АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Әкеге қарап бой түзейдi

87809565_otec_i_suynБала кезiмiзде әкемiздi көргеннен-ақ есiмiздi жиып ала қоятынбыз. Өйткенi әкемiздiң мiнезi қатал едi. Әсiресе, мен үшiн сабаққа дайындалу, үй тапсырмасын әкемнiң көзiнше орындау қияметтiң қияметi болатын. Шындығын айту керек, есеп сабағын шығаруға келгенде өте шорқақпын. Әкем есеп-қисапқа бейiм, шемiшкеше шағады. Мәселе есептi оқып, “пәлен шақырымнан келе жатқан пойыздың жылдамдығын шеше алмай, басым қатады. Сондай кезде әкем ұрсып, зекiп, дегбiрiмдi алып бiтетiн. Менiң қорыққанымнан саусақтарым дiрiлдеп, жазған әрiптерiм қисайып кететiн.

Сыныптан сыныпқа көшiп, әр тоқсанды аяқтаған сайын төртке шықпауға тырысып, барымды салатынмын. Өйткенi ата-аналар жиналысына қатысып, алдыңғы қатарда отырған әкем үшiн озат оқушы ретiнде менiң аты-жөнiмнiң алдыңғылардың бiрi боп аталуы – мен үшiн өте маңызды. Озат оқушылардың қатарында менiң фамилиям аталғанда ғана әкемнiң көңiлi көншiп, үйге мерейi тасып оралатын. Әкенiң сондай “қаталдығын” көрiп, “пiсiп, қатқан” балалардың өмiрге икемдi, етi тiрi болып өсетiнiне де кейiннен көзiм жеттi.
Иә, бала үшiн ана мейiрiмi мұхиттай терең десек, әкенiң де орны бөлек, асқар тау екенi ақиқат. Ана жүрегi жұмсақ, перзентiн өбектеп қаншалықты езiлiп, елжiреп тұрса, жақсы көру сезiмiн бiлдiре бермейтiн әке тәрбиесiнiң қаталдығы астарында “балам бос-белбеу, жасық, жiгерсiз болып өспесе екен” деген ниет жататындығын аңғара бермейтiнiмiз өкiнiштi, әрине.
Қазiргi әкелердiң көпшiлiгi баласына өбектегiш, айналып-толғануға, баласының айтқанын “екi етпеуге” келгенде аналардан асып түседi. Кейде “әке мен ананың орны ауысып кеткен жоқ па, осы?” деп те қаласың. Ер-азаматтарымыздың көпшiлiгiнiң мiнезiнде, болмысында өзгерiстер жоқ емес. “Отбасылық проблеманы” шешуге келгенде жалтақ, боркемiк, тәуекелшiл емес, “нағыз әйел ерге қарайды, ер жерге қарайдының” керi келген заман. Қазiр әйелдi, бала-шағаны қабақпен тәрбиелейтiн уақыт өткен. Өйткенi жұмысы жоқ, әйелдiң тапқанына ортақтасып, масыл болған еркектiң отбасында қандай беделi бар? Әйелдiң қабағына қарап, “ас-ауқатын зекiмей берсе екен” деп мөлтеңдеген отағасыдан не үмiт, не қайыр? Ол бала үшiн қандай “асқар тау, тұлға” болмақ?!
Осы тұста теледидардан берiлген бiр бағдарламадағы (кездейсоқ көрiп қалған едiм) әншi жiгiт Айқын Төлепбергеннiң, қалалық жiгiт – Айқынның сөзiнiң көкейге қонғандығы сондай, оған деген құрметiм арта түстi. Ол айтады: “Әкенiң қадiр-қасиетiн өзiм әке болғанда түсiндiм. Қандай биiкке жетсем де әкемнiң тәрбиесi арқасында келгенiн iшiм сезедi. Әке балаға арқа сүйейтiн асқар тау, тiрек, заңғар тұлға болуы керек. Әкенiң қолынан келмейтiн iс болмауы керек. Бала әкесiн айбын, алынбас қамал, мықты қорған деп сезiнгенi абзал” дейдi. Өте әдемi сөз. Құнды ой. Ал бiздер, бала тәрбиесiндегi олқылықты, бетiмен кетушiлiктi бiресе мектепке, бiресе ата-анаға сiлтегiмiз келедi. Ең бастысы, бала отбасында әкеге қарап бой түзейдi, елiктейдi, жақсысын алады, жаманын да (бар болса) бойға сiңiредi. Ендеше, қадiрмендi әкелерiмiз жас өскiн балаларға қандай қорған, асқар тау болып жүрсiздер? Осы тұрғыда ойланып көрдiңiздер ме?
Қалдыгүл Мұратова,
Созақ ауданы
Оңтүстiк Қазақстан облысы.

http://zhasalash.kz/