АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Алаштың ақтаңгер азаматы

Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, қазақтың біртуар азаматы,  ақын, жазушы, қоғам қайраткері, ірі зерттеуші,үш жүзге танымал Ғабиден Құлахмет тірі болса 61-жасқа келер еді.

-Қайран досым,

 

150402-gaba

 

Алыбым
Алпамысым.
Аңсарымның үзілмес арқауысың.
Тарбағатай тауында мәңгі қалған
Қара сөздің қасқиған арқарысың ,

— деп Ғабаң өмірден өткенде үзеңгілес серігі әрі бірге жүрген досы       қазақтың көрнекті ақыны, мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет күңірене отырып жыр толғап еді. Дәл айтқан. Дос болсаң осылай бол! Бұдан асқан теңеуде, бұдан асқан ескерткіште керек емес Ғабаңа! Рухы биік осынау азамат жолбарыстың жонындай тарғылданып жатқан қарт Тарбағатайдың  құзар шыңынан тәкәппарлана қасқайып қарсы қарап тұрған арқардың құлжасындай әсер қалдырады. Қайран Ғабаң! Күмбір–күмбір кеудесі толған небір шешендік сөздерге толы еді-ау жарықтықтың. Ботадай болған екі көзі шарасынан шыға боталай, торсықтай екі шекесі жарқырай, толық балуан денесін ырғай отырып сатылап сөйлеп бір кеткенде таусылмас қазына сияқты көрінуші еді. Амал қанша алайын деген жанына ажал шіркін тез де қатыгез ғой. Күнделікті күйбең тірліктің күйбеңімен жүргенде  Ғабиден ағамның тірі болса 60-қа келетінін әрең памдаппын. Күні кеше ғана 2006-жылы маусым айында аяулы анамды жер қойнына беріп қайғыдан енді серпілгенімде тамыз айының аяғында Ғабаң кенеттен дүниеден өтті деген қаралы суық хабар жетті сумаңдап. Не бәрі 51 жасында дүниеден кете бердің! Тірі болғаныңда атан түйеге татитын аталы сөзіңді айтып 60-тың асқарында отырар едің-ау қайран Ғаба! Ұлы Мұқағали:

«Шоп-шолақ ғұмыр бердің шараң барма,
Ей! Табиғат барыңды маған арна.
Нешеме мың жыл мен неге жасамаймын,
Мың жыл жасап жүргенде жаман қарға!»,

— деп қандай көрегендікпен айтқан десеңізші. Ұлы хакім Абай иісі қазаққа тән болса ұланғайыр қазақтың жерінің әрбір пұшпағында «Болмасаңда ұқсап бақ» , — деп данышпан айтқандай әр ауылдың өз Абайлары болса  менің Абайым  — Ғабаң еді. Қарқол өзенінің бойындағы «Шолпан» деп аталатын шағын ауылдың «Қотыр ауыл» деп аталатын  көшесінің шаңын шығара ойнап болған қара борбайлар, ес біліп етек жауып айналамызға аңыра қарағандағы еліктегеніміз де осы Ғабаң еді. Артынан ерген көп інілерінің бірі болдық. Жасынан алғыр еді. Мектептің қоғамдық өміріне белсене атсалысып «Жауқазын» атты редакциялық алқасын құрған. Неше түрлі қабырға газеттерін шығарып отырушы еді. Ғабаңнан төрт сынып төмен оқыдық. «Кірпі» деп аталатын кезекті сатиралық газетіне біздің сыныптың бұзықтары да ілініп қалып жүрді. Соның бірі:

-Разведчик Тынысбек,
Менің осыным дұрыс деп,
Сығалайды есіктен
Болмаса сабақ екен деп,

— ағаның бала шақта жазған осы  өлең жолдары балалықтың сағынышындай болып есімде қалыпты. Сол уақыттардағы Қазақстан Коммунистік партиясы Аякөз аудандық комитеті мен еңбекшілер депутаттары аудандық советінің органы « Алға» газетінің 1970-ші жылғы 30-шы апрель бейсенбі күнгі нөмір 52-ші санында «Екі өлең»  деген тақырыпта «Әкеме хат» және «Көктем» деген екі өлеңі басылған, бұл Ғабаңның 9-шы сынып оқып жүрген кезі еді.

