АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Әлем айшықтары

АҚШ-та “суыр – көк­темнiң ерте немесе кеш шығуынан хабар беретiн аң” деген ұғым бар. Сондықтан да халық суырдың iнiнен шығуын асыға күтедi.
Егер 2-ақпан күнi күннiң көзi шығып, суыр өз көлеңкесiн көретiн болса, онда қыс әлi 6 аптаға созылады. Ал дәл осы күнi күн түнерiп тұрса, онда американдықтардың қуанышында шек болмайды. Себебi, бұл көктем ерте келедi деген мағынаны бiл­дiредi.
Жалпы, АҚШ-та 2-ақ­пан күнiн суыр күнi деп атайды. Шындығына келсек, бұл күн дәл осылай журналистердiң арқасында аталды. 1886 жылы Панксатони (Пенсильвании штатында) қаласында журналистер жергiлiктi газетке “iнiнен шыққан суыр өз көлеңкесiн көрмесе, онда көктем тез шығады” деп жазған. Мiне, содан берi Панксатони атты шағын қаланың аты бүкiл әлемге тарады. Мұнда көктемнiң қалай келе­тiнiнен хабар беретiн “көрiпкел” Фил атты суыр мекендейдi. 2-ақпан күнi Фил мекен ететiн маңға бүкiл қала адамдары және жан-жақтан келген туристер жиналады.
Филден басқа Канадада тағы да алты “көрiп­кел” суыр бар. Бiр қызы­ғы, суырлардың iшiнен тек Филдiң “айтқандары” дәлме-дәл келедi екен. Фил биыл көктемнiң ерте келетiнiнен хабар берген көрiнедi.
КҮРЕ ТАМЫРҒА КОФЕ ҚҰЙҒАНДЫ КIМ КӨРГЕН?!
Бразилияның бiр гос­питалiнде медбикенiң кесiрiнен науқас әйел қайтыс болды. “Осы да сөз бе екен? Қазақстанда медбике емес, дәрi­герлердiң кесiрiнен талай адам қайтыс болып жатыр емес пе?!” дерсiз. Айтайын дегенiмiз, мед­бикенiң күре тамырға катетер арқылы сүттi кофе құйғаны…
Өкпесi ауыратын нау­қастың өздiгiнен тамақ жей алмағандығынан дә­рi­гер медбикеге оны тамақтандыруды тапсырады. Әдетте мұндай кезде зондты пайдаланады. Зонд арқылы өңеш­ке сұйық тамақ жiберiле­дi. Ал медбике жарты стақан сүт құйылған кофе­нi өң­еш­­ке емес, күре тамырға қуыс тетiк арқылы (катетер) жiбередi. Мұны госпитальда жұмыс iсте­генiне үш күн болған 23 жастағы практикантка Морейра Теллес жасаған. Әрине, мұндай “тамақтан” кейiн науқас әйелдiң сiңiрi тартыла бастайды. Дәрi­герлер оны ажалдан құт­қарып қалуға жанталасқанымен, бiрнеше сағаттан кейiн науқас қайтыс болады.
Морейра Теллес нау­қасты өлтiргенiне онша қайғырып жатпаған сияқты. “Қателеспейтiн адам жоқ” дейтiн көрiнедi.
“РҰҚСАТСЫЗ БIРЕУДIҢ ҮЙIНЕ КIРГЕН” ДЕГЕН АЙЫП ТАҒЫЛДЫ
“Огайо штатындағы Элирия қаласының 53 жастағы тұрғыны Сьюзан Уоррен тұтқындалды”, – деп жазады Reuters агент­тiгi. Сьюзан Уоррен бө­тен үйдiң ауласын қардан тазалап жатқанда ұсталды. Сьюзанға БАҚ өкiл­дерi “тазалық перiсi” деген атақ та берiп үлгердi.
Құқық қорғау органдарына қолына күрек ұстаған күдiктi әйелдiң бiр үйдiң ауласына кiрiп қар тазалап жатқаны туралы хабар келiп түседi. Полицейлер Сьюзаннан қарды тазалауға оған үй иелерi өтiнiш бермегенiн бiледi. Сондықтан да оған аулаға рұқсатсыз кiрдi деген айып тағылуда.
Бұдан бұрын да Уорренге ашық тұрған үйге кiрiп, iшiн айнадай ғып тазалап, жуып кеткенi үшiн “рұқсатсыз бiреудiң үйiне кiрген” деген айып тағылып, бiр жылға шартты түрде жазаға тартылған болатын. Уоррен әлгi үйдi тазалағаны үшiн үй иелерiне “75 доллар тө­лей­сiздер” деп қағазға жазып кеткен.
С.Уорреннiң үйлерге, ғимараттарға тазалық жасайтын жеке фирмасы бар. Әйелдiң айтуынша, ол әлсiн-әлсiн бөтен үй­лер­ге кiрiп жуып, тазалап және iстелген жұмысына қанша ақша төлейтiнiн бiр тiлiм қағазға жазып кетедi екен.

 

http://zhasalash.kz/