Алмат ҚОДАСБАЕВ, жоғары санатты кардиохирург, медицина ғылымының кандидаты:
– Алмат аға, еліміздегі жүрек ауруымен ауыратындардың саны жыл сайын өсіп келе жатқанын білесіз. Тіпті Қазақстан әлем елдері ішінде жүрегінде ақауы бар азаматтарының саны жағынан алдыңғы қатарда деген де мәлімет бар. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
– Тек біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлем елдерінде жүрек аурулары мен сол себептен болатын өлім көрсеткіші артып отыр. Ал оған себеп – ревматизм. Халқымыз өз денсаулығын көзінің қарашығындай сақтау керек деп есептемейді. Әйтпесе жүрек ақауының алғашқы белгілері біліне бастаған сәтте-ақ асқындырмай емделу қажет. Жүрек ауруы асқынбас бұрын үш-төрт жылдай оның алғашқы белгілері білініп, әсіресе көктем айларында жүрек сырқырап ауыра бастайды. Бірақ жүректің шаншуы мен әлсін-