8 ЖАСТАҒЫ БАЛА 61-ДЕГI ӘЙЕЛГЕ ҮЙЛЕНДI
“Оңтүстiк Африка Республикасының Цване аймағында тұратын 8 жасар Санель Масилела бес баласы мен күйеуi бар, 61 жастағы Хелен Шабангу атты әйелге үйлендi”, – деп жазады The Daily Mail. Санельдiң анасының айтуынша, үйленейiн деп отырған баласына Санель деп атасының атын қойыпты. Ал атасы кезiнде Хелендi қатты ұнатқан екен. Марқұм атасы бала Санельге елес болып көрiнiптi және оған қалыңдық ретiнде өзiнiң ғашығы Хеленге үйленудi “бұйырған”. Аруақтың тыныш жатуы үшiн және назасына қалмауы үшiн ұлдың ата-аналары Санельдi “Хеленге үйленуi керек” деп шешедi.
Олар заң жүзiнде “ерлi-зайыпты” болып тiркелмеген. Келiсiм бойынша, той аяқтала сала, әркiм өз жолымен кетедi. Әрине, 8 жастағы Санель “үлкейгенде өзiм қатарлы қызға үйленемiн” дейдi. Ал Хелен болса, отбасының тiлеуiн тiлеуде.
Айтпақшы, тойға жүз адамдай қатысқан. Үйлену тойын аруақты сыйлау үшiн өткiзгенiмен, “күйеу” жiгiттiң туыстары “қалыңдыққа” 750 доллар төлеген және тойға деп мың жарым доллар шығындапты.
“ВАЛЬКИРИЯ” ОПЕРАЦИЯСЫНА ҚАТЫСҚАН CОҢҒЫ АДАМ ҚАЙТЫС БОЛДЫ
Эвальд-Хайнрих фон Кляйст 1944 жылы Гитлердi өлтiруге тырысқан едi. Бұған тағы да вермахтың бiрнеше генералдары мен офицерлерi жұмылдырылған болатын. Бiрақ “Валькирия” деп аталатын бұл операция сәтсiз шықты. Операцияны полковник Клаус Шенк фон Штауффенберг басқарады. Ал фон Кляйстiң жұмысы – бомба салынған портфельдi Гитлердiң ордасына кiргiзу болатын.
Гитлер генералдармен жиналыс өткiзiп жатқан бөлмеге бомбаны Штауффенбергтiң өзi орналастырады. Жарылғыш зат салынған портфельдi дәл фюрердiң қасына қойып, өзi телефон шалуды сылтауратып, Гитлердiң ордасынан шығып кетедi. Әлгi портфельдi фюрердiң адъютанты Гитлерден алыстау жерге, яғни, столдың астына қарай итерiп қояды. Жарылыстан төрт адам қайтыс болады, ал фюрер бiрнеше жерден жараланады және контузия алады.
Астыртын әрекетке қатысқан он шақты адам лезде ұсталып, мұның барлығы атылады. Оның iшiнде фон Кляйстың әкесi де болды. Фон Кляйст өзiнiң “Валькирияға” қатысқанын жасырып баққанымен, бәрiбiр ұсталып, концлагерьге жiберiледi.
Екiншi дүниежүзiлiк соғыс аяқталған соң Эвальд-Хайнрих фон Кляйст публицистикамен айналысады. “Ол 90 жасқа келiп қайтыс болды” деп жазады The Guardiаn. Бiрақ оның неден, қалай қайтыс болғаны жайлы ештеңе айтылмапты.
ЖЫРТҚЫШ АҢДАРМЕН БIРГЕ ТҰРМАҚШЫ
Украинада бiр жекеменшiк хайуанаттар бағының иесi бiр жыл уақыт өз үйiнде арыстандармен бiрге тұруды ұйғарыпты. Ол мұнысын “қамқорлықты қажет ететiн жыртқыш аңдарға қаржы жинау үшiн” жасағанын айтады.
Александр Пылышенко арыстандармен торлы қорада және пешi бар саяжайда тұратын болады. Жыртқыш аңдармен бiрге тұрған кезде олардың суреттерiн салады және кiтап жазады.
Пылышенконың арыстандармен тұрған бiр күнiне 3,8 рубль төленуi керек екен. Әрине, бұл ақша “жыртқыш аңдардың қамқорлығы үшiн ашылатын орталыққа” аударылуы қажет. Ол жиналған қаржыға жыртқыш аңдарға арнап реабилитациялық орталық ашпақшы. Оған 25-тей жыртқыш аң ұстауға болады.
А.Пылышенко бұл жобаны қай уақытта iске асыратыны туралы ештеңе айтпайды. “Барлығы жобаны iске асыратын меценаттардың табылуына байланысты болмақ”, – дейдi ол.
http://zhasalash.kz/ertyrli/9206.html