«Мен мектепті сонау 1990 жылдардың соңында бітірдім» дейді, бізге келіп түскен оқырман хатында. «Су ішкен құдығыңа түкірме» деген сөз бар ғой. Қала ортасында орналасқан белгілі қазақ мектебін даттап немесе мұғалімдерді жөнсіз жамандайын деп отырғаным жоқ. Бәрін ұмытайын десем де, жүрегіме түскен дақ сол бір әділетсіздіктерді ұмыттырар емес» дей келе оқырман кейбір мұғалімдердің оқушыларды әлеуметтік жағдайына қарай бөліп-жара қарауын қоғамдағы келеңсіздіктің бірі деп есептейтінін білдірген. Аты-жөнін толық жарияламауды өтінген Айжан есімді оқырманымыз мектеп бітіргенінің 10 жылдығына да қатыспапты. Тұрмысы төмендігіне байланысты мұғалімдер тарапынан көрсетілген психологиялық күйзеліс кезеңдерін есіне алғысы келмеген.
Айжанмен бір сыныпта оқыған 28 оқушының 3-4-нің ғана тұрмысы тәуір болған. Сынып жетекшілері мен кейбір мұғалімдер осыны «ескеріп», ауқатты балаларға ерекше қамқорлық танытқан. 11 сыныпты бітіргенде қызыл аттестатты да солар алған. «1990 жылдар еліміздегі ең бір қиын кезең еді ғой. Кейбір оқушылар мектепке Кеңес кезіндегі аға-әпкелерінен қалған киімдерді киіп келетін. Сынып жетекішіміздің пайдакүнемдігінде шек жоқ еді. Сыныпта қаладағы кәсіпкерлер одағының сол кездегі басшысының қызы оқитын. Мұғалім одан күн сайын бірдеңе дәметкенін ашық көрсететін. «Жанна, сенің туған күнің жақындап қалды ғой. Маған торт әкелсеңші» дейтін көзімізше. Мұғалімінң көңілін қимаған Жанна оның барлық тілегін орындап, сұрағанын әкеп беретін. «Күлшелі бала сүйкімді» деген қазақ мәтелінің іс жүзіндегі көрінісін мен сонда көрдім.
Сабақ берген бірнеше мұғалімнен басқаларын оқушылар «ұстаз» ретінде сыйламайтын (баға қойдырып алу үшін алдарында өтірік лыпылдағаны болмаса). Бұл олардың «ұстаз» деген қадірлі атты бір күндік тамағына сатқандығынан болар. Сол пайдакүнем мұғалімдер оқушылар қашан дастархан жаяды деп күтетін. Сабақ деген жайына қалатын. Біздің мектепте математика, физика, геометрия, биология сияқты пәндер ғана дұрыс оқытылатын. Ал қалған сабақтар мұғалімнің ұсақ-түйек әңгімесімен өтетін. Ал комиссия келерде жақсы оқитын оқушыларға (соның ішінде мен де бармын) сабақ айтқызып қоятын. Байдың балаларының тақтаға шығып сабақ айтқан күнін көрмеппін.
Бірде 11 сыныпқа көшкен жылы біздің сыныпқа басқа облыстан келген екі ер бала қосылды. Бірінің әкесі облыста дүрілдеп тұр. Екеуінің астында қара джип (ол кезде шет елдік автокөлікті санаулы адамдар ғана мінетін), екеуі таңертең мектепке машинамен келеді де, екі-үш ұлды мінгізіп алып кетеді. Сол екі жігіттің мектепке дәптер, қалам әкелгенін көрмеппіз. Бір айдан соң екеуі мектепке мүлдем келмейтін болды. Ал жыл соңында қыдырымпаз бай балаларына сынып жетекшіміз барлық пәннен кілең бестік қойдырып, қызыл аттестатты ұстатқанда үздік оқысақ та көк аттестат алған біз іштей егілдік.
Сынып жетекшіміз қанша жақсы оқыса да әлеуметтік жағдайы төмен оқушылардың еңбегін еш ескермейтін. Ал сыйлық әкелетін байдың балаларын мақтап, қолпаштап отыратын. Мәселен, мен 11 жыл бойы үздік оқыдым, аттестатымда кілең бестік, емтихандарды толығымен беске тапсырғанмын, өз еңбегіммен. Бірақ сынып жетекшіміз маған қызыл аттестат бергізбеді. Бұл менің өмірімде көңіліме түскен сызат боп қалды. Сынып жетекшісі директорға беру үшін кабинеттің ремонтын, т.б. сылтауратып ақша жинай беретін. Ақшаны уақытында әкеле алмайтын тұрмысы төмен оқушыларды «адам» деп сылаймайтын.
