Шенеунік өзіне қарасты елді мекендердің біріндегі ауыз су құбырын жөндетемін деп бюджеттен 34 миллион теңге бөлдіріп алыпты. Бірақ артынша не ақша, не әкімнің өзі таптырмай, ұшты-күйлі жоғалған. Сөйтсе, шенеунік жоқ құбырды жөндеуге қаражат сұрап, көп ұзамай жұмыстан шығып қалған екен.
Әкімі аузын айға қаратып кеткен ауыл осы. Өмірбақи құдықтан су тартып келген халық «су құбыры» дегенді мүлдем көрмеген. Ауылда атымен жоқ дүниеге 34 миллион теңге бөлінгенін естігенде, Сайлыкөлдіктер, тіпті, сасып қалды. 40 жыл болды суды құдықтан алып ішіп жүрміз. Құбыр деген не ол? Не деген сұмдық?! Сонда ол ақша қайда кеткен?, дейді Сайлыкөл ауылының тұрғыны Лидия Беканова.
Баладай сенгіш жұрт қыруар ақшаның құбырдан бұрын жолға неге жұмсалмағанын түсінбей дал. Өйткені шұрық тесік ауыл жолы қазір топыраққа айналған екен. Тек енді ол 34 миллионның өзі тұрмақ, ізі де жоқ. «Құбыр жөндеткіш» Қаспан ауылдық округінің әкімі тендер аяқталған бетте тайып тұрыпты. Жөндеу жұмыстары сәуір айында басталуы тиіс болған. Алайда, арада 4 ай өтсе де, осы күнге дейін жұмыс басталмаған. Оның басты себептерінің бірі Сайлыкөл ауылында су құбырларының мүлдем болмауы, дейді Кербұлақ ауданы прокурорының көмекшісі Олжас Әбдіраман.
Алаяқ әкімге іздеу жарияланды. Тендерді тамаққа, ал мемлекетті ақымаққа санаған Нұрлан Әденов жазадан бәрібір де сытыла алмайды деп сендірді прокурорлар.
КТК арнасы
http://aikyn.kz/