Алдан СМАЙЫЛ, Мәжіліс депутаты ХХІ ғасырды ақпарат билеп отырғаны қайта-қайта дәлелденген шындық. «Ақпарат кімнің қолында болса, сол әлемге әмірін жүргізеді» деген сөз ақиқатқа айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымының деректеріне жүгінсек, жер бетіндегі мемлекеттерге сағат сайын 3 триллион ақпар таратылады екен. Олар адам қызметінің барлық саласын қамтиды және белгілі елдер мен топтарға қарсы қолдану үшін сұрыпталғандары да бар. Қазіргі таңда дамушы елдердің саяси-мәдени элитасы осы ақпарат соғысынан қорғану үшін оны жан-жақты зерттеуде. Соның нәтижесінде, аталған мылтықсыз майданның түрлі бағытта жүріп жатқаны анықталып отыр. Нақтырақ айтсақ, мәдени ақпарат агрессиясы, экономикалық ақпарат агрессиясы, ақылдың ақпараттық соғысы, бейбіт үрейлендіру, психологиялық үрейлендіру секілді салаларға тарамдалған. Идеологиялық күрестің америкалық үлгісінде бұлармен қатар «ұлттың ерік-жігеріне қарсы операция», «ұлттық мәдениеттер деңгейіндегі операция» деген бағыттар кездеседі. Атауынан көрініп тұрғандай, бұл бағыттар белгілі бір ұлтты, қажет кезінде, іштей рухани ыдыратып, мәдениеті-не шабуыл жасауды көздейді. Қазақстанда осы майданның қыр-сырын тұрақты зерттейтін орталық бар ма? Жоқ секілді. Соның салдары шығар, республикадағы бұқаралық ақпарат құралдарынан аталған саладағы талдау мақалаларын көре алмай жүрміз. Бұл орайда ақпарат әлеміне жауапты министрлік пен басқа да мемлекеттік құрылымдар да алаңдамайтындай. Сырттан келіп жатқан ақпарат, оның саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани, ұлттық-психологиялық әсерлері жайлы келелі жиын өтті немесе өткізілмек деген секілді сөз де естілмейді. Ал бүгіні мен ертеңін терең ойлаған елдер әрекет үстінде. Ресейде президентке тікелей бағынатын Ақпараттық талдау бюросы жұмыс істейді. Құрамында 1500 маман бар, бірнеше салалас басқармаларды біріктіреді. Олардың ішінде «Электронды бұқаралық ақпарат құралдары басқармасы», «Баспасөз бұқаралық ақпарат құралдары басқармасы», «Интернет басқармасы» маңызды саналады. Мұнымен қатар «Аналитикалық», «Батыс Еуропа», «Латын Америкасы», «Оңтүстік Азия», «Оңтүстік-Шығыс Азия» басқармаларын құру жоспарланған. Америка Құрама Штаттары бұл ретте мол тәжірибе жинақтап отыр. Осындағы «Ақпараттық стратегия және саясат орталығы» өткен ғасырдың елуінші жылдарынан әрекет етуде. Оның құрамдас серіктері болып табылатын «Мемлекеттік ақпарат агенттігі» мен «Мәліметтер жинау және зерттеу бюросы» бар. Бәрінің мақсаты біреу – сырттан келетін ақпараттың зардабынан қорғану және әлемге ақпарат арқылы үстемдік етудің ұтымды жолдарын айқындау. Вашингтондағы ұлттық қорғаныс университеті осы құрылымдарға түрлі елдердегі бұқаралық ақпарат құралдарының қыр-сырын, бақылауға алынатын ұлттың тілі мен дәстүрін, психологияны, социологияны, әлем халықтары тарихын, антропологияны жетік білетін қызметкерлер даярлайды. Асылында ақпарат арқылы әлемді билеуге болатыны жайлы ойды өткен ғасырда алғаш айтқан адам – АҚШ зерттеушісі Г.