АЛТЫНОРДА
Новости Актобе

Ақтөбе облысында киік атқандар қолға түсті

images (1)Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында 51 киікті қынадай қырғандар қолға түсті. Ақбөкенді аяусыз атқан алты адам көршілес Қызылорда облысының тұрғындары болып шықты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.

Браконьерлер Ырғыз ауданының Айырмола деген жерінде ұсталған. Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Бекболат Жапаровтың айтуынша, заңсыз киік атып жүргендердің арасында полиция майоры да бар болып шықты. Ол Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті жедел полиция басқармасы орталығының аға инспекторы екен. Міне, мұны «қасқырға қой бақтырғанмен» бірдей демеске еш лажың жоқ.

Қызылордалық браконьерлер аңға жол талғамайтын екі «Toyota Land Cruiser» автокөлігімен шыққан. Көліктерді тексеру кезінде жаңадан кесілген 100 мүйіз табылған. Бұдан бөлек, екі тегіс ұңғылы 12 калибрлі аңшы мылтығы, 232 оқ-дәрі, мүйіз кесетін 3 ара мен 3 пышақ шыққан.

Бұл дерек бойынша  Қылмыстық кодекстің 337-бабы 4 бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жануарлар дүниесіне келген шығын 20 216 мың теңгені құрап отыр. Бүгінде тергеу амалдары жүргізілуде.

Қазан айы туғалы тек Байғанин ауданында екі бірдей киік ату дерегі тіркелген. «Урал» мотоциклін мінген браконьерлер Оймауыт пен Доңызтауда үш киікті атып алған. Ұсталған бес адам қазір тергеліп жатыр. Тергеу барысында олардың Атырау облысының Сағыз және Миялы ауылының тұрғындары екені анықталды.

Сатыбалды Сәуірбай.

Дерек: egemen.kz.