АЛТЫНОРДА
Новости

 Ақындардың тапқырлықтары

Абай – ел ішіндегі феодалдар, бай-болыстар патша үкіметінің саясатына қарсы адам, Семей қаласынан жер ауып, айдалып келген қауіпті адамдар келіп онымен қарым-қатынас жасап жүреді деп, үстінен арыз жазып үйіне тінту жасатып, жоғарыдағы ұлықтарға Семейге тергеуге қылмысты адам деп жауапқа тартқан Абай қырдағы ел ішінде өзінің Көкбай бастаған тілектес адамдарын куәлікке салып сенатқа, жоғарғы ұлықтарға арыз беріп Семей қаласында 1-2 айдай жатқан. Ақырында Абай Жидебайдағы ауылына келеді. «Абай аман-есен құтылып келді» деген хабарды естіп, тілектес, жолдастар, құда-жекжаттары жиналып тарту-таралғы, сый-құрметпен келсе керек. Мысалы: Найман-Мұрын елінен Қисықтың Жұмақаны түйе бастатқан бір тоғыз әкеліпті. Күнту Шоңқаұлы бір атпен құндыз ішік кигізіпті. Дүтбай Уандықұлы соғымға деп семіз жылқы, өгіз, Төре бай деген кісі 20 құнан қой айдап келіпті. Бұлардан басқа да сәлемдесуге көптеген адамдармен бірге Байкөкше, Көкбай ақындар да келіпті. Абай құрметтеп, сәлемдесуге келген адамдардың ішінде жасың да, жолың да үлкен деп Байкөкше ақынға елді басқарып, әзілдесіп отырыңыз десе, Байкөкше Абайға қалжыңдап:
Мұрын да Жұмақандай байға болдың,
Күнтудай үш Олжайда малға болдың.
Басқа да Дүтбайға ұқсас құдаң бар ма,
Қасында – Төребайға қойға болдың, – дегенде Көкбай ақын іле сала:
Байкөкше жел жетпейтін тұлпар едің,
Келген соң әділ інің жорға болдың.
Көп көмек ақыл-ойдың арқасында,
Сұңқардай Абай аға қолға қондың…
Әзілдесіп, масайрап отырғанда сырттан Қуанышбай деген ақын өлеңдетіп сәлем беріп үйге кіріп келіп:
Ассалаумағалейкүм, арыстаным,
Дұшпанмен ерінбестен алысқаным.
Ойда ұлық, қырда «қыңыр» бәрін жеңіп,
Келдің бе аман-есен данышпаным, – депті. Соңда Абай:
«Уағалейкүмассалам, Қуанышбай,
Рахмет келгеніңе қуанышқа-ай!
Қыңырлар жалғыз менен жеңілмейді,
Бәріміз басты қосып туалыспай» деген екен.