәкен қайсысының үйiне бармасын, құрметтi қонағы, тiптi сол үйдiң өз адамдарының бiрi болып кетедi. Оның сықақ әңгiмелерiн, қалжың сөздерiн бәрi iшегi қатқанша күлiп, сүйе тыңдайтын. Шәкендi аса бiр бөлек сүйiспеншiлiкпен жақсы көретiн адамның бiрi Елағаң (Елубай Өмiрзақов) едi.
Елағаң қатты науқас үстiнде жатып, дүние саларына көзi жеткен соң, өзiнiң ақырғы демi үстiнде “менi Шәкеннiң жанына қойындар…” дейдi.
Марқұмның айтқандарын орындадық. Шәкенмен топырағы бiрiгiп жатыр.
Әбдiлда ТӘЖIБАЕВ, Қазақстанның халық жазушысы:
Ол тым жас кеттi. Оны бiлетiндердiң қай-қайсына да белгiлi нәрсе – ол әлi де көп құнды дүниелер жасай алар едi.
Ол тарих, халық, уақыт талап еткен суреткер едi. Бағымызға қарай, оның ғұмырында дәлме-дәл келген кезеңде қазақ өнерiне нақ осы Шәкен керек болды. Ақиқатында, Шәкен Айманов қазақ зиялы қауымының хас өкiлi едi. Жас кино өнерiне жолбасшылық жасады, қазақ мәдениетiн шетелдерге насихаттауға қапысыз қызмет еттi. Егер бiз Әуезовтi, Мүсiреповтi үлкен жазушы, драматург деп санасақ, қазақ өнерiнде Шәкен де сол биiктегi тұлға. Оның айналасындағы қауымға қалдырған үлесi –талмай iзденiс, табысқа деген сенiм, өмiрдi сүю, өмiрдi қадiрлей бiлу қасиетi.
Әкiм ТАРАЗИ, Қазақстанның халық жазушысы:
Қай салаға салсаң да, хас тұлпар озып келедi деген рас екен. Англиядағы Эвон жағасындағы Статфорд қаласында Отеллоны ойнайтын актерлердiң дүниежүзiлiк фестивалi болды. Шәкен Айманов соған барды. Шәкең Шекспир елiнен бас жүлдемен оралды. Мәжiкең ағам екеумiз Лондоннан ұшып келген Шәкеңдi алғашқылардың бiрi боп қарсы алдық.
Cуретте:
Ш.Айманов «Алдар Көсе» рөлiнде
А.Островскийдiң «Найзағай» спектаклiндегi Тихон рөлiнде
«Қарақыпшақ Қобыланды» спектаклiндегi Қобыланды рөлiнде
«Атаманның ақыры» фильмiн түсiру кезiнде
Ш.Айманов Отелло рөлiнде («Отелло», У.Шекспир)
http://zhasalash.kz/ruhaniyat/11498.html