Біріншісі – тілге қатысты белгі. Аллаһтан қорыққан адам тілінің қызметі арқылы өтірік, өсек, ғайбат айтпайды, ешкімді шағыстырмайды. Оның орнына Құран оқиды, зікір айтады, іліммен шұғылданады.
Екіншісі – жүрегіне байланысты белгі. Аллаһтан қорыққан адамның жүрегінде басқаларға деген қызғаныш, көре алмаушылық, іштарлық, жалақорлық болмайды, өйткені хадисте «От ағашты қалай өртеп жоқ қылса, қызғаныш та адамның жақсылықтарын солай жалмап қояды» делінген. Ол кеселдің емі – ілім мен ізгі амалдар жасауда.
Үшіншісі – көзіндегі белгі. Аллаһтан қорыққан адам харам асқа, харам сусынға, харам киімге, қысқаша айтқанда, харамға көз салмайды. Дүниеге қомағай көзбен емес, ғибрат алу ниетімен ғана қарайды. Адал емес нәрселерден көзін аулақ ұстайды, өйткені хадисте «Кім көзіне харам толтырса, қиямет күні Аллаһ оның көзіне от толтырады» делінген.
Төртіншісі – қарны арқылы болатын белгі. Аллаһтан қорқатын адам харам жемеуге қатты көңіл бөледі, өйткені харам жеу – ауыр күнәлардың бірі. Хадисте бұл туралы «Адам баласының қарнына харам ас барса, сол ас асқазанында тұрған уақыттарда аспан мен жердегі періштелер қайта-қайта лағынет жаудырады. Сол асты қорыту кезінде өліп кетсе, баратын жері тозақ болады» деп ескертілген.
Бесіншісі – қолының себепкерлігімен туындайтын белгі. Аллаһтан қорқатын адам қолымен харамға бармай, қайта Аллаһтың разылығына сай істер жасауға құмартады. Сахабалардан Кағбул-Ахбардан (р.а.) жеткен хадисте «Ұлы Жаратушы әр бөлігі жетпіс мың көзден тұратын, жетпіс мың бөлмесі бар жақұттан сарай жаратқан. Қиямет күні бұл сарайға Аллаһтан қорыққандықтан өзіне кезіккен харамнан аулақ болғандар кіреді» делінген.
Алтыншысы – аяғында. Аллаһтан қорқатын адам күнә істеуге емес, Аллаһтың әміріне сай істерді істеп, сауап алатын орындарға барады. Ғалымдармен, ізгі амал жасаушылармен жүздесу үшін қадам басатын болады.
Жетіншісі – амалында. Аллаһтан қорқатын адам амалдарын тек қана Аллаһтың разылығы үшін жасайды. Басқалар көрсін деп істеуден, екіжүзділіктен бойын аулақ ұстайды. Осының арқасында «Раббыңның қасындағы ақырет (мекені) күнәлардан қорқатындар үшін» деген Рабб кәламына лайық деңгейге жетеді [1].
Үлкен фиқыһ ғұламасы Әбу Ләйс Самарқанды әңгімелейді
[1] «Зухруф» сүресі, 35-аят.
http://alashainasy.kz/