АЛТЫНОРДА
Новости

Әйтеке БАЙБЕКҰЛЫ: Қара қылды қақ жарған – жақсылардың белгісі

Әйтеке БАЙБЕКҰЛЫ: Қара қылды қақ жарған – жақсылардың белгісіБиыл қазақтың данышпан биі, көрнекті мемлекет қайраткері Әйтеке Байбекұлының туғанына 370 жыл толып отыр. Осыған орай Алматыда Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Әйтеке би: қазақ мемлекеттілігі тарихындағы ұлы тұлға» атты ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. «Әйтеке би» мәдени-тарихи орталығының бастамасымен ұйымдастырылған бұл жиынға қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысты.

Конференцияны ашқан Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов Әйтеке бидің қазақ мемлекетін қалыптастырудағы рөліне тоқталды. Ол Әйтеке Байбекұлының Тәукені хан етіп сайлауда айрықша белсенділік танытқанын, «Хан кеңесіне» мүше болғанын, «Жеті жарғыны» қабылдауға атсалысқанын айтып өтті.
Келесі сөз кезегі тиген «Әйтеке би» мәдени-тарихи орталығының төрағасы Шахарбек Усманов конференцияға қатысушыларға Әйтеке Байбекұлына арнап салынған мемориалды кешен құрылысы туралы әңгімеледі. Ш.Усманов жетекшілік еткен топ өз жұмысын Өзбекстан Республикасына қарасты Нұрата ауданында жерленген орақ тілді ділмар бабамыздың басына тәу етуден бастаған. «Жергілікті билік өкілдері кешен тұрғызуға рұқсат бергенімен, оны салу жұмыстарына өзбекстандық шеберлердің қол күші мен сол маңдағы кәсіпорындардың құрылыс материалдарын пайдалануды талап етті. Әйтеке би бабамыздың мазарының басына шығыс үлгідегі кесенені салып біттік. Оның жанынан мешіт, мұражай, шырақшы үйі және алыстан келген зиярат етушілерге арнап қонақүй тұрғыздық» деді Ш.Усманов. Конференцияны ұйымдастырушылар қатысушыларға Әйтеке би мемориалдық кешені бейнеленген сурет және басқа да кәдесыйлар тарту етті.
Антрополог ғалым Оразақ Сма­ғұлов­тың Әйтеке бидің суретіне қатысты жа­саған баяндамасын жұрт ұйып тыңдады. «Антропология ғылымы Қазақ­станда әлі дами қоймағандықтан, суретшілер тарихи тұлғалардың суретін саларда антропологиялық деректерді ескермей жүр» деген О.Смағұлов Әйтеке Байбекұлының түр-тұлғасы қазіргі суретшілер салып жүрген суреттерден мүлдем басқа екенін жеткізді. Оның айтуынша, кез келген тарихи қайраткердің бейнесін саларда, оған антропологиялық қырынан да келген жөн.

Нұратадағы Әйтеке би мемориалдық кешені

Нұратадағы Әйтеке би мемориалдық кешені

Жиынға Астанадан арнайы ат терлетіп келген Парламент Мәжілісінің депутаты, тарих ғылымдарының докторы Абай Тасболатов Әйтеке Байбекұлының ерліктері бүгінгі ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратынын сөз етті. «Біз мектепте оқып жүргенде Суворовтың, Кутузовтың ерліктерін ғана оқыдық. Мұғалімдер бізге Бородино сияқты шайқастар туралы айтып, өзіміздің бабаларымыз қаһармандық көрсеткен тарихи шайқастар жайлы ештеңе демейтін. Енді тәуелсіздікке қол жеткізіп, Әйтеке би сынды әрі би, әрі батыр бабаларымыздың ерліктерімен кеңінен танысып отырмыз. Мысалы, Әйтеке би Байбекұлының жоңғар қонтайшысы Қалдан Бошақтының 10 мың әскеріне 5 мың жасақпен қарсы шығып, оны Сайрам қаласының түбінде талқандауы қазақ жастарының рухын көтеретін оқиға. Біз осындай тарихи оқиғаларды жас ұрпаққа насихаттауымыз керек» деді А.Тасболатов.
Жиын барысында республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Өмірзақ Озғанбаев, академиктер Серік Қирабаев, Сұлтан Сартаев, Уахит Шәлекенов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев, ғалымдар Ахмет Тоқтабай, Саттар Мәжитов, Самат Өтениязов шығып сөйлеп, бабаның ел мұратын нығайту бағытындағы ерен еңбегін өскелең жас ұрпаққа кеңінен насихаттау керектігін айтты.
Бір күнге созылған конференцияда 30-дан астам баяндама жасалып, жиын соңында арнайы қарар қабылданды. Қатысушылар бірауыздан Әйтеке би Байбекұлы мен оның мұрасына қатысты зерттеу жұмыстарын одан ары жалғастыра беретін болып келісті.

Бейбіт Нәлібаев

http://anatili.kz/?p=20669