Лассуэлл (1902-1978). Ол ақпаратты қоғам жайлы сөз қозғап, өмірді информация арқылы өзгертуге болатынын дәлелдеді. Ақпараттың құдіретін екі нысанаға бағыттауды ұсынды: қоғамдық ойды қалыптастыруға және мәдениетті таратуға. Тағы бір америкалық ойшыл С.Нилус «Протоколы собраний сионских мудрецов» деген еңбегінде: «Ақпарат тұрғындарды қайта программалаудың құралы» дейді. Екінші сөзбен айтсақ, бір мемлекеттің елін дүркіретіп көшеге шығарып, ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамды, мәдениет пен дәстүрді тас-талқан еткізуге болады. Бұған қазіргі ереуілдеген араб дүниесі дәлел. АҚШ-тың қазіргі таңдағы телерадио жүйелеріне зер салсақ, С.Нилус пен Г.Лассуэлдің мәлімдеулері бүгін де, ертең де маңызды бола беретініне көз жеткізесің. Алпауыт елдегі «Голос Америки» радио торабы аптасына 53 тілде 660 сағат хабар таратады. «Уорлдент» телекино, «Марти» радио және телевидение қызметтері, «Радио Свободная Европа», «Радио Свободная Азия», «Радио Свобода» стансалары, «Интернет – провайдер Америка онлайн», «Тайм Уорнер» ақпарат алпауыттары әлемді шырмап алған. Соңғы екеуі 2000 жылы бірігіп, америкалық жаһандық меншікті ақпарат империясын құрды. Құны 350 млрд доллардан асып жығылады. Мұны аз десеңіз, телерадио хабарларын әлемнің кез келген түкпіріне заматта тарататын екі ғарыш спутнигі Жер шарын шыр айналып жүр. Бір мезгілде 150 телеарна арқылы хабар бере алады. Жылдық жалға беру құны – 2 млрд доллар. Кейінгі жылдары Қытай да ақпарат державасына айналуға ұмтылуда. Елдегі 1,5 мың радиостанция күні-түн кірпік қақпайды. Газеттер таралымының жалпы құны 20 млрд доллардан асты. Журналдар 2,5 млрд данамен шартарапқа жөңкіліп жатыр. Біз, Парламент Мәжілісінің депутаттары Гүлнар Сейітмағанбетова, Гүлмира Исімбаева, Светлана Бычкова «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасын жазғанда жоғарыда баяндалған жайларды еске алдық. Ақпарат-саясат, ақпарат – мәдениетке шабуыл, ақпарат-арандату түрінде көбейіп, оларды тарататын электронды құралдардың техникалық мүмкіндігі шексіз артқан кезеңде қамсыз отыру – келешегіңе ор қазумен бірдей еді. Жоба Қазақстан Республикасында балаларды БАҚ арқылы таралатын залалды ақпараттан заң жүзінде қорғау мақсатын көздей-ді. ТМД елдері мен әлемдік қауымдастық бұл орайда бізден көш ілгері. Көптеген мемлекеттерде БҰҰ-ның балаларды қорғау туралы 1989 жылғы Конвенциясына сәйкестендірілген заңдар бар. Біз соларды, атап айтқанда, Еуропа одағының «Компьютерлік қылмыстар туралы», «Электронды бұқаралық ақпарат құралдарында зорлық-зомбылықты көрсету туралы» заңдық күші бар декларацияларын, ТМД елдеріне арналған «Балалардың мемлекеттегі құқықтарының негізгі кепілдіктері туралы» үлгі заңын терең зерттедік. Сонымен бірге АҚШ, Канада, Германия, Ұлыбритания, Нидерландия, Норвегия, Италия, Жапония және басқа дамыған елдердің осы тектес заңдары сараланды. Олардағы балаларды адамгершілік сезімнен суытатын, психикасы мен денсаулығына зардабын тигізетін, қатыгездікті насихаттайтын, бір сөзбен айтқанда, жеткіншектерді рухани аздыратын ақпараттан қорғауға арналған құқықтық шаралар ескерілді. Осы ізденістер кезінде біздің, қазақ қоғамының аталған салада кеш қалғанымызды аңғардық. АҚШ-та балаларды интернет зардаптарынан сақтандырудың жолдары бұдан он төрт жыл бұрын қарастырылыпты. 