Үйге сөйлейтін тотықұс сатып әкелдім. Ұлыстың ұлы күніне әйеліме сыйлық болсын дегенім ғой. Сөйлейді. Бірақ орысша. «К черту!» деп қояды маған. Аузына елу доллар қыстыра қойып едім: «Қаз-зақ тілі жасасын! Қаз-зақ тілі жасасын!» деп сарнап қоя берді. Аяғымды аяғыма «өріп» қойып, ойлансам, бүгінде ақшасыз ештеңе бітпейді екен ғой! Тойхана ашқанмын, жарық кіргізу үшін қанша мың долларым кетті. Бара бердім, пара бердім, су кіргізу үшін де бара бердім, пара бердім, газ кіргізу үшін де бара бердім, пара бердім. Пара бермесең, қыстырмайды, керек десеңіз, ысқырмайды… Аттап бассаң, ақша… Біз сияқтыларға мейлі, кеңірдегінен асқазаны көрінетін кедейлерге қиын енді…
Наурызда сүт ішіп отырайық деп, сиыр сатып алдым. «Ерекше сиыр, сегіз емшегі бар» дегенге сеніп қалсам, астына үңіліп қарамаппын ғой, төрт емшегі түгел екен.
– Сүт шықпай жатыр, – деді күтуші әйел.
– Емшегін жақсылап тарттыңыз ба?
– Жіп байлап тарттым. Сүт шықпайды.
– Не шығады сонда?
– Айран шығып жатыр…
– Қалай сонда?
– Білмедім.
Сиырымның алдындағы шөпке он мың теңге тастап едім, көздері жайнап, шөппен араластырып жеп қойды. Сол екен, бір емшегінен он кілә сүт, бір емшегінен он кілә йогурт, бір емшегінен он кілә қымыз, бір емшегінен бір шелек минералды су сауып алдық! Әне, ақшаны бәрі жақсы көреді. Ұлыстың ұлы мерекесі көңілді өтсінші деп, ағылшын мысығын сатып алғанбыз. Кіші қызым жүдә жақсы көретін болған соң. Бірақ мысығы құрғыр не мияуламайды, не еркелемейді, не пырылдамайды, не тамақ жемейді… Алдына елу тиын тастап едім, ой, тоба, көздері жайнап, мияулап, аяғыма еркелей оратылып барып, пырылдап ұйықтап қалды! Бір кезде жұмысшым жетіп келді. Ұнжырғасы түсіп кеткен.
– Не болды? – деп сұрадым мен.
– Үш жүз тауықтың біреуі де тумай жатыр…
– Неге? Мейрамда бліншік пісіретін едік қой…
– Біреуін ұстап алып, белінен қысып едім, өліп қалды…
– Неге қысасың, ойбай?
– Бұрын сөйтсем, жұмыртқасы ытқып шығатын…
– Банкрот болатын шығармыз! – деп күйінгеннен бетіме қара күйе жағып, тауық қораға келдім. Күміс жүз теңгеліктерден бір шелегін шашып кеп жібердім. Тауықтар жапа-тармағай жұтып қойды. Сол екен, жарыса туып кеп берсін! Жұмыртқа емес, елу теңгеліктерден туатын болды! Айына алпыс шелек жүз теңгелікті жинап алатын болдым! Сенбесеңіз өзіңіз біліңіз, бұл мерекелік әзіл де болуы мүмкін ғой! Қойшы, несін айтайын, бүгінде ақшаң жоқ болса, өле де алмайсың, туған әкеңді көме де алмайсың! Сондықтан ақшаны албасты демеңіз, «жаным, жарығым, ғашығым!» деңіз! Кешелі бері бәйбішем сөйлемей жүр. Бұрын «Азаттық» радиосы болатын. О, енді есіме түсті! Ұлы мейрамда қолына мың доллар ұстата қояйын, қалай сайрайды екен? Сайра сандуғашым, сайра, айтпақшы, тоқалым бар, оның аты – Майра!
Мұхтар ШЕРІМ,
«Жатыпатардың» Техастағы тыңшысы
Мен қалай «қойдым»?!
Өзім де «отты суды» көрсем өтіп кете алмай, өндіршегім жыбырлап, сайтаным сыбырлап, айналшықтап қалатын сері болатынмын. Денсаулық ырыққа көнгенше, жас қырыққа келгенше сілтедік қой. Жар жалынып айтты, жанашыр жабылып айтты, қайтпадым. Қойдым деп айтпадым. Сөйтіп жүріп, аяқ астынан аузымды «бекітіп», арақ көрсе, ары айналып кететін іскер жігіт болып шыға келдім. «Қалай қойдың?» дейсіз ғой. Мені қойғызған тәуіп те, емші де емес, кәдімгі ит.
«Күркіреп» жүрген күндердің бірінде нағашымның үйінің жанынан өтіп бара жатсам керек. Ол кісінің үнемі байлауда тұратын тайыншадай қабаған төбеті бар еді. Сол арсылдамай ма?! Ит жүріспен түртіншектеп келе жатқан адамға иттің дауысы ем. Қай-қайдағы ыза-кегім көтеріліп, баяғыда баламды ит қауып алғаны, ешкімді ит жеп қойғаны, тауығымды ит ұрлағаны, тағы-тағылар есіме түсіп… Нағашым есігін ашпағанына қарамай, дуалдан қарғып түсіп, итпен әйдә, төбелесейін. Ит те именіп қалған жоқ, аямай қауып-қауып алып, үйшігіне қашып кіріп кетеді. Мен де қайтпаймын. Шынжырдан тартып шығарып алып, қайта төбелесетін көрінем. Нағашым жарықтық терезеден көріп, «екі иттің арасына түсіп мәртебе таппаспын» деді ме, әдейі айырмапты. Сонымен, әбден құмарым тарқағанша «төбелесіп», ертесі екі білегім күп болып ауруханадан бір-ақ шықтым. Дәрігер басын шайқайды:
– Апырым-ай, адамды осынша қапқан ит құтырған шығар, 40 күн құтыруға қарсы егілесің! – деді.
