Өткен аптаның бейсенбісі күні youtube.com-да Берік Әбдіғалиға арналған «Ақ Берік» деген ән жарияланды. Әдетте әкімге арнау арнаған ақынды «жағымпаз» деп жақтырмай жатамыз ғой. Бірақ Арқалық халқының Берік Әбдіғалиға арнаған әніне олай деп мін таға алмадық. Өйкені бұл әннен біз қараша халықтың әкімге деген риясыз көңілін байқадық. Оған дәлел «Ақ Берік» әнін күні бүгінге дейін интернет иірімінде 1000 жуық азамат тыңдап үлгергендігінде болса керек.
Бұған дейін Берік Әбдіғали Ұлытау ауданы мен Жезқазған қаласының әкімі болып қызмет атқарған. Міне осы екі қызметте жүргенде-ақ ол өзге әріптестеріне әкімнің қалай болуы керектігін көрсетіп берді. Сонан соң Б.Әбдіғали ҚР Премьер-министрі бірінші орынбасарының кеңесшісі қызметін атқарды. Бірақ Бекең бұл қызметте көп отырмай Арқалық қаласына әкім болып барғаны белгілі. Б.Әбдіғали аталған қаланы басқарған аз уақыттың ішінде Арқалықтың ажарын ашып, жұртшылықтың ықыласына бөленді. Қараша халықтың риясыз ықыласы болар «Ақ Берік» деген әнде оны «Басымызға құдайым берген бақыт» деп бағалайды. Өкінішке қарай, Арқалық халқының бақыты басында ұзақ тұрмады. Өйткені Б.Әбдіғали Қарағанды облысы әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Бірақ бұл қызметте ол екі айға жетер-жетпес уақыт отырып, «Өз еркімен жұмыстан» босаған көрінеді.
Ілгеріде «өз еркімен қызметтен босады» дегенге көпшілік имандай сенетін. Ал қазіргі кезде мұндай жағдайларға былайғы жұрт сене бермейді. Сенбегендігінен болар Берік Әбдіғалидың қызметтен кеткені туралы әркім әр түрлі алып–қашпа әңгімелер айтып жүр. Мәселен, базбіреулер «Халқы үшін қызмет етуді мақсат тұтқан Беріктің өз еркімен қызметтен бас тартуы мүмкін емес, бас тартқызған болар. Біздің елдегі саясаттың сеңін ерітуге ылғи да ұлтшылдар отын етілетіні дәстүрге айналғалы қашан», – деп пікір білдіріпті. Сондай-ақ оның қызметтен кетуін бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарымен байланыстырады. Өйткені саясаткер өз сұхбаттарында ащы пікір білдіріп, үкіметті сын садағына алған болатын. Арқалық қаласының әкімі болып тұрғанда. Әдетте көпшілік мұндай мәлімдемелерді қызметтен кеткен соң жасайды емес пе? Бірақ Берік Әбдіғали түлкі бұлаңға салып, жауырды жаба тоқыған жоқ, ащы ақиқатты жайып салды. Мысалы, «Біз орыс тілінен, Ресейден қорғануымыз керек!» деген сұхбатында «Үкімет бәрібір менің қазақ тілі, қазақты дамыту туралы айтқандарымды қабылдамайды» деп айтты. Сондықтан да болса керек ол «Саясатқа қызығушылығым жоғалды! Ендігі қызығатыным – өзім бұрын айналысқан тарих, этнология. Түбінде сол тарихи-ғылыми жұмысыма қайтып баратын шығармын. Негізгі ойым – у-шу қаладан, саясаттан шаршап, ауылға кету-тұғын. Өйткені кезінде көп нәрселерді айтқанмын. Бәрі бекер сөз сияқты. Сөзжарыс болып кетті», – дейді.
