АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Әйнектің көбігін қалқыған Айгүл

Жарамсыз әйнек сынықтарының қайыра іске жарағанын көрдіңіз бе? Көрмесеңіз, Оралға барыңыз. Мұнда сынған әйнектерге «жан бітіретін» жаңа технология қолға алынуда.

Оның авторы – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті машина жасау факультетінің магистранты Айгүл Монтаева. «Құрылыстағы экономика және менеджемент» саласы бойынша білім алатын жас құрылыс материалдары бойынша тың ізденістер жасап жүр.

Оның патентке ие болған ғылыми жаңалығы энергияны үнемдеуге байланысты бүгінгі талапқа толық сай келеді. Қазақстанда «Энергияны үнемдеу туралы» Заң, Үкіметтің энергиялық тиімді үйлер мен ғимараттарды жобалау және олардың құрылысы туралы бағдарламасы бар. Соған орай, елімізде жылу оқшаулағыш материалдар жасауға барынша көңіл бөлінуде.

Айгүлдің инновациялық технологиясы – көбік әйнек… Оны кірпіш сияқты қалауға болатындай немесе өзге құрылыс материалдары сияқты жапсырып қоятындай етіп түрлі формада жасауға болады. Материалдың артықшылығы, біріншіден жылу ұстайды, екіншіден жанбайды әрі шірімейді.

Қазіргі пайдаланып жүрген материалдарға қарағанда экономикалық тиімділігі 1,5-2 есе артық.

Жоба Американың «CrDF – Глобл» қоғамдық бірлестігі Қазақстан-Британ университеті базасында ұйымдастырған «Техноприз» инновациялық жобалар конкурсының жеңімпазы деп танылған. Былтыр Астанадағы «Технопарктың» грантына ие болды.

Ғабдул Мерқұрман

http://aynaline.kz