Қазақ xандығының 550 жылдығына орай «Қазақстан Орал» телеарнасы «Аққұмнан шыққан ақ берен» атты деректі фильм түсірді.
Жаңа туынды Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы әкімшілігінің қолдауымен жарық көріп отыр. Фильм режиссері әрі сценарий авторы Мұнайдар Балмолда, операторы Тарас Қажымов, бейнеинженері Жанаман Ерғалиев, дыбыс режиссері Рауль Бишаев.
Танымдық еңбек Әбілқайыр xан мен Бөкенбай батыр туралы тың мәліметтермен құнды. ХVІІ-ХVІІІ ғасырдағы Ресей империясының қазақ жерін біртіндеп отарлау саясаты сөз болады. Басты кейіпкер Әбілқайыр хан мен оның қасына серік болған батыр, мәмілегер табын руынан шыққан Бөкенбай Қараұлы.
Бөкенбай Қараұлы – он бес мәрте жекпе-жекке шығып, бәрінде жеңіске жеткен қолбасы. Өкінішке қарай, баһадүрдің бірқатар ерлігі осы уақытқа дейін Қанжығалы Бөгенбайға телініп келгенін мұрағат құжаттары айғақтайды. Жергілікті ғалымдар тарих ғылымының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев, Самат Құрманалин, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбілсейіт Мұхтар, Ақтөбе облыстық тарихи өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері Бекарыстан Мырзабай, Бөкенбай батырдың жетінші ұрпағы Мұратбай Сүйінғараев ақ-қараны ажыратып, нақты дәлелдер келтіруге тырысқан. Бұл туралы фильм авторы Мұнайдар Балмолда өз сөзінде «Орыс империясының барлаушысы, ұлты поляк Витевский деген ғалымының «Неплюев және Орынбор өлкесі» атты монографиясында Бөкенбай Қараұлы туралы «батыр және би» деп жазылған. Сондай-ақ орыстың қолға түскен офицері Гвардовскийдің жазба күнделігінде де Бөкенбай жайлы мәлімет мол. Ал қанжығалы Бөгенбай Ақшаұлы Әбілқайыр ханның апасы Бәтимаға үйленген, ал қарындасы Махфузаны шақшақ Бөгембай Қожекеұлы алған. ХVІІІ ғасырдағы Бөкенбай мен Бөгембайлар Әбілқайыр ханның айналасына осылай топтасқан. Соның да салдары болар, Бөкенбай Қараұлының барлық ерлігі қанжығалы Бөгенбайға телініп кете барған. Орыс тарихшысы Ирина Ерофеева және Әбіш Кекілбаев «Үркер» кітабында Бөкенбайды анықтап жазып берген. Бөкенбай Қараұлы баһадүр атанып, қолбасы болып жүрген шақта қанжығалы Бөгенбай жас болған екен, ауыз әдебиетінде «қарт Бөгембай» дейтіні –осы біздің кейіпкер Бөкенбай. Бөкенбай Қараұлының жерленген жері Ақтөбе жерінде, Бөкенбай шоқысы деген жер бар. Бұл туралы тұтқын Гвардовский де жазыпты, елдің көнекөздері біледі, тарихшылар да осыны айтады.
Бұдан бөлек, орыс елшісі А.Тевкелеевтің отарлау саясатын жүргізудегі іс-қимылы, қазақ арасында басына қауіп төнгенде, Бөкенбай Қараұлының арқасында аман қалғаны баяндалады.
Ең басты назар аударарлық мәселе, Әбілқайыр хан орыспен қосылуға қазақ халқын жан-жақты соғыстан құтқару үшін, басты жауы жоңғардан азат ету үшін, башқұрт, хиуалықтардан, орыс-казактарының озбырлық шабуылдарынан аман сақтау үшін, қазақ хандығының билігін нығайту үшін барған. Бұл тың көзқарас, себебі көп тарихшылар әлі күнге Кеңес кезеңіндегі былықтан, ханды сатқын деп айыптаудан аса алмай жүр. Ал Ресей оның бұл әділ ниетін өз пайдасына қарай бұрып әкетті де, Тевкелеев сияқты қу-айлакер, шоқынған татар мырзасын жұмсады» дейді.
Сонымен, деректі туынды түсіру барысында ел қорғаған батырлар мен сол заманғы көріністі көрсетуге шыңғырлаулық қарапайым жұртшылық атсалысыпты. Киіз үйлер тігіліп, арнайы киімдер алынған.
– Аққұм деген Шыңғырлау мен Қаратөбе ауданы арасындағы құмды аумақ, Бөкенбай батырдың табаны тиген мекен. Сол араға Қарақұм құрылтайын бейнеледік. Негізі, Қарақұм–Арал маңындағы жер, сосын Ақтөбе, Маңғыстау облыстарындағы әріптестеріміз кей көріністермен бізге қол ұшын созды. Әрине, жұмысымызда олқылық жоқ емес, сол заманғы дүниені беру бізге өте қиынға соқты. Бірақ қолымыздан келгенше тырыстық. Ал монтаж барысында әр қилы көріністерге де арқа сүйеуге тура келді, ең бастысы алған тарихи тақырыпты ашуға ниет қойдық. «Қазақстан Орал» телеарнасы бұл дүниені тамыз айының аяғына таман эфирге беруді көздеп отыр. Фильмнің ұзақтығы 48 минут. Бұл дүние Әбілқайыр ханның іс-әрекетіне тың көзқарас береді. Оның Ресейге қосылудағы мақсаты – отар болуға ұмтылу емес екені айтылады. Алматы мен Астананы қамту жоспарымда болған, бірақ оған әр қилы себептермен күш, уақыт және қаржы жетпеді. Әйтсе де, «Аққұмнан шыққан ақ берен» фильмі діттеген мақсатына жетті деп білемін, – дейді Мұнайдар Балмолда.
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
http://aikyn.kz/
Cурет http://aikyn.kz/ газетiнен алынды