АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

«Алданған қыздың тағдыры алаңдатады» — баспасөзге шолу

e10a6f70d067e78eb90b7464baafeac5-bigАСТАНА. ҚазАқпарат — «ҚазАқпарат» xалықаралық ақпарат агенттігі 11 қыркүйек, жұма күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларына шолуды ұсынады. 

***

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Астанада жаңа сайттың тұсауы кесілді, деп xабарлайды «Айқын»басылымы бүгін жарияланған «Ұлттық тариxты ұлықтайтын сайт ашылды» атты мақаласында. 

 «Нұр Отан» партиясының тікелей қолдауымен дүниеге келген 1465.kz тарихи-мультимедиалық сайты негізінен, 4 тілде — қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілінде мағлұмат береді.

Бұл сайттың басқа сайт­тардан ерекшелігі — қазақ хандығы тарихын баяндайтын ілкімді интернет жобасы екендігі және ондағы контенттің мультимедиалық пішіміне басымдық берілгені. Осы әдістеме арқылы бүгінгі таңда ізденімпаз қолданушылар, әсіресе, жастар заманауи мүмкіндіктермен жарақтандырылған контентке ерекше ықылас танытады. Айталық, тарихи әндер топтамасы Soundcloud ашық аудио­хостындағы плейлистке топтастырылған. Әндерді тікелей тыңдауға және өз плейлистіне қосып алуға болады. Соны­мен бірге Қазақ хандығы құрылғаннан бастап бүгінге дейінгі аралықта мем­ле­ке­тіміздің карталары толығымен бе­рілген. 

Қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілде­рінде жұмыс жасайтын сайт «Жылнама», «Фильмдер», «Кітаптар», «Әндер», «Іс-шаралар», «Карта», «Тест», «Форум» және тағы басқа қосымша бөлімдерден тұрады. 

«Мұнда қазақ тарихы тақырыбында түсірілген фильмдердің Youtube сияқты ашық видеохосттарда орналасқан онлайн нұсқалары бар. Сайтқа кірген қолданушы қалаған фильмін тікелей қарай алады. Тарихымыз туралы жазылған әдеби және ғылыми шығармалардың электронды нұсқаларына сілтемелер де баршылық. Бұл сілтемелер арқылы қолданушы кітаптарды тікелей оқи алады немесе өзінің ридерлеріне жүктеп алуына болады. Біржағынан бұл шетелдік ауди­торияға да арналған. Бір ғана ағылшын тілінің қамту аясы біздің төл тарихымызды насихаттаудың мүмкіндік­терін артты­рады» дейді «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Бірінші орынбасары­ның кеңесшісі Берік Уәли.

                                                          ***

«Айқын» басылымының жазуынша, Қытайда өмір бақи бас бостандығынан айырылған қазақстандық қыз Ақжарқын Тұрлыбайды өз елімізде де «қатаң жаза» күтіп тұр. Бұл туралы кеше Сенат қабырғасында Бас прокурордың орынбасары Жақып Асанов мәлімдеді. 

Оның айтуынша, Ақжарқынның елге қай­тарылуына әзірге ешқандай кедергі жоқ. Дегенмен оны Қазақстанға экстрадициялау бойынша соңғы шешім ҚХР сотының еншісінде. 

Жалпы, ол елге әкелінген соң, бір­ден бостандыққа жіберіледі деген сөз жоқ. Біздің Қылмыстық кодекс бойынша да есірткі тасымалдаушыларға өте қатаң қылмыстық жаза қарастырылған. Егер қазақстандық сот қараса, ол да мерзім ке­седі. 

20 жасар студент Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың 3 наурызында Гуанчжоу қаласының әуежайында тұтқындалған: оның әкетіп бара жат­қан сөмкесінен есірткі заттары — 4 келі амфитамин табылыпты. Брендтік заттар толтырылған сол сөмкені Малайзияға алып ба­-руды одан нигериялық танысы Джони өтінген екен, тіпті белгілі бір «сыйақы» төлеуге уәде етіпті. 

«Аспанасты елінде» есірткі сақтау, тасымалдау және сату қыл­мыс­тары өте қатал жазаланады. Тіпті өлім жазасына кесілгендер бар. Қазақстанда бұл қылмыс адам өлтірумен теңелген. Толығырақ, «Алданған қыздың тағдыры алаңдатады» атты мақаладан оқи аласыздар. 

                                                             ***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында Қазақ Хандығның 550 жылдық мерейтойына қатысты«Қазақ хандығы: тарихы, идеологиялық өлшемдері» атты көлемді мақала жариялап отыр. 

Еске сала кетейік, бүгін Астанада аталмыш дүбірлі тойдың бас шарасы өтеді. 

