Астана. 3 мамыр. Baq.kz Nua.in.ua-ның таратқан мәлімдемелеріне сенсек, адам денсаулығы үшін ең қауіпті азық – бояғыш қосылған, тәтті, газдалған сусын. Ғылыми дәлел тапқан диетологтер газдалған судан жаппай бас тартуға шақырып отыр.
Дәрігерлердің айтуынша, бір күнде бір рет газдалған, құрамында бояғышы бар тәтті сусынды ішу екінші дәрежелі қант диабетіне шалдығу қаупін 22%-ға дейін ұлғайтады. «Соңғы кездері әлемдік проблемаға айналған семіздік пен артық салмақтың салдарынан пайда болатын аурулардың туындауына да себепші болып жүрген осы қант пен газдалған сусындар» дейді мамандар. Ғалымдардың зерттеу жұмыстарының нәтижесі тәтті, газдалған сусындардың адам ағзасындағы ұйқы безінің көмірсу алмасуын реттейтін гормондарының жұмысын бұзатындығын дәлелдеген. Лондонның Империялық колледжінде жүргізілген зерттеудің авторлары бұл жаңалық қоғамды газдалған сусындардан қорғауға өз септігін тигізеді деген үміт артып отыр. Әсіресе тәтті сусынға тым үйір балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын зиянды қоспалардан арашалауға атсалысайық, ағайын!