АЛТЫНОРДА
Новости

 Әкесінен алимент алмайтындар 54 мыңға жетті

Әйелін балаларымен тастап кеткен тасжүрек әкелерден енді мемлекет теріс айналмақ! Оларға Қазақстанда бірқатар мемлекеттік қызметтер көрсетілмейтін болады. Кеше «Үкімет үйінде» Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті. Осы жиында Бас прокуратураның өз балаларына алимент төлемейтін еркектерге бірқатар мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетуден бас тартуды қарастыратын арнайы заң жобасына бастамашы болғандығы жарияланды. 


Бұл хабарды жеткізген Бас про­ку­рордың орынбасары Жақып Аса­нов өздерінің осы жоба тұжырым­дамасын алдағы мамыр айында-ақ Президент жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңестің қарауына енгізуді жоспарлап отырғандарын айтты. «Біз ұсынып отырған өзге­рістердің мәні мынада, – деді ол. – Қарыз болып қалған алиментшілер қай мекемеге бармасын, қандай мемлекеттік қызметтер алмасын, барлық жерде жеке басын куәлан­дыратын құжатын ұсынысымен, проблемаға жолығатын болады. Яғни бүкіл жерде оған мойнында өтелмеген қарызы бары ескертіліп отырады.
Әрине, заң жүзінде шектеу енгі­зілгеннен кейін, сол тыйымдар қолданылатын тұлғалардың «қара тізімі» болуға тиіс. Осы мақсатта жос­пар бойынша, сот актілерін орындау комитетінде әлгіндей қа­рызға батқан еркек кіндіктілердің ар­найы реестрінің құрылатындығы хабарланды. «Оларды мемлекеттік қызметтің 286 түрі бойынша шектеп тастауға болады» деді Бас прокуратураның жоғары лауазымды өкілі. Рас, ол еркектердің кейбірі ерік­кеннен қашып жүрмеуі де мүмкін, бо­рышын өтеуге жағдайы келмей жүруі де ықтимал. Оған қоса, енді би­лік оны мемлекеттік қызметтер көр­се­туден толық аластаса, оның жағ­дайы қиындай түсері анық. Бұл ретте комиссия отырысында «екі қол­ға бір күрек» таба алмай жүрген­дер үшін бұл тұжырымдаманы жұ­мыс­пен қамту бағдарламасымен үйлестіре жүзеге асыру қажеттігі айтылды.

Қалай болғанда, ар-ұят тұрғысынан азаматтыққа лайық болмағанымен, олар бәрібір құқық тұрғысынан «Қазақстан азаматы» болып қалады, демек, оны барлық жағынан толық шектеу – Конс­титуцияға қайшы. «Әлеуметтік, білім беру сияқты кейбір мемлекеттік қыз­меттерді көрсетпей қою – оның азамат ретіндегі конституциялық құқығын бұзуы мүмкін, сондықтан ондай қыз­меттер шектелмейтін болады, – деді осы орайда Ж.Асанов. – Бұл жерде әңгіме лицензия алуын шектеу, еңбек де­ма­лысына шығуға құқық бермеу, аң аулау құқығынан айы­ру және басқалары жайында болып отыр. Яғни бұл құ­қықтардан айыру конституциялық құқығын бұзбайды». Бұған қоса, қазіргі кезде қарызы қор­даланып қалған алиментшілерден автокөлігін тәркілеу сияқты ұсыныстар қаралуда деседі. Бұл ретте оның құқығын шектеу туралы соңғы шешімді сот қа­былдайтындығы білдірілді. Бір айта кетер жайт, мемлекет бұған мәжбүрліктен барғалы отыр. Бас про­курор орынбасарының мәліметінше, қазіргі кезде Қазақстанда төленбеген алименттер ауқымы 3,7 миллиард теңгені құрауда. «Бұл – 54 мың бала алимент ал­мады деген сөз» деді Жақып Асанов. Өз әкелерінен қайыр көрмеген бала­лар­дың ауыртпалығы осыдан келіп, мем­ле­кеттің иығына да түседі: олар бю­джет­тік жәр­демақыларға тәуелді аз қам­тыл­ған отбасылар қатарын то­лық­тырады.
– Бірте-бірте ондай алиментшілер үшін адам төзбес жағдай туғызылады, – деді Бас прокуратура басшылығының өкілі. – Сонда оларға ең оңайы әрі тиім­дісі «бар қарызын төлеп құтылу» бо­лады.

Елдос СЕНБАЙ

http://www.aikyn.kz