Берік Әбдіғалидың «саясатқа қызығушылығым жоғалды» дегеніне қарағанда қызметтен өз еркімен кетуі де мүмкін. Бірақ Әлихан Бөкейханның «Езілген елі үшін амалсыздан… қара жұмыстың кіріне былғанып, саясаттың сандалына түсуге мәжбүр болғанын» ұмытпау керек. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі кезде қазаққа тарихшы Берік Әбдіғалидан гөрі саясаткер Берік Әбдіғали ауадай қажет. Оны біз «Ақ Берік» әнінен анық аңғардық. Өйткені әнді тыңдаған азаматтың барлығы дерлік экс-әкімнің еңбегіне дән риза екенін жеткізген. Мәселен, саясаткер Айдос Сарым «Мынаны көріп ырза болдым, Беке! Қызмет те, ақша да – қолдың кірі. Өзің қызмет еткен Арқалық жұрты саған осындай құрмет көрсетіп жатса, ешқандай медальдің де, орденнің де қажеті жоқ! Заман біздікі!» деп жазыпты.
Әйтсе де қанша жерден «Заман біздікі» деп, болашақтан зор үміт күткенімізбен, кей-кейде «әттеген-ай» деп қалатынымыз жасырын емес. Себебі бүгінде ұлттық мүддеге жұмыс істеп, бұқара халыққа жақындай түскен азаматтың орнында көп отырмайтыны белгілі болып қалды. Бұған күні кеше Мәдениет және ақпарат министрі болған Дархан Мыңбайдың тағдыры дәлел бола алады. Ол министр болмай тұрып ҚР президентінің әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Міне осындай жоғары лауазымды қызмет атқарған Д.Мыңбай табан астында ҚР Ұлттық мұражайының директоры болып шыға келді. Не себептен қызметінен төмендетілгені белгісіз. Бізге белгілісі – экс-министр өз қызметін нашар атқарды дей алмайсыз. Мысалы, қызметінен кетпес бұрын оның БАҚ-да «Кітапқа көзқарас – мәдениеттілік өлшемі» деген мақаласы жарық көрді. Д.Мыңбайдың аталған мақаласы интернет-форумда қызу талқыланып, көпшілік «Министр мырзаның қоғамдық алаңға шығып, дискуссия тудырып жатқаны дұрыс» деп жылы пікір білдірді. Әйтсе де әлдекімдерге «Министрдің қоғамдық алаңға шығып, дискуссия тудырғаны» тіпті ұнамады. Сондықтан болса керек, оны жылы орнында көп отырғызбай, мұражай директоры етіп жіберді.
Жалпы Б.Әбдіғали мен Д.Мыңбай сияқты өз ойын еркін айтатын саясаткерлерді қуғындау «жабық» қоғамға тән нәрсе. Яғни «жабық» қоғам – догматты түрде жеке басқа табынушылықты, сондай-ақ дамудың ерте кезеңдеріне тән сипаттармен, жаңару, жаңғыруларсыз, ілгері қозғалыссыз тұрып қалу мәнін білдіреді. Ал «ашық» қоғам дегеніміз бұған қарама-қарсы ұғымда айтылады. Ол сыртқы жағдайларға тез икемделіп, жылдам ыңғайланатын, өзара сынға ерік бере білетін демократияшыл қоғам. Өкінішке қарай, біз «ашық» қоғамнан алшақтап кеткенбіз. Ал ашық қоғамнан неғұрлым алшақтай бастасақ, соғұрлым Берік Әбдіғали сияқты алашшыл азаматтардан айырыла береміз. Мәселен өркениетті елдерде қандайда бір басшыны қызметтен алып тастаса, оның неліктен отставкаға кеткені туралы ақпарат беріледі. Ал біздің елде бұл туралы мүлде жақ ашпайды. Сондықтан да болса керек әр түрлі алып-қашпа әңгімелерге ерік берілетіні. Тіпті бұл жөнінде қанша жерден ойын еркін айтады дегенімізбен Берік Әбдіғали ләм-мим демеді. Ол бар болғаны «Менде тайм-аут. Кейін болар» деді. Әрине оны түсінуге болады. Біздің түсінбей отырғанымыз ұлттық мүддеге қызмет ететін осындай азаматтарымызды қашанғы шеттете береміз? Ұзын сөздің қысқасы, «Ақ Беріктің» айыбы не? Қазіргі кезде қараша халықты осы мәселе алаңдатып отыр.