«Бабалар мұратын жалғастырып, ел аманатын арқалап келе жатқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол — болашаққа бастар жол» атты Жолдауында биыл Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтетінімізді жариялады. Бұл — ұлттық таным-тарихымызды терең зерделеп, құнды жәдігерлерімізді ел жадында қайта жаңғырту деген сөз. Біздер мерекені мемлекеттік сананы көтеруге пайдалануымыз керек. Ұлт тарихы, мемлекет тарихы, Отан тарихы деген ұғымдар бар. Ресей сияқты елдер көбінде Отан тарихына жүгінеді. АҚШ секілді бертінде пайда болған елдер мемлекет тарихын басымдыққа шығарады. Ал тамыры тереңде жатқан халықтар ұлт тарихына ден қояды. Біздер ұлт тарихынан бастау алуымыз керек. Мемлекет басшысы: «Ұлттық идеяны қалыптастыру біздің өз тарихымызды жаңадан оқу негізінде ғана мүмкін болады. Сондықтан, ұлттық идеяның формуласы ұлттық тарихта жатыр», деген еді. Бүгінгі жаңа тұрпатты Қазақстан мемлекеттілігінің тарихында Қазақ хандығы аса қуатты мемлекеттік құрылымның бірі ретінде маңызды рөл атқарған», делінген атаған материалда. 

«Міне, осы Қазақ хандығының құрылған уақытын мемлекеттік деңгейде жыл сайын атап өтіп, оның тарихын халықтың арасында жан-жақты насихаттау идеологиялық бағытта ұлттық мемлекеттіліктің және отаншылдықтың нығаюына тікелей септігін тигізіп қана қоймай, қазақстандықтардың бойындағы мемлекеттік ой-сананы бекітіп, егемендігіміздің қуатты тұғырын арттыра түсетіні анық. Өйткені, ХV ғасырдың ортасында Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігінде Керей мен Жәнібек хандар құрған ұлыс көп ұзамай бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақтағы мемлекеттің бірден-бір көрінісі болды. Қазақ хандығы біртұтас, бір орталықтан басқарылатын мемлекеттік құрылым ретінде 1465 жылдан бастап 1847 жылы ең соңғы қазақ ханы Кенесары өмірден озғанға дейін төрт ғасыр бойы өмір сүріп, тарих сахнасында мәңгіге өз еншісін алды. Қазақ хандығының генезисін, яғни қалыптасу, даму кезеңдерін сараптағанда дамыған шаруашылық формаларының орныққанын, яғни көшпенді және жартылай көшпенді өмір салтын ұстанып, жер өңдеу ісінің, кәріздік суару жүйесінің, кен өндірісінің болғанына көз жеткіземіз. Ұлы Жібек жолы бойындағы көне шаһарлар өркен жайып, қалалық сауда-саттық жүйесі қалыптасып, «Жеті Жарғы» аталатын дала заңының жиынтығы бекітілді», делінеді мақалада. 

***

2 қыркүйекте ғарышқа аттанған Айдын Айымбетов кеше әлемдік БАҚ өкілдеріне арнап өткізілген баспасөз мәслиxатына қатысты. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің «Ғарышкерлер онлайн-мәслиxатын өткізді» атты келесі бір мақаласында xабарланды. 

Басылымның жазуынша, ұзын-ырғағы 40 минутқа созылған тікелей байланыс кезінде қазақстандық ғарышкерге де бірнеше сұрақ қойылды.

«Қазақтың ұлттық тағамдары экипаж мүшелерінің көңілінен шықты, әсіресе, «Жігіт» кеспе сорпасын, ірімшік пен құртты қатты ұнатты», — деді қазақстандық ғарышкер. Сондай-ақ, жерлесіміз «Союз- ТМА-18М» басқарылатын ғарыш кемесінен Халықаралық ғарыш стансасының бортына аяқ басқан кезіндегі сезімімен Жерге оралғаннан кейінгі жоспарлары туралы айтып берді. «Ғарыш стансасының люктері ашылып, экипажбен бірге ішке кіргенде, мен үлкен кеңістікке тап болғандай күй кештім. Ғарыш кемесі шағын ғана, ал кең стансаға кіргенде бізді бірден алты адам қарсы алды. Сол кезде шексіз кеңістік пен еркіндікті сезінгендей болдым, — деді А.Айымбетов. — Жерге оралған соң ең алдымен медициналық оңалтудан өтемін. Одан соң ғарыш агенттігіміздегі жұмысымды жал­ғастыратын боламын».

                                                                                ***

Ресми тілде жарияланатын республикалық «Экспресс К» басылымының жазуынша, зейнеткер Рамазан Гусеев иттің сирек тұқымы — тазыны қағып кеткен жолаушылар автобусының жүргізушісін сотқа бермек. Көбелек есімді тазы ит Қазақстанда ұйымдастырылған көптеген чемпионаттардың жеңімпазы болатын. 

Ресми түрде Рамазан Гусеев — Қарағандыда тазы тұқымын өсіретін жалғыз маман. Өзінің үш итін ол жергілікті кинологиялық ұйымға тіркеп қойған. Олар елімізде өтетін түрлі біріншіліктер мен байқаулардан жүлдесіз оралған емес. 

«Дегенмен xалықаралық байқауларда оларға жол жабық, себебі қазақтың тазысы ресми түрде мойындалмай келеді. Рамазан Гузеев бастаған қарағандылық кинологтар тазы тұқымының стандарттарын жасақтап xалықаралық кинологиялық қауымдастыққа өтініш тастаған. Алайда ол үдеріс көп жылдарға созылуы ықтимал. Өйткені ит тұқымының бір мыңнан астам өкілі болуы тиіс. Ал қазақ тазысының саны бүгінде үш жүздің көлемінде ғана. Сол себепті бір иттің өлтірілуі қазақ кинологтары үшін үлкен шығын», делінген «Эффект Кобелека» атты мақалада. 

Автор: Жасұлан Жолдыбаев 

ҚазАқпарат