Егер Сириядан және басқа да қанды қақтығыс ошақтарынан қашқан адамдар көшінің үлкен легі біздің жаққа бет қойса, Қазақстан олардың белгілі бір бөлігін қабылдауға әзір.Бұл туралы еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары Б.Нұрымбетов мәлім етті. Осы күні Астанада «Босқындарды қорғау және халықаралық көші-қон жөніндегі Алматы процесі» бойынша жоғары лауазымды тұлғалардың екінші кездесуі өткен болатын. Онда босқындарды қорғау және солармен бірге ере жүретін қауіп-қатерлер жайы талқыланды.
Бірден айта кетейік, «Алматы процесі» – 2011 жылы Қазақстанның бастамасымен құрылған тұрақты пікір алмасу алаңы. Оның мақсаты – аймақтық және жаһандық форматта босқындар мен халықаралық көші-қонның көкейтесті проблемаларын бірлесе шешу. Қазақстан Алматы процесінің бірінші төрағасы болып сайланды. Біздің елден басқа оған Әзербайжан, Ауғанстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия және Түркіменстан елдері кіреді. Иран мен Пәкстан – бақылаушы мәртебесінде.
Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның Орталық Азия бойынша аймақтық үйлестірушісі Деян Кесерович жаға ұстатар деректі жария етті: қазіргі кезде әлемдегі әрбір жетінші адам мигрантқа айналған.
– Бұл ретте ішкі мигранттар 740 миллион адам. Ал 214 миллион адам өз елдерін тастап, мемлекеттер арасында босып жүр. Бұл үрдіс ары қарай тек өрши береді: халықаралық босқындар саны 2040 жылға қарай 400 миллионға дейін артады деп болжанып отыр, – деді ол.
Қазақстанға келіп жатқан босқындар саны әзірге көп емес. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетовтың дерегінше, мигранттар елімізге негізінен, жұмыс іздеп келеді.
– Қазақстанда «реттелген еңбек көші-қонының» негізгі ағымы Қытай, Түркия, Өзбекстан, Сербия және Үндістан азаматтарының үлесінде. Бұрындары және ұзақ уақыт бойы Қазақстанда рұқсатнамамен жұмыс істейтін еңбек мигранттарының көпшілігі Түркия елінен келетін: олар елімізде жұмыс істейтін шетел азаматтарының үштен бір бөлігін құрады. Дегенмен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі құрылысының жүруіне, сондай-ақ қытай инвестициялары құйылған басқа да жобалардың жүзеге асырылуына байланысты 2010 жылдан бастап, елімізде жұмыс істейтін шетел азаматтары жөнінен Қытай бірінші орынға шықты, – деді вице-министр.
Біржан Нұрымбетов «еңбек етуші босқындардың құқығын қорғау және оларды жергілікті еңбек нарығына кіріктіру тек көші-қон мәселелерін ретке келтіру арқасында ғана мүмкін болатынын» нықтады.
Артынша журналистер вице-министрден Таяу Шығыс елдерінен Қазақстанға босқындар ағылса, мемлекеттің не істейтінін сұрады. Тіпті Еуропа елдері де бұл мәселеде әрұдай болуда: бірі құшақ жая қарсы алса, енді бірі жаппай тұтқындап, шекарасын тарс жабуда.
– Босқындарға қатысты Қазақстанда 2011 жылы арнайы заң қабылданған, – деді Б.Нұрымбетов. – Сонда босқындардың, бассауға іздеген тұлғалардың мәртебесіне қатысты мәселелер егжей-тегжейлі реттелді. Елімізде БҰҰ-ның босқындар істері жөніндегі тұрақты өкілдігі жұмыс істейді. Егер әлдеқалай босқындардың үлкен легі елімізге ағылса, ол да заңнамада қарастырылған. Бұл ретте Төтенше жағдайларға байланысты шаралар іске асырылады. Егер қажет бола қалса, Қазақстан халықаралық құқықта қарастырылған барлық ережелерді сақтай отырып, босқындардың белгілі бір легін қабылдайды. Оларды орналастыру, баспанамен қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қолға алынады.
Әйтсе де әлеуметтік даму министрлігінің болжамынша, «Қазақстанға босқындардың ағылып келуі неғайбiл». Өйткені еліміз шалғайда, континенттің ортасында жатыр. Бұған қоса, Қазақстанды көптеген шетелдіктер климаты суық ел ретінде қабылдайды.
Вице-министр босқындар мәселесімен бізде Ішкі істер министрлігі айналысатынын еске салды.
БҰҰ-ның Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы Комиссарының Орта Азия бойынша басқармасының аймақтық өкілі Бернард Дойл да Батысты дүрліктіріп жатқан «босқындар дағдарысының» Орталық Азияға кесірі көп тимейтініне сенімді.
– Біз куә болып отырған, Таяу Шығыстан Еуропаға жайылған босқындар дағдарысы шынында өте салмақты болып отыр. Дегенмен, мен босқындардың үлкен көші Орталық Азия аумағына бағыт алуы ықтимал екендігіне сенбеймін және ондай қатерді байқап отырған жоқпын. Соған қарамастан, Орталық Азия елдері осы жағдайда үлкен көмек көрсетіп, маңызды рөл атқара алады, – деді БҰҰ өкілі.
Сонымен бірге кеше Америка Құрама Штаттарының сириялық босқындарға гуманитарлық көмек көрсетуге тағы 419 миллион доллар бөлгені мәлім болды. Бұл қаражаттар БҰҰ-ның мамандандырылған мекемелері арқылы арна тартады және дәрі-дәрмек, азық-түлік, бірінші қажеттіліктегі заттарды сатып алуға жұмсалады. Тұтастай алғанда, АҚШ осындай шараларға 4,5 миллиард доллар-дан астам қаражат бағыттапты.
«Алматы процесіне» кіретін елдер арасында осы проблемамен Түркия бетпе-бет келуде. Кейбір деректер бойынша, қақтығыс ошағына айналған Сириядан 4 миллион босқын әлем кезіп кеткен.
Астанадағы кездесу соңында қатысушылар босқындар және еңбек миграциясының салдарынан туындайтын мәселелерді шешу бағытындағы көпжақты ынтымақтастықты әрі қарай жалғастыруға келісті.
Айхан ШӘРІП
http://aikyn.kz/