«-Ойхой, шіркін! Дала төсі кең неткен,
Гүліңменен, жырыңменен кел көктем.
Шаттық толы сенің әсем келбетің,
Жас жанымды тебіренткен, тербеткен»,

— деп тебіренген бозбала Ғабаң. Қазіргі Жүзағаш орта мектебі 1970-ші жылға дейін сегіз жылдық болған онжылдық болып ашылғаны да жазушының мектеп бітірер тұсыменен сәйкес келіп, осы мектептің бірінші түлегі болып «Алтын медальға» бітіріп еді. Балалықты артқа тастап, білім қуып Алматыға аттанған ол сол жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсті. ҚазГУ деп аталатын қазақтың бірінші жоғары оқу орнына түсу екінің бірінің қолынан келе бермейтін ол уақыттарда. Алматыға оқу қуып аттанған Ғабаңды көруді сиреттік. Алғашқыда студенттік каникулда келіп жүрсе, кейіннен келуді мүлде сиреткен ақынның өлең жинақтары бірінен кейін бірі шыға бастады. Алғашқы тырнақ алды туындысы «Көзімнің қарасы» атты шағын өлеңдер жинағы басылып шыққанда ауыл болып қуанғанымыз әлі есімде. Қолтаңбасын жазып ауылдың ақсақалды қарияларына, ақ самайлы апаларына таратып еді. Сондай бір жинақ менің анама да тиген болатын. Жанұямызбен жабыла оқып

«Ауылдың маңы баурайы белі,
Жамырай өскен тал-қайың еді.
Бұрымды қалқа бойжетті дейді,
Тұлымы желбіреген бала қыз еді»,

— деген жыр жолдарынан бозбала жігіттің ауылына деген сағынышы мен махаббатын көріп едік. Күні-түні совхоздың жұмысына жегілген ауылдың ірге тасын қаласқан аталарымыз бенен әкелеріміздің бейнетті еңбектері Ғабаңның қаламынан тыс қалған жоқ. Соның айғағы ретінде бір ғана мысалды айта кеткенді жөн көріп отырмын. Ол ауылда «Бірігәдір Шәкен» атанған әкеміз туралы «Бригадир Шакен Нұрқасымов» атты өлеңінде еңбектің ақтаңгерін айнытпай суреттеген.

«Шешен емес аузыменен құс тістеген
Батыр емес ғажап ерлік істеген
Күнде көрер кәдуілгі кісі бұл.

Тәулік бойы трактордан түспеген,
Дана емес дара шыққан мыңнан бір
Оған үйір емес атақ, шу дабыр,
Шәкен дейтін, Шәке дейтін жан сирек

Көп ауылда жүретін жай бірігәдір» Күні-түні жұмыс істеп, денсаулықтан айырылған өмірден ерте озған қайран ағалар-ай десеңші. Ғабаңның осы өлеңін оқығанда палуан денелі, дембелше келген Шәкен ағам көз алдыма айна қатесіз келе беруші еді.

Махаббат символы болған «Ай-Таңсыққа» да өлең арнадың. Тұлымы желбіреп тұштиған қыздардың бұрымды қалқа болып Ғабаңа ғашық болмағаны жоқ шығар менің түсінігімде. Ағамызға асыл жар болу «Ай –Таңсықтың» қызы Светлана жеңгемізге бұйырған екен.

«Көшеңмен көп жүрмедім,
Ақ қар жауған түніңде аяулы ән сап:
Хаттарындай Сәуленің мөлдір ме едің
Махаббаттар ең алғаш оянған шақ»,

-деген өлеңіңді жеңгемізге арнап едің.

«Жиырма бесте жасын ойнатпай, Жарқырап жанып қалмассың, «Отызда орда қиратпай, Қырықта қамал алмассың» Жанбадым жалын күткен ем, Жегідей енді жеймісің. Жиырма бесімде бітпеген, Елуде бітер деймісің, Қайтпайтын маған көктем- ау, Итеріп тастап кеткені-ау, Жастықтың жарқын беттері, Жиырма бесімнің өткені-ау», –деп жырлаған Ғабаң бізден алыстай беріп «Жиылып ой қазағы, қыр қазағы, Ақын боп Алматыда жыр жазады. Біреулер жырыменен сарай салып, Біреулер жырыменен ін қазады», -деп ақиық ақын Мұқағали айтқандай Алматы шәрісіндегі алапат тірлікке араласып жүре берген.