Бірде мені завучтың қызымен бірге аудандық олимпиадаға апарды. Мені әлгі қыздың қасына отырғызып, бір емес, екі шығарма жазуымды талап етті. Мен ол қыз үшін емес, өзім қатысу үшін келгенімді айтып, оған шығарма жазып беруден бас тарттым. Келесі күні сынып жетекшіміз мені сыныптың алдында тұрғызып қойып, бір сағат бойы ұрысты. Завучтың қызын олимпиададан өткізу үшін мені пайдаланбақ болған ғой. Мен айтқанын орындамағаным үшін жексұрын болдым. Жиырма сегіз оқушының көзінше мені «досын сатқан опасыз, қоғамға пайда келтірмейтін, үлкендердің сенімін ақтамайтын, пайдасыз адам. Мұғалімді ұятқа қалдырды, оңбаған» деді. Сөйтсек, завучтың қызы қалалық олимпиадаға өтпей қалыпты. Қыз болсам да елдің көзінше намысқа тырысып жыламадым. Үзілісте дәлізге шығып, қалтарыста көз жасыма ерік бердім. Бір сынып төмен оқитын бір оқушы келіп неге жылап тұрғанымды сұрады. Шет жағасын айтып едім, «біздің мұғалімдердің сөзіне мән берме, олар ішіп-жеуді ғана білетіндер ғой» деп мені жұбатты. Бұл көрініс те көңілімде жатталып қалыпты.
Ол кезде қазіргідей әділетсіздікті айтып шағымданатын мекемелер жоқ еді ғой. Мұғалім кедей оқушыларды сабақтан соң алып қалып, еден жуғызса да үндемеуші едік. Мұғалімнің теріс әрекеттерінің бәрін ата-анамызға айта бермейтінбіз. Көңілі жүдеу қиын кезеңде жүрегі ауырмасын деп. Әлгі 3-4 ауқатты сыныптасымыздан басқалардың бірінің әкесі жоқ, бірінің ата-анасы жұмыссыз болса, көпшілігі айлар бойы жақалысын алмаған жұпыны тұрмыстағы еді. Мектептегі өмірім фильм тәрізді көз алдымнан тізбектеліп өткенде бір үзім нан таппаған күндер мен аштан бұратылған апталар, мектепке жыртық сөмкесін сүйретіп әрең келетін парталас бала, Эмиратқа каникул сайын демалуға баратын белгілі заңгердің қызы, анасына көмектесу үшін кешке еден жуатын құрбы қыз, түнгі клубта ішімдік ішіп, мектептің жертөлесінде мас боп ұйықтап қалған байдың қызын директордың тауып алуы (бірақ шара қолданбауы), бәрі-бәрі көз алдыға келеді. Қазір сол әділетсіз мұғалімдердің назарды білімге, сапалы тәрбиеге емес, сыйлық алуға ғана аударған надандығына зығырданым қайнайды.
Уақыт бір орында тұрмайды. Уақыт ілгері ұмтылдырады. Әділетсіз сынып жетекші тарапынан қысым көрсе де жақсы оқыған тұрмысы төмен балалар үлкен-үлкен азаматтар болды. Бірі кәсіпкер, банкир, енді бірі аймақа танымал өнерпаз атанды. Қазір дизайнер болып қызмет істейтін бір сыныптасым сол кездегі әділетсіз мұғалімдердің бірімен кездесіп қалыпты. Ол бұның жағдайының жақсы екенін біліп, жата кеп жабысқан көрінеді. Дизайнер қыздың кезінде мектеп қабырғасында бетінен қағып, еңсесі езілгенін мұғалім ұмытқан тәрізді. «Біздің шәкіртіміз» деп, қасындағыларға мақтай бастапты. Бұл дизайнер оқушы кезінде сабақты жақсы оқыса да сынып жетекішісі көңіл бөлмей, ата-анасының жұмыссыздығын бетіне басып, бүкіл сыныптың алдында тұрғызып қойып «Кабинеттің ремонтына неге ақша әкелмейсің?» деп, жерден алып жерге салып еді ғой. Ал бұның мектептің ремонты тұрмақ бүкіл отбасымен ішерге ас таппай отырғанын ескерген ешкім болмады.
Кезінде өзім оқыған ірі қаладағы мектепте көңілге қаяу түсіретін жайттар көп болғандықтан болашақта баламды шет елдің мектебіне берсем деп жоспарлап жүрмін.
Мұғалімнің міндеті сапалы білім беру, оқушыны жақсылыққа тәрбиелеу екенін қазіргі ұстаздар ұмытпаса екен. Қазір алдыңыздағы бір оқушы бәлкім жұпыны киімді болар, сіз тек материалдық жағдайы жақсы балаларға ғана назар аударып, солардың ата-анасын ғана сыйлайтын боларсыз. Ал ертең сол кедей баласының кім болатынын ойлайсыз ба, ұстаз!» деп, қатқылдау аяқтапты хатын Айжан.
Ұстаздық ерекше мамандық. Мұғалім болудың қиындығын ұстаздардың өзі ғана сезінеді дейміз. Ежелгі заманнан ең қадірлі мамандықтың бірі саналатын мұғалім деген атты бүгінгі педагогтар өз дәрежесінде ұстап жүр ме? Кейде тәлімін көрген бір мұғалімді «өте жақсы ұстаз еді» деп айтамыз ғой. Бұл нағыз ғибратты ұстаздарға қатысты айтылса керек.
Ал қазіргі қазақ мектептерінде әлеуметтік теңсіздік бар ма? Сіз не дейсіз оқырман?
«Қамшы» сілтейді