Бүгін — қазақтың жүз жылда біртуар тұлғасы, халқымыздың аса дарынды ақын-сазгері, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Жазушылар одағы мен Композиторлар одағының мүшесі Кенен Әзірбаевтың дүниеге келген күні.
Төл өнеріміздің сал-серілік және айтыскерлік дәстүрлерін үзбей, ХХ ғасырдың 70 жылдарына дейін жеткізе білген алаштың арда азаматы 1884 жылы Қордай ауданына қарасты Мәтібұлақ ауылында дүниеге келген. Есімі елге жайылған Сарбас ақынның тікелей ұрпағы. Кенен ақынның әкесі Әзірбай да ақын болған екен. Ол бір естелік кітабында «Әкем ақын, шешем әнші еді» деп жазған. Жастайынан өнерге жақын болған ол қолына тоғыз жасында домбыра алып, он жасында үлкен той-жиындарға қатысқан. Он алты жасқа келген шағында оның есімі күллі Қордай өңіріне танымал болған.
Күндердің күнінде оның білім алған, орыс тілін меңгерген атасы Еркебай Байназаров: «Кененді тәрбиелеп, жетелеу керек, үлкен өнер адамы болады» деп, қырғыздың атақты Шабдан батырының асына апарады. Сол аста Кенен Қалмырза, Жамбыл, Бармақ сияқты ел ақындарының көзін көріп, батасын алады. Жас ақынға ел ағалары кемел белдік тарту етеді. Өзінің табиғат дарытқан талантының арқасында халық ақыны атанып, әндері күллі қазақ еліне жайылады. Бүгінгі таңда Кенен атамыздың әні талай әншілердің репертуарынан орын алып, халықтың ерекше ықыласына бөленуде.
Кенен Әзірбаевтың айтыскерлігі, сал-серілігі бір бөлек те, әнші-ақындығы зерттеуге тұрарлық өз алдына ерекше қыры деп айтуға болады. Ол өзінің92 жылдық ғұмырында 150-дей ән шығарып, оның өлеңін жазды.Оның әншілік, композиторлық болашағына әнші-жырлардың, домбырашы-күйшілердің әсері зор болды. Әсіресе ол Жамбыл, Сарыбас, Балуан Шолақ, Шашубай сынды белгілі әнші-ақын композиторлардан үлгі-өнеге алды.
Ғасырға жуық ғұмыр кешкен Кенен Әзірбаев 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс, Қазан төңкерісі, ұжымдастыру науқаны, соғыс, халықты қырып кеткен ашаршылық сияқты ел тағдырына түбегейлі өзгеріс енгізген тарихи оқиғалардың бел ортасында болды.
Кенен Әзірбаев жыр алыбы Жамбылмен жарты ғасырдай бірге жүрген. Бұған оның екі жүзден астам өлең, арнау, толғаулары айғақ. Бул туындылары әлденеше рет жинақ болып шықты. «Өлеңдері» (1947), «Әли батыр» (1949,1951 ж. қазақ, орыс тілінде), «Өлеңдері мен дастандары»(1952), «Әндері» (1955), «Өлең, дастан, ән текстері» (1961), «Өмірімнің әндері» (1961), «Шығармалар жинағы» (1967), «Аңыздар сыры» (1969), «Алатау шыңы» (1974) жарияланды. Таңдамалы шығармаларының 2 томдығы және «Шырқа, даусым», орыс тілінде «Песни гор и степей» кітаптары жарық көрді.
Кенен Әзірбаевтың есімі Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Қасық орта мектебіне, Алматы қаласындағы бір көшеге, Жамбыл қаласындағы кинотеатрға берілген. Және Жамбыл облысында «Кенен» аталатын ауыл бар. Бұл жерде К.Әзірбаевқа арналған мұражай қойылған. Сондай-ақ, Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының және бұрынғы Шымкент мәдениет институтының үздік студенттері үшін Әзірбаев атындағы шәкіртақы тағайындалған.
Дарынды ақын-сазгер Ленин (1974), Еңбек Қызыл Ту, 2 рет «Құрмет белгісі» (1945) ордендерімен және медальдармен марапатталған. Оған арналып республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылып тұрады. Ақынның өмір жолы хақында бірнеше деректі кинофильмдер түсірілді.
Суреттер: kenen-azerbayev.kz
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева