«Теңге бағамы таяу уақытта Brent маркалы мұнай бағасы 30-40 доллар болған жағдайда соңғы күндердегі деңгейінде сақталады» деп мәлімдеді ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев. Бұл туралы ол Алматыда өткен баспасөз жиынында айтты.
Дегенмен Ақышев мұнай бағасы барреліне 30 доллардан төмендеп, ал Ресей рублінің долларға шаққандағы бағамы 10 пайыздан көп арзандаса «теңге бағамы өзгеруі мүмкін екенін» жоққа шығарған жоқ.
Данияр Ақышевтің сөзінше, 2015 жылдың 10 айында ішкі валюта нарығындағы ұлттық банктің валюталық интервенциясы 17,4 миллиард доллар болған, ал қарашада банк нарықта 577 миллион доллар сатып алған. Ол 2014 жылы интервенция көлемі 22 милилард доллар болғанын айтты.
Биыл 5 қарашада, Ақышев ұлттық банк төрағалығына сайланғаннан үш күннен кейін ұлттық банк алтын валюта қорын сақтау үшін валюта нарығына араласуды азайтатынын мәлімдеген.
Қазақстан қор биржасында бүгін таңертеңгілік саудада теңге сәл нығайып, бір доллар 336 теңге 66 тиын болған. Бұл 21 желтоқсан күні таңертеңгілік саудада тіркелген бағамнан 12 теңге 46 тиынға арзан.