Серік Тұрғынбекұлы, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері
Өздеріңіз жақсы білесіздер, Арқалық қаласының жай-күйі оңай болған жоқ. Бір кезде аты дүркіреген қала қирап, халқы азып-тозып кеткенін көз көрді. Кезінде Арқалық туралы «Қал үстіндегі қала» деп өлең жазып, оны сол кезде «Егемен Қазақстан» газеті бірінші бетіне басқан болатын. Кейінгі кезде ойымызды ашық айтудан алшақтап бара жатырмыз. Өкінішке қарай, Арқалық жұртының қамын ойлап, жағдайын жасайын дейтін басшылар болмады. Мүмкін ол кезде заман да қиын болар шығар. Ал енді «қала құрып бара жатыр ғой» деп үмітіміз үзіліп бара жатқан кезде Арқалыққа Жомар Түбекбаев дейтін жігіт әкім болып келді. Бір қынжылтатыны ол әкім болып ұзақ отыра алмады. Неге екені белгісіз, қазіргі кезде жақсы жұмыс істеп келе жатқан басшыны жұмыстан алып тастау дәстүрге айналған. Ал енді халыққа қалай болса солай қараған басшылар орнында ұзағырақ отырады.
Өкінішке қарай Берік Әбдіғали сияқты жан аямай ұлтқа қызмет еткен азаматтар басшылық орында көп отырмайды. Бұған ең бірінші қарапайым халық қайғырады. Ол бірден Арқалыққа қол ұшын созып, жан-жақты іс-әрекеттер жасаған болатын. Мәселен «Арқалық-Шұбаркөл» теміржолын тездетіп, Үкімет бағдарламасына енгізіп жіберді. Мұндай жобалардың кейбірі іске аспай, кешеуілдеп жатқаны белгілі. Жалпы әкімнің көзге көрінетіні ол халыққа жасаған тікелей қамқорлықтан басталады. Оның қалаға бара салып мәдени іс-шараларды ұйымдастыруы халықты қуантып, рухтандырды. Кезінде басшы болған азаматтардың ел есінде қалған басты себебі де осы рухани дүниелерге жақындығынан болатын. Мысалы Берік Әбдіғали Сақан Хұсайынов, Еркін Әуелбеков, Өзбекәлі Жәнібеков сияқты жұмыс істеді. Аталған азаматтардың еткен еңбегін Арқалық халқы еш уақытта ұмытпай, олардың туған күндерін әрдайым еске алып отырады.
Міне осы Арқалықтың бір кездері тұралап қалған кезі болды. Әйтеуір халықтың шыдамдылығының арқасында кейінгі жылдары Арқалыққа әр кірді. Бұған, әрине, Берік Әбдіғалидың қосқан үлесі орасан. Өйткені ол Ахмет Байтұрсынұлы көшесінде ағартушының атындағы алаң жасаттырыпты. Міне осы алаңда А.Байтұрсынұлының ескерткіш-бюстін орнатып қойыпты. Б.Әбдіғали Арқалықта Алаш арыстарының қадыр-қасиетін көрсетуге барынша тырысып бағыпты. Сондай-ақ Арқалықта бір кезде тұрған игі жақсылардың үйлеріне ескерткіш тақталар орнатыпты. Осындай игі бастамалға халықтың да көкірек көзі ашылып, дән риза болып жатқан жайы бар еді. Арқалық халқы Б.Әбдіғалидың ұзақ орнында отырмағанына өкініп отыр.