Егілу де ештеңе емес, ең жаманы – құтыруға қарсы егілетін дәрі арақ ішкен адамды табанда өлтіреді екен. Оған дәлел – көрші ауылдың құтыруға қарсы егіліп жүріп, «жұтып» қойған жігітінің сол күні жан тапсырғаны. Енді қалай ішесің? Тіпті бас жазуға мүмкіндігім болмай, сорлап қалдым. Құтыруы мүмкін екенін білсем, итке жақындармын ба? Негізі, ит байғұста кінә жоқ. «Құтырып» тиіскен ол емес, мен едім ғой…
Енді міне, дәрігер айтқан алты ай арақ ішуге болмайтын мерзім бітуге де таяу. Достарым қалжыңдап, «итпен тағы төбелестіріп, «срогын» ұзарту керек» – деп қояды. Менің «ораза ұстаған» уақытым, жалпы, жаман да болған жоқ. Табысым таза «қазанға» құйылып, иномарка мініп алдым. Тіпті «КамАЗ» алуға да ақша жинадым. Жар да риза, жалпы бәрі де риза. Жалғыз нағашымның иті ғана мені көрсе, үн-түнсіз ұясына зып беріп кіріп, жатып алатын болыпты. Осы жерде кішкене ыңғайсыз күйге түсем. Кешірім сұрайын ба, әлде рақмет айтсам ба екен?! Ит болуға адам себепкер, адам болуға ит себепкер – өмір деген осы екен-ау!
Жәнібек ӘБІЛПЕЙІСОВ,
КазГУ-ді тереңдетіп,
20-ақ жыл оқыған студент
Айта салдым
***
Ұры тісті ұрттан ізде.
***
Жер де жетіскенінен сілкінбейді.
***
Өнерліні өлгенде бағалау да әдет.
***
Мастың мәрттігі мәңгіріп тұрғанда.
***
Масаның әйелі сонаға ғашық болған соң не сорым?!
***
Мешеулік мешін жылы басталмаған.
***
Соттың да солақай келетіні болады.
***
Тіріден жеп құныққан, өліден де дәметеді.
***
Өткеннің бәрін жамандасаң, келешек кебін де кигізбейді.
***
Мақтағанды маймыл да жек көрмейді.
***
Қалпы қисайғанның нарқы да қисаяды.
Жүніс ҚОҚЫШҰЛЫ
Сықақшылар туралы ода
Тойға бүгін шашу етер сөз дайын,
Айтар ойды түп-тереңнен қозғайын.
Бастау етіп Күлтегіннің көк тасын,
Күлкі ауылының керуенін көшіріп,
Санайыншы сатириктер сектасын.
Ағаштардан қарағайдай, аршадай,
Қағаз ойлап, жасап алмай қаншама-ай,
Тасқа жазған дастандарын шаршамай.
Күлтегіннің өзі дағы сатирик,
Оған куә Еуразия материк.
Саз балшықты илеп отқа жандырған,
Тақта жасап, оған сурет салдырған.
Ежелгі сақтар – карикатурист,
Одан төмен жырауларды сүзіп ем,
Жырын жазған Доспанбеттің ізімен
Махамбет батыр пародист.
Сатира кейін жетіліп,
Кең далаға тарады.
Бейімбеттің «Садағы»,
Жүсіпбектің «Шаншары»,
Ілиястың «Балғасы»,
Бұлар деген шалқиған
Сатираның арнасы.
Ал Көпеннің «Арасы»
Осылардың жалғасы.
Осы жолда шыныққан,
Су ішкен сол құдықтан.
Ахмет те, Абай да
Сенбесеңдер мысал, мысқылдарын
Оқып шығыңдар жарай ма?!
Көз жүгіртіп маңайға,
Төмендейік, давай ма?
Осып айтқан Оспанхан,
Кесіп айтқан Қалтай.
Асыра сынаған Асқар,
Тауып әзілдеген Табыл.
Үмбетбай Уайдин, Мыңбай Рәш,
Сағаділда Әжібай, Ілиясұлы Қажытай.
Әмір-бек Көпен, Әлімбек Төкең,
Бұлардың бәрі жігіт
Қыздар да қалмасын ұмыт.
Айсұлу мен Фарида,
Содан кейін Үміт,
Айтпақшы, Садырұлы Берекең,
Шайхыұлы Ерекең.
Тізе берсем осылай
Сатириктер де бір тайпа ел екен.
Бұлар барда басыңнан,
Кете қоймас берекең.
Әлсірей қоймас әзілің,
Кеми қоймас келекең.
Хош, сонымен, әзіл әлемінде
Толқынды толқын қуып жүр,
Толқыннан толқын туып жүр.
Аға толқынның басында Бейімбет Майлин,
Іні толқынның басында Үмбетбай Уайдин.
Соларға ерген расында Асқат «ту неме»
Тоқтайтын уақыт кеп қалды-ау деймін…
Ендеше…
Жаңа қазақтарға чау дейін,
Қара қазақтарға сау дейін
Той тарқамасын, Әумин!!!
Асқат ҚЫЛЫШБЕК,
братишка ғой