АЛТЫНОРДА
Новости

Әлем айшықтары

1980 ЖЫЛЫ АУҒАНСТАНДАҒЫ СОҒЫСТА IЗ-ТҮЗСIЗ ЖОҒАЛЫП КЕТКЕН СОЛДАТ ТАБЫЛДЫ

“1980 жылдан берi Ауғанстанда болған соғыста iз-түзсiз жоғалып кеткен Бахретдин Хакимов табылды”, – деп хабарлайды РИА Новости.
Бахретдиннiң туған ағасы Шароф Хакимов Самарқанд қаласында тұрады. Шароф ата-анасының бұл қуанышты күндi көре алмай, бақилық болғанына қатты өкiнiш бiлдiредi. Олар Хакимовты Герат провинциясынан бiр жыл бойы iздеген. Тап­қаннан кейiн де онымен үш рет кездеспекшi бол­ған. Бiрақ үшеуi де белгiсiз себептермен болмай қалды.
23 ақпан күнi жергiлiктi тұрғындар Б.Хакимовты кездесуге алып келедi. Оның қазiргi аты – Шейх Абдулла, бұрын Кеңес одағының 101-мотоат­қыштар полкында қызмет еткен. Дәл сол кезде оның полкы Ауғанстанның батыс жағында орналас­­қан Герат провинциясына келдi. 1980 жылы болған соғыста Бахретдин қатты жараланады. Ес-түсiн бiлмей жатқан Бахретдиндi жергiлiктi тұрғындар тауып алады. Сол жердiң ақсақалы, емшi оны шөппен емдеп жазады.
Бахретдиннiң көрер қиыншылығы мұнымен бiтпейдi. Оның балалары болмайды, ал әйелi қайтыс болады. Шейх Абдулла өзiне баспана берген, қамқорлыққа алған Шинданд уезiнiң тұрғындарымен көшiп-қонып жүредi. Қолында ешқандай құжат жоқ. Қайда екенiн де бiлмейдi. Орысша түсiнедi, бiрақ жақсы сөйлей алмайды. Соғыстан алған жарақаты да белгi берiп қояды екен: қолы мен иығы дiрiлдейдi, ара-арасында бетiндегi жүйке тамырлары да тартылып қалады. Бахретдин қай жерде туылғанын, анасының және бауырларының аты-жөнiн дәл айтты. Ол өзiнiң бауырларымен, туыстарымен кездескiсi келетiнiн, тек “бұл кездесу бауырларыма зиянын тигiзбесе болғаны”, – дейдi.
 
ЭКИПАЖ КОМАНДИРI ҰШАҚТЫ ҚОНДЫРАР СӘТТЕ ЕСIНЕН ТАНЫП ҚАЛДЫ
АҚШ-тан ұшып келе жатқан Lufthansa авиакомпаниясына қарайтын “Боинг – 747” ұшағының экипаж командирi ұшақ Ирландияға қонар сәтте есiнен танып қалады. “Германияның бiр жолаушысы өзiнiң кәсiби ұшқыш екенiн айта келе, штурвалды өзiне сенiп тапсыруға ұсыныс жасайды”, – деп хабарлайды The Guardian. Бұған ұшқыштар келiседi. Бiр сағаттан соң әлгi азамат “Боинг – 747” ұшағын Дублин аэропортының апатты ұшып-қону жолағына аман-есен қондырады.
Ирландияның авиациялық тергеу-тексеру бөлiмшесi осы iс бойынша тексеру жұмыстарын бастады. Lufthansa авиакомпаниясы ұшақты қондырған адамның лицензиясы және тәжiрибесi бар кәсiби ұшқыш екенiн растап отыр. “Тiптi бортта кәсiби ұшқыш табылмағанның өзiнде экипаждың өздерi-ақ “Бойнг-747”-нi қондыра алатын едi. Бiз барлығын бақылап отырғанбыз”, – дейдi өз кезегiнде Lufthansa авиакомпаниясы.
106 ЖАСТАҒЫ ҚАРТ ОРТА МЕКТЕПТI БIТIРДI
Массачусетс штатына қарасты Беверли қаласында тұратын Фред Батлер қазiр 106 жаста. Қарт жақында ғана “мектеп бiтiрдi” деген аттестат алды. Фред Батлер алған аттестатын мақтаныш тұтатынын және оқытып, бiлiм бергенi үшiн ұстаздарына рақмет айтты.
Батлер 9-сыныптан кейiн оқуын жалғастыра алмап едi. Себебi бес iнiсi мен қарындастарын асырау үшiн анасына көмектесуге тура келген. Ол баспаханаға жұмысқа орналасады. Ал екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде әскерде болады, содан кейiн қалалық департаменттiң сумен қамтамасыз ету бөлiмiнде жұмыс iстейдi. Сөйтiп, оқуын жалғастыра алмайды.
Батлердiң келiнi Кэти: “Көп жылдардан берi оқи алмағанына өкiнiш бiлдiретiн едi. Балалары мен немерелерiне бiлiмнiң бұл өмiрде өте қажет екенiн айтуды ұмытпайды”, – дейдi. Ал қарттың бiр немересi: “Әрбiр жақсы баға алғаным үшiн атам маған 5 доллардан берiп тұратын”, –   деп еске алады.
http://zhasalash.kz/ertyrli/9160.html