Ауыл ақсақалдарынан бата алған ағамыздың қаламы қарымды болып        «Ақбастау», «Көл түбіне кеткен ел», «Ұрпағың үзілмесін», «Ердің сыны, «Серінің соңғы сәлемі», «Үйірі жоқ көкжал» шығармалары бірінен кейін бірі жарыққа шықты. Шығармалары орыс, поляк, моңғол, шешен, украин, белорусь тілдерінде жарық көрді. Әлімсақтан белгілі ақын-жазушылардың еңбегі олардың жазған кітаптарының саныменен өлшенбесе керек, алған атағына қарамаса керек. Ғабиден ағамыз да атақ даңқтан құр алақан болған жоқ.

Әулие Мәшһүр «Арғыннан ары барсаң адасасың
Ми жетпес көп шатпаққа шатасасың.
Ол кезде сен де жоқсың, менде жоқпын
Несіне шежіреге таласасың»,

— деген екен. Шежіреге бару оңай шаруа емес. «Шежіреде дау болмау керек, шежіре дәл болу керек», — деп апталап, айлап мұрағатта отырып не бір даулы дүниелерге нүкте қойғаны белгілі. Әсіресе бес байыстың бірі Сыбанқұл атамыздың ұрпағы, әйгілі жырау, атақты батыр Ақтанберді Сарыұлы бабамызға байланысты жазылған «Кие мен күйе» мақаласында «Ақтанберді сыбан емес» деген даулы мәселеге нүкте қойды. «Қаракерей ішінде батырдың басы  — Ақтанберді»,- деп айта келіп, бұлтартпас деректің бірі – Дулат Бабатайұлының «Ер Еспембет» дастанын мысалға келтіреді. Осы дастанның бір үзіндісі

«Қарт батыры Сыбанның
Ақтанберді саппастай.
Айласы мен әдісін
Адам  ойлап таппастай
Алты малта ас қылып,

Белін шешіп жатпастай»

дастанның осы бір үзіндісі жетіп жатқандай. Кешегі «Жамбыл Сталинист пе?» деген мақаласы қоғамда үлкен дау тудырғаны да белгілі. «Аякөз ақындары» деген зерттеу кітабында бүкіл семіз найман өңіріне белгілі де беделді адамдарды жарыққа шығарды. Соның бірі Семіз Найман Меңлібай табынан шыққан тоққожа Тобағұл. Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» әңгімесіндегі Саймасай болысты атып өлтіретін қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың әкесі Рысқұл сияқты батыр Тобағұл осы өңірдегі Жүзағаштың бойында елге жасаған қиянаты асқынып, шегіне жеткен, астамсыған Мұқаметқали болысты ат құйрығына байлап өлтірген Тобағұл Мұсабаевты тарих бетіне алып шыққан Ғабаң еді. Тоққожа Тобағұл туралы тарихи роман жазу жоспарында бар еді. Әттең не керек іске асырғанынан іске асыратыны көп болатын.

Сонымен бірге бүкіл орта жүзге белгілі, «Алаш» қайраткері, «Алаш ордашыларының алғашқы болып сотсыз тергеусіз атылғандардың бірі, 1916 жылғы ұлт азаттық қозғалысының Аякөз-Үржар өңіріндегі басшысы, орта жүздегі айтулы үш шежірешінің біреуі, этногроф Балтабек қажы Байсұлтанұлы туралы көп жазды, көп зерттеді. Ұлы Абайдың інісі Құнанбайдың Ұлжаннан туған кенже ұлы Оспанменен төс қағыстырған дос болған. Құнанбайұлы Оспан 1852 жылы туып, 1891 жылы 39 жасында қайтыс болғаны белгілі. Оспан ақ пейіл де жомарт, ісіне тыңғылықты, дұшпанына мейірімсіз, досына құшағы ашық, алған бетінен қайтпайтын қайсар, балуан тұлғалы ұзын бойлы батыр мінезді кісі болған. Балтабек қажы бір барғанында ту бие сойып нөкерлеріменен қонақ қылған.

