Біздің ірі саясаткерлер, тіпті зиялы қауым өкілдері жат жұрт қайраткерлерінің қанатты сөздерінен цитата келтіріп сөйлеуге әуес. Әйтсе де олардың өз асылдарымыздың аталы сөздерін тілге тиек етіп, мысал етіп жатқанын кездестірмейміз. Әйтпесе Ә.Бөкейхан бастаған алаштықтардың аталы сөздері М.Ататүрік, А.Хомейни, Ф.Рузвельттен артық болмаса, еш кем емес.
Қазақ афоризмдері жайында құнды еңбек жазғандардың бірі – ақын, рәмізтанушы, аудармашы Ербол Шаймерденұлы. Ол «Қазақ афоризмдері» деп аталатын еңбегінде афо-ризмге мынадай сипаттама береді: «Оның басты шарттары – өмірлік құбылыстар мен адамдардың іс-қимылына, мінезіне деген көзқарастағы анықтық, ой шындығына адалдық, пікір жинақтап қорыту мен түйін жасаудағы логикалық жүйелілік және ойды жеткізудегі дәлдік пен қысқалық. Ол – өмір тәжірибесін барынша ықшам (түр) әрі өте жинақы (мағына) кескіндеу құралы. Бұл жүйеде, әдетте, образдан гөрі ойға көбірек салмақ салынады, суреттеуден гөрі салыстыруға, өрнектеуден гөрі ойласуға басымырақ көңіл бөлінеді».
Жалпы «ойды жеткізудегі дәлдік пен қысқалықты» 1913 жылы жарыққа шыққан «Қазақ» газетінің беттерінен жиі кездестіреміз. Мәселен, Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген сөзінің өзі неге тұрады? Шын мәнінде қанша жерден білімді болып тұрса да, жеме-жемге келгенде адамның мінезі басты рөл ойнайтынын өмірдің өзі дәлелдеп берді. Өкінішке қарай, біздің саясаткерлер мен зиялы қауым өкіл-деріне Әлекең айтқан «мінез» жетіспей жата-тыны жасырын емес. Әйт-песе олардың білімі кешегі өткен асылдардан артық болмаса, кем емес еді ғой. Айтпақшы, Ататүрік-тің «Мен диктатор емеспін. Менде күш бар екендігі айтылып жүр. Әрине, бұл дұрыс. Менің ойға алып, орындамаған нәрсем жоқ. Өйткені, мен зор-лықпен және мейірімсіздікпен әрекет етуді білмеймін. Мен адамдарды рен-жіту емес, олардың жүрегін жаулап алу арқылы билік жүргізуді қалаймын» деген аталы сөзі бар. Бұл арада Ататүріктің «күшімен» Әлекеңнің «мінезі» бір-бірімен қабысып отырғанын байқауға болады.
Қош, сонымен Әлихан Бөкейхан-ның кезекті афоризміне кезек берсек. Ол: «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» дейді. Әлекеңнің аталған сөзі соңғы кезде жиі тілге тиек етіліп жүр. Демек бұл афоризмнің мағынасы «өмір тәжірибесін барынша ықшам (түр) әрі өте жинақы (мағына) кескіндеу құралы» болып табылады. Айтпақшы, Әлекеңнің бұл сөзі Джордж Вашингтонның «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін» деп ойлауы-мыз керек?» деген сөзімен үндесе ме, қалай өзі? Жалпы алғанда бір-бірінің орнына қолданса, артықтық етпейтін сияқты. Өкінішке қарай, Ә.Бөкейханның «хан баласында қазақтың хақы-сы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген сөзінің мағынасын дұрыс түсінбей жүргендер бар.. Бұл арада Әлекең хан ұрпақтарының қа-зақтың алдында қарыздар болғанын айтып отыр. Өйткені ғасырлар бойы қараша халық төбесіне көтерген хан ұрпақтары шен-шекпенге сатыла бас-таған-ды. Осы сөзін іс жүзіне асырған ол жоғарыдағы олқылықтың орнын толтыруға әрекет етті.
Сонымен қатар Ахмет Байтұрсынұлының афо-ризмдері де жеткілікті. Оның «Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», «Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең, құл болмақшы», «Қазақ жазушылары өзі-нің шығармаларында қазақ ұлтының мүддесін қорғау керек» деген сияқты көптеген қанатты сөздері бар. Сондай-ақ, Ақаңның «Ақ болсын, қызыл болсын, маған бәрі бір. Мен Қазақ мүддесін көздейтін үкіметті ғана жақтаймын» деген тамаша сөзі бар. Міне дәл осыған ұқсас сөзді Иранның діни көсемі Аятолла Хомейни «Мен дінім үшін шайтанмен де жұмыс істеуге әзірмін» деп жазып қалдырған екен. Осы ретте Аятолла Хомейнидің «дінім үшін» дегенін «ұлтым үшін» деп түсінсек артық болмайтын сияқ-ты. Жалпы қос рухани көсем — А.Байтұрсынұлы мен Аятолла Хомейнидің сөзінен ұлты үшін кез келген тәуекелге бара алаты-нын байқаймыз. Мәселен, Ахаң «Қазақ мүддесін көздейтін үкіметті ғана жақтаймын» десе, ал Иранның діни көсемі діндар бола тұра «дінім үшін шайтанмен де жұмыс істеуге әзірмін» деп ағынан жарылады.