1998 жылы «Кәмелетке толмағандардың жеке өмірін қорғау туралы акт» қабылданып, 13 жастан төменгі балалар үшін web-ресурстарды міндетті түрде классификациялау нормасы енгізілген. Бұл заң бойынша 16 жасқа дейінгілердің басқа интернет-ресурстарға ене алмайтын жеке интернет-адресі болады. Ал балалардың рухани тазалығы үшін интернет-компаниялар мен провайдерлер жауап береді. Бұл талапты Еуроодақтың 30 әлемдік ауқымдағы интернет-компаниялары құптаған. ТМД елдеріне келсек, «Кәмелетке толмағандарды теріс ықпалдан қорғау туралы» заң Грузияда 2001 жылы, «Балаларды денсаулығы мен дамуына кеселін тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң Ресейде 2012 жылы қабылданды. Біз осы тәжірибелерді қарастыра келе, Қазақстан Республикасында балалардың ақпараттық қауіпсіздігі туралы дара заң қажет екендігіне әбден көз жеткіздік. Жоба осылай дүниеге келді. Онда әлемдік тәжірибе Қазақстандағы ақпараттық ахуалға барынша сәйкестендірілген және елдегі заң айналымында жоқ кейбір құқықтық ұғымдар енгізілген. Солардың ішінде «Балаларға арналған ақпараттық өнімнің жас сыныптамасы» және «Жас санаттары» ұғымдары бар. Таратып айтсақ, заң жобасы бойынша балаларға арналған ақпараттық өнімдерге жас сыныптамасы сараптамасы жүргізіледі. Сараптама ақпараттық өнімнің жанрын, тақырыбын, мазмұны мен безендірілуін; ақпараттық өнімді ұсынудың тәсілін; балаларға жасырын әсер ететін арнаулы әдістердің бар-жоғын; баланың ақпараттық өнімді бірнеше рет көру мүмкіндігін айқындайды. Мұндай сараптама ақпараттық өнім Қазақстан Республикасының аумағында таратылғанға дейін жүргізіледі және ол сол өнімді өндірушіге жүктеледі. Жобада республиканың заңнама тарихында алғаш рет компьютерлік және өзге де электронды ойындарды таратушылардың міндеттері сараланып отыр. Біз осы ойындарда балаларға ұсынуға тыйым салынған ақпараттық өнімдерге тән көріністердің болмауына қол жеткізуді ойластырдық. Оларда агрессивті күш көрсетуге және өзге де қоғамға жат іс-әрекеттерге арандататын сюжеттер кездеспеуге тиіс. Компьютер арқылы баланың виртуальды кісі өлімін, азаптау, қорлау, жәбірлеу және басқа да әбестіктер әрекеттерін қолдан жасай алуына жол бермеу талап етіледі. Интернет-ресурстар, ұялы радиотелефон байланыс желілері қызметтерінің провайдерлері, интернет-ресурстарға ұжымдық қол жеткізу пункттерінің иелері мен құрылтайшылары заң жобасындағы осы және басқа қағидаларды орындауға міндеттеледі. Мұнымен қатар балаларға арналған баспа өнімінде, дыбыс, кино және бейнеөнімдерде баланың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпарат болмауға тиіс. Білім беру мекемелерінде балаларды оқытуға арналған ақпараттық өнімнің мазмұны осы заңның талаптарына сәйкес келуі шарт. Шәкірттерге арналған дәптерлерді, күнделіктерді, кітап тыстарын, кітап белгілерін, мектептер мен мектепке дейінгі балалар мекемелерінде пайдаланылатын өзге де полиграфиялық өнімдерді безендіру жас