Серік Ерғали, публицист, мәдениеттанушы
Ұлтымыз кімнің кім екенін біліп болды. Бұрын-соңды халыққа жағымды әкімдер туралы бұқара өз пікірін, сезімін білдіріп келді. Бірақ, Берік Әбдіғалиұлының (кетерінен бұрын жазылған ән болса керек) Арқалық әкімдігінен кетуіне деген халық жанының шырқырауы естіледі. Тыңдағанда жанарға жас үйірді… Ұлтымыз кімнің кім екенін біліп болды. Бұл ән – сол сезімнің нышаны. Ән емес, мұң бар, қазақ халқының жетімсіреген күйі аңғарылады. Әйтпесе, қазақ азаматқа кенде емес, тек сол азаматтар халықтың қажетіне жарарлықтай билікте анда-санда ғана көрінетін болғандықтан, жұрт сол мұрсаттан ажырағысы жоқ. Елімізде әкімдерді шынайы сайлау болса, халықтың рухы да, мәселесі де өзінен өзі шешілгелі тұр. Қазақты жетімсіретпейтін жалғыз тетік осы сияқтанады. Өзін өзі басқару жүйесінің халқымыз үшін маңызы да сонда – «Ақ Берік» секілді зарлы демейін, мұңды емес, асқақ та, айбынды ән-жырларға шабыт оятарында.
Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ, журналист
Осыдан 2-3 ай бұрын Арқалық қаласына жолым түскен еді. Темір жол вокзалынан қалаға кірген сәтте өз көзіме өзім сенбедім деп айтсам, еш артық болмас, сірә. Өйткені, өзім тұрған, қызмет істеген сүйікті қалам аз ғана уақыттың ішінде жасарып, құлпырып сала берген екен. Сол мезетте Арқалықта тұратын туған-туыстарымның телефон арқылы шаһарға жаңадан басшы болып келген Берік Әбдіғалиұлы туралы жиі айтатын жылы сөздері есіме түсе кетті. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген осы екен-ау…
Иә, іскер басшы Берік Әбдіғалиұлы жаңа қызметке келе сала қаланы абаттандыруға кірісіп кетіпті. Ол бүгін де көрер көзге айқын көрініп тұр. Мамыр айында келген оған халық дән риза! Арқалықтықтардың осы кезге дейін әкімдерін сағынатындарын жиі естиміз. Қаланың көркіне көрік қосқан жасанды мүсіндер мен талға ілінген шамдарды қала тұрғындары көптен көрмеген екен. Былай қараған адамға бұл үлкен іс болып көрінбегенмен, тұрғындарды осының өзі-ақ қуантады. Айтпақшы, әлгі мүсіндерді бірнеше күнде бұзықтар сындырып кетеді деп қауіптеніп, әкімге ескерткен арқалықтықтар бүгінде ол ойларынан қайтқандай. Соған қарағанда Арқалықтың кейбір бұзақы жігіттері де қаланың көркейгеніне іштей риза болып, әкімдерінің еңбегін зая кетірмеуді ойласа керек.
Негізі, өз қалаларын сүйетін, оның әр тал-тасына ұқыпты қарайтын Арқалықтың патриот жастары аз емес. Оны өзіміз сол қалада аз жыл қызмет атқарғандағы көзге көргенімізбен айтып отырмыз. Берік Әбдіғалиұлы әкім болып келгелі мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы да жақсы деңгейде дами бастапты. Бүгінде бірнеше жыл қаңырап тұрған құс фабрикасы қалпына келтіріліп, қарқынды жұмыс жасауда. Естуімізше, жылына 103 миллион дана жұмыртқа шығаратын фабрика алдағы уақытта оны 300 миллионға дейін жеткізуді көздеп отыр екен. Міне, «жас келсе – іске» демекші, мұның бәрі де мемлекетшіл ағамыздың зор еңбегі деп білеміз. Арқалық тұрғындары, жоғарыда айтқанымыздай, әлі күнге дейін Берік Әбдіғалиұлын сағынады, оның бастап берген зор ісін жаңа әкімнің әрі қарай іліп әкетуін тілейді…
Өзім бүгінде елордада тұрамын. Бірақ біздің аз күнге барғандағы көзбен көріп, қолмен ұстағандағы қуанышты сезімімізді жеткізу қиындау. Ал қала тұрғындарынан Берік Әбдіғалиұлына деген жылы лебіздер толастамақ емес.
Серік Жолдасбай
«Жебе» газеті,