Ұлы хаһім Абайдың баласы Әбіш (Әбдірахман) Алматыда қайтыс болып, сүйегін елге әкеле жатқанда Таңсық бекетінен тосып алып, аттарын ауыстырып Шыңғыстауға жеткізіп салуға баласы Қоңдықазақты бас етіп Қожан руының басты-басты он шақты жігіттерін аттандырған. Әсет ақынның әкесі Найманбай Арқадан осы өңірге келіп шақша жасап күн көрген. Осы тұста Балтабек қажы атақты «Көктұма» сиязында Әсеттің әкесі Найманбайға жолығады. Арғын Әсет кезінде әкесі екеуі Найман Қаракерей ішін паналаған. Бұл турасында Әсеттің өзі «Бәйжігіт Тума, Тоқпақ, Байсиықты.Үш- төрт жыл қоныс қылдым іздеп барып, Секілді Семей, Омбы бәрі таныс, Адамзат қайда бармас дәм аударып», -деп айтқан. Әсет пен Кәрібайдың «Көк тұма» сиязындағы айтысында Кәрібай  толықтай «Шақшамен әкең сатқан насыбайды, Бұл сөзді Айтмұхамед елге жайды, Мен Арғыннан келгеннең соң. Депсің ғой сөйлетпеймін Кәрібайды.Баянды пайда келер абайламай, Мына Әсет серілікпен жылтырайды.

Жігіттер Көктұмаға барған жерім, Дәміне шұбарағаш қанған жерім. Ер өнері кем болмай, тауып ебін, Әсетті сүріндіріп шалған жерім, Әсет тоқтап, Кәрібай жеңді деген, Атақты хан сиязда алған жерім», — деп жырлап әкесі екеуінің күн көре алмай қаңғып келгенін бетіне басқан. Балтабек қажының бойы 2 метр 15 сантиметр болған екен. Атқа салт мініп отырғанда екі тізесі аттың құлағын қағып отырушы еді дейді көзін көрген аталарымыз. Осындай әлеуетті адам жеті жасар серкенің жеті кез мүйізінен ту бие беріп Найманбайға шақша жасатқан . Осы шақшасыменен отрядыменен келіп өзін тұтқындаған  қызыл офицер Савелевтің  жанын жаһаннамға жіберген екен.  Ел ішіндегі «Алтын болып дөңгелер, Саңқайбайдың ақшасы, Жаһаннамға жіберер бабай ата шақшасы!» деген өлең Балтабек бабаның жастығын ала кетіп, оны атып тастағаннан кейін ел ішінде көпке дейін айтылып жүрді дейді және аңыз болып бізге жетті.

Қазақ жырының құлагері атанған Ілияс Жансүгіровтың «Ел ішіндегі ескі, беделді, тілді-ауызды ақсақалдар бала алады» дегенге күдік көзіменен қарап, мансаптылардың береміз деген уәдесіне қол қоймады. Мұндайлар… Лепсіде Мұхаммеди қажы, Қаракерей Балтабек қажы, Омар, Қырғызда Қанат сықылдылар еді», -деген сөзіменен делел келтіре отырып, 2006 жылғы 22-ші тамызда «Жас Алаш» газетінің 68 санындағы «Шәйіт» деп аталатын мақаласы шықты. Бұл мақалада Балтабек қажының Сергиополь совдепінің төрағасы, қызыл комиссар, ұлты татар Сабыржан Ғаббасовтың өлімі және совдептің талқандалуы туралы сөз болады. 1918-1920 жылдар аралығында Алаш партиясының  құрамында болған. 1921 жылы Балтабек қажыны сотсыз, тергеусіз, үштіктің үкімімен атып тастады. Балтабек қажының тағдырының өзі бір кітапқа жүк болардай. 2003 жылдың шілде айының 30-ы күні Шолпанға Ғабиден аға келіпті, Қарақол өзенің бойындағы Жүзағашта шаруашылық құрып, ауылдың жігіттерін жұмыспен қамтып өзі шығармашылық жұмыспенен айналысып жатыр екен деген хабарды естіп Тарбағатай бауырындағы «Көлденең» ауылынан сол уақыттағы Көлденең ауылының әкімі Болат ағаменен бірге сәлем бере барғанымыз әлі көз алдымда.