сыныптамасы категорияларына лайық болуға тиіс. Бәрімізге белгілі, телекоммуникациялық желілердің трансшекаралық сипат алуы балаларды зиянды ақпараттардан қорғау шараларын халықаралық ауқымда ұйымдастыруды қажет етеді. Бұл мәселе жобаның «Баланы, оның денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау саласындағы» халықаралық ынтымақтастық тарауында берілген. Онда ынтымақтастықтың негіздері, мемлекеттердің құзыретті органдары, халықаралық үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын үйлестірудің бағыттары айқындалған. Түйіндеп айтсақ, заң жобасы мына мазмұндарда ерекшеленеді: Осындай заң тетіктерінің болмауы республикада балалар арасындағы қылмыстың көбеюіне, басқа да өрескел қылықтардың артуына әкеліп соққанына дәлел көп. Қоғамды, әсіресе, суицид делінетін оқыс оқиғалардың жиіленуі шошындырады. Қазақстанда 2009 жылы ғана 202 бала осындай жолмен өмірін қиған. 2010 жылы өзіне-өзі қол салған өрендердің саны 211-ге жеткен. «Қазақстандағы тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер институты» жеткіншектерді осындай үрейлі қадамға итермелейтін себептер ретінде ақпарат желілерінде таратылатын зорлық-зомбылық көріністерін атап көрсетеді. «Мединфарм» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мәліметтері де көңілді қобалжытады. 2011 жылы 15-19 жас аралығындағы 22081 қыз бала жүкті болған. Олардың 155-і он бес жастағылар. 728-і он алты жасқа енді толғандар. Бұлар да, негізінен эфирлердегі рухани құнсыздандыру қаракеттерінің құрбандары. Ал ата-аналарынан безіп, отаншылдық сезімін жоғалтқан жеткіншектер туралы айта-айта шаршадық. Өмірді мағынасыз кезеңге балайтын, қоғам үшін қызмет етуді күнәһарлық деп есептейтін жастар да жоқ емес. Қатыгездік мектеп шәкірттерінің арасында жиі байқалатын болды. Пышақтау, ату, ұрып-соғу әрекеттері туралы телеэфирден естіген сайын жағаңды ұстайсың. Осының бәрі халықты ойға бөктіріп отыр. Биліктен рухани өмірді зардапты ақпараттан тазартып, балаларды қорғау шараларын шұғыл қолға алу қайта-қайта талап етілуде. Ал бұл міндетті тек заң арқылы ғана жүзеге асырасың. Сондықтан біз әзірлеген заң жоба- Демократия деген құндылықты түрліше түсінген, оны қоғам мен халықтың игілігі тұрғысынан емес, өзінің жеке, кей ретте қылмысқа пара-пар қаракеттері үшін пайдаланушылар ақпарат әлемін жаулай бастағаны рас десек, зиянды ақпараттан балаларды заңмен қорғау – ұлттық парыз. Сондықтан да бұл мәселеге Әзірбайжан, Беларусь, Тәжікстан, Украина парламенттері мен ТМД Парламентаралық ассамблеясы айрықша мән беруде. Ресей арнайы заң қабылдаумен шектелмей Федерация Президентінің жанынан «Балалардың құқығы жөніндегі өкілетті кеңес» құрды. Оның негізгі мақсаты – «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттардан қорғау туралы» заңның орындалуын бақылауға алу. Осындай қадамдар Қазақстанда да жүзеге асырылуға тиіс. Аталған заң қабылданған жағдайда оның орындалуын қадағалайтын өкілетті орган бізде де құрылса, нұр үстіне нұр болмақ. Тек сонда ғана жас ұрпақтың толыққанды дамуына айрықша ықпал ете аламыз. |
http://www.aikyn.kz