М.Дулатұлын білетіндер оның өте шешен, ділмар адам болғанын айта-ды. Жиналған жұртты ұйып тыңдатарлық қасиет М.Дулатұлына атаның қанымен, ананың сүтімен дарығаны анық. Олай болмаса небәрі жиырма бес жасында «Оян, Қазақ» деп, жұртын қараңғылық қапасынан алып шықпас еді ғой. Міржақып 1907 жылы «Қазағым менің, елім менің! Ең алды-мен қазақ халқы – Ресейге тәуелді халық. Оның ешқандай правосының жоқтығы ыза мен кек тудырады» деп ашынса, арада он жыл өткенде «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бүгін теңелдік. Қам көңілде қаяудай арман қалған жоқ. Неше ғасырлардан бері жұрттың бәрін қорлықта, құлдықта ұстаған жауыз үкіметтің өзгеге қазған оры өзіне шағын көр болып, қайтпас қара сапарға кетті» деп алты алаштан сүйінші сұрайды. Сондай-ақ алаш ардақтысының «Автономия алу – мемлекет болды дегенмен бірдей. Біз енді өз алдымызға мемлекет боламыз деп тұр-мыз. Бірақ «боламыз» бен «болудың» екі арасы – жер мен көк-тей. Сондықтан «бола-мыз» деген соң, болуға аянбай қам қылу керек», – деген сөзі атақты.
Жалпы Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлының қанатты сөздерінен кейін Ж.Аймауытұлының сөздеріне назар аудару қажет. Өйткені Аймауытұлы-ның афоризмдері өте әсерлі шыққан. Мәселен «Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Жапония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі», «Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуы-нан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңі-ріп, қазақ өміріне жақын-датып тәрбиелеу керек», «Қазаққа аюдай ақырған шенеунік табылуы оңай; ерінбей-жалықпай, бақырмай, шақырмай іс бітіретін, терісі қалың, көнбіс, табанды қызметкер табылуы қиын», «Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды» деген қанатты сөздері өзге жұрттың қай ойшылынан кем? Ж.Аймауытұлы Түркияны бекерден бекер «Ұлтшыл жұрттардың» қатарына қосып отырған жоқ. Осы ретте Ата-түріктің «Біздерді «ұлтшылдар» дейді. Бірақ біз ұлтшыл болғанда да өзіміз-бен ынтымақтастық жасайтын барлық ұлттарды құрметтейтін, олардың ойынан шығатындай ұлтшылдармыз», – деген сөзі еске түсіп отыр.
Алаш арыстарының арасында көп-шілік біле бермейтін көптеген тұлғалар бар. Солардың бірі қазақтың тұң-ғыш заң магистрi, Алашорда өкiметi-нiң мүшесi (Дұрысы министрi – С.Ж.) Жақып Ақбаев. Ол Қарқаралыдағы халық манифесiнде «Мен сендердiң мұң-мұқтаждарыңды жоқтау үшiн әдейi қызметтен босап, басымды азат етiп келдiм» деп айтқан. Жалпы жас күрескердiң халықтың “мұң-мұқтажда-рын жоқтамай-ақ” жоғары шенді қызметiнде тып-тыныш жүре беруiне болар едi. Әйтсе де ол ең бiрiншi орынға өзiнiң мансабын емес, қазағының мәселесiн қойды. Сондай-ақ оның «Мемлекеттiк Думаның пәрменiнсiз қазақтар бiр сүйем де жер бермейдi, қарсылық көрсетуге дайын. Күш жұмсайтын болсаңдар, мен осы жер үшiн өлуге бармын», – деген афо-ризмін әсте назардан тыс қалдыруға болмайды.
Былайғы жұрт Жанша және Халел Досмұхамедұлын ағайынды деп ойла-уы бек мүмкін. Әйтсе де олар ағалы-інілі бауырлар емес. Бірақ Жанша және Халелдің арасында татулық, бауырға бергісіз достық қарым-қаты-нас болған. Міне осы «екі достың» бірі Жанша Досмұхамедұлы «Біз тап-қа, жікке бөлінбейміз. Біз өзге халықтармен қатар өмір сүре отырып Қазақ автономиясын құруға тиіспіз» десе, Халел Досмұхамедұлы «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш, ана тілін білмей тұрып, бөтенше сөйлесең, бұл – күйініш» деп, тіл туралы тұщымды пікірін білдірген.
Ұзын сөздің қысқасы, алаш айтқан асыл сөздер біздің саясаткерлер мен зиялы қауым өкілдерінің арланбай айтып жүруіне болады. М.Ататүрік пен Ф.Рузвельттен мысал келтіргенде өзін зор сезініп, ал алаштың қанатты сөздерін ауызғанда өзін қор сезінуді қою керек.
Серік ЖОЛДАСБАЙ.
«Жебе» газеті, 21 ақпан 2013 жыл