Түс ауа Үржардан шыққан біздер түс қайта Қарақол бойындағы  фозендасына барғанымызда қайнап жатқан тіршіліктің үстінен шықтық. Өзенді бойлап үйездеп тұрған жылқы үйірі, «У» төбеге қарай жамырай жайылып бара жатқан ақтылы қой отары, фозенданы айнала күркетауық пенен тауықтан жыртылып айырылады. Өзендегі ақ шағаладай қаз-үйректен көз алмай қарап қалыппыз. Ғабаң кейіннен өзіне арнап салдырған үйде отыр екен. Сәлем беріп кіріп барғанымызда жусанды тұтатып түтін салып (cірә масалар маза бермеген болуы керек) дөңгелек стол басында жазу жазып отырған бетінің үстінен түсіппіз. Құшағыңды ашып бауырыңа тартып: «Кенжебайым келді ғой, мал алдыртып бата жасатыңдар, мал келгенше қазан көтеріңдер, қазан қайнағанша қымыз әкеліңдер»  дегенінде қазақтың керемет бір қонақжайлылығының ертедегі көрінісіндей әсер қалдырып еді.

Әкелген қымыздан іше отырып бата сұрай әкелген қойды әрең дегенде сойдырмауға көндіріп едік. Бәрібір кетерде мәшинемізге өңгертіп жіберіп еді. Келген бұйымтайымызды сұрағанда аға шаруамыз тек өзіңізге амандасу еді дегенімде: «Ай Қабылахмет Үйірі жоқ көкжалдың екі данасын әкелші», -деп әкелген «Үйірі жоқ көкжал» атты романына төмендегідей қолтаңба жазып беріп едің. «Кенжебай бауырыма! Көптің ішіндегі азаматыма, Аздың ішіндегі адалыма! Ағасы Ғабиденнен. 30.07.2003ж. Алматы.Фурманов көшесі 116 үй. 6 пәтер. Үй т.67-03-16. 8 .300. 718. 75.54.»

Бұл күндері кітабыңдағы қолтаңбаңа қараймын да өзінді сондағы ағалық бауырмалдығыңды сағына еске аламын. 2005 жылдың ақпан айы еді. Ғабиден аға шұғыл түрде жолықсын деген хабар алып Шолпанға ат басын тіредім. Көңілі пәстеу екен. Амандық саулықтан кейін «Кенжебай ,Балтабек бабаң түнде түсіме кірді — «Қарағым маған арнап ас берем деп елден сауға сұрап жүр екенсің. Сауға сұрама елге сәлем айт. Сауға сұрасаң жиылып келсең жалғызыңды аламын, топталып келсең тоғызыңды аламын деп аян берді», -деді де аманшылық болса келер күзде ас бергіземін соған ақылдасу үшін Қажының ауданға белгілі ұрпақтарын  Үржарда осы мәселе жөнінде ақылдасуға шақырдым. Ертең соған барамыз деген еді. Ақылдастар кеңсесі құрылып келер күзде бабаға ас бермекші болып бәтуаласып тарқасып едік. Амал қанша арманың орындалмай, шілде айында бақилық болып жүре бердің. Алматы жұрты өзіңменен күңірене қоштасқаннан кейін,  Үржар халқы, Шолпан жұрты өзің салған мешіттен сүйегіңді шығарып тайлы таяғы қалмай мәңгі бақиға қимай қоштасып  аттандырып еді.

«-Сағынышпен сенделтіп мың сан ағын,
Өкініштен ішем де жыр шарабын,
Шолпан деген ауылды есіме алып,
Шолпан жұлдыз,
Өзіңе мұң шағамын»,

— деп жырлаған Ұлықбек досының  өлеңінде айтылғандай рухың Шолпан жұлдызындай жарқырай берсін жан аға!!! Өзің дүниеге келген көгілдір көктем айында «Барқытбелдің бауырында» жыл сайын ұрпақтарың өзіңді сағына еске алады!!!

Кенжебай Жаңғұлы  МӘЙКЕ,

Барқытбел бауыры. Көлденең ауылы.
Көлденең орта мектебінің директоры.

http://sholpanym.kz/