АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Әлима

бабущкаАлматының көшесiнде Әлима аңырап келедi. Ендi үйiне қалай жетедi? Кiмге қолын жаяды? Өзiне де обал жоқ. Ай сайын алатын жиырма жетi мың теңге зейнетақысын жұлмалап-жұлмалап тауысты. Қарыз беретiн туысын iздеп шығып едi. Қырсыққанда оны да таба алмады. Құдайым-ай, ендi не iстейдi? Үйiне қалай же­тедi?
Әлима аңырап келедi. Қалай аңырамасын, аласұрған тiрлiктен әбден қажыды. Бақсыз, бапсыз тiрлiктен…
Өгей шеше қолында өскен жетiм қыз қаршадайынан қызылша алқабында күнге қақталды. Таусылмас үй шаруасында жүрдi. Тұрмысқа шыққанда да шекесi қызған жоқ. Күйеуi Болатпен бiрге құрылыста жұмыс iстедi. Шелек-шелек зiлбатпан балшықты бесiншi қабатқа көтерiп шығаратын. Тiрсегi майысып. Әйелмiн деп өзiн әлпештеген жоқ. Қайта озаттар қатарына iлiгу үшiн күн-түн демей ауыр жұмыста жүрдi. Сондағы арманы – бiр баспана едi. Қалай десе де сол заман әдiл екен ғой. Әлиманың жанкештi еңбегi елендi. Пәтер де алды, депутат та болды. Аяжаны, алтын қызы дү­ние­ге келдi. Сол уақыт, қайран сол уақыт! Әлиманың ең бақытты өмiрi сол кездер екен ғой. Өйткенi дүниедегi ең қымбатты адамдары қасында болды. Күйеуi, қызы… Әлима әлi де сол екеуiн күтiп жүргендей күй кешедi. Әлi де екеуiне сыр шер­тедi. Иә, сол күндерi бақыт екен.
 Содан кейiн… содан кейiн тоқсаныншы жыл келдi. Сол жылдар қаншама адамды жалмады, қаншама… Қазiр бәрiн еске алу мүмкiн емес. Қала қара түнекке оранғандай күй кештi. Құрылыс тоқтады. Бұлар жұмыссыз қал­ды. “Қалай күнiмiздi көремiз?” – деген ой Болатты зыр жүгiрттi. Әлде оны ажал жүгiрттi ме? Ол таңмен таласа тұрып, Алматыны шарлап кететiн. Бiр күнi   “жақсы жаңалығым бар” дедi. Ресейдiң бiр iрi кәсiпкерi Алматының таңдаулы құрылысшыларын үлкен зауыт салуға шақырған көрiнедi. Солармен Болат та кеттi. Әлиманың қарсылығына қарамады. “Көппен көрген ұлы той, сабыр сақтайық” дегенiне де құлақ аспады. Ал үш айдан кейiн күйеуi жырақта жүрiп, жұмбақ жағдайда қазаға ұшырады. Сүйегi Саратов қаласында қалды. Әлима оның мәйiтiн елге әкеле алмады. “Кешiр менi, қымбаттым, кешiр…” деп, жылай-жылай көзi iсiп кеттi…
Жамандықтың жалғыз кел­мей­тiнi де рас екен. Сол жылы Аяжаны қатты науқастанды. Емдетуге ақша жоқ. Жаны ашитын жақыны тағы жоқ. Қызы үшiн Әлима қолын жайып, жалынып бармаған жерi, баспаған тауы қалмады. Бiрақ ешкiм соқыр тиын берген жоқ. Сол бiр қиын шақта ол морт сынды. Жалғыздық пен жоқшылық Әлиманы жаныштап жiбердi. Шарасыздықтан   жа­ны тозды. Әлима ендi Әлима емес едi. Ол ендi сатып алуға болатын, сатылатын жалдамалы жұмыс күшiне айналды: бiреудiң кiр-қоқысын тазалады, бiреудiң өлмелi шал-кем­пiрiн шомылдырды, бiреудiң наркоман баласын бақты…
Қайсыбiрiн айта бередi?! Алла аямаған пенденi адам аяушы ма едi?! Аяжаны ұзақ ауырды… Анасы қызын құтқара алмады. “Кешiр менi, сұлу қызым, кешiр…” деп ұз-а-ақ жоқтау айтты. Содан берi көз жасы бiр тыйылған емес.
Әлима аңырап келедi. Айналасы – толған адам. Үлкен шаһардың адамдары. Бәрi асығыс… Сорлы басы үйiне қалай жетедi? Күн болса кешкiрiп барады. “Жүзi жылы бiреуден ақша сұрау керек” деп ойлады. Қасындағы жас жiгiтке “балам, автобусқа…” – дей бергенде, оның соткасы безiлдей жөнелдi. Тағы бiр әйелге жақындап едi, ол жақтырмай тыржың еттi. Әлима ұяттан жерге кiре жаздады. Өзiне де обал жоқ. Кiмнен қа­йыр күтедi? Зейнеткер кемпiр кiмге керек?
Алматының көшесiнде Әли­ма аңырап келедi. Айналасы – толған адам. Үлкен шаһардың адамдары…
Айгүл Асылбекова –Нөкербаева

http://www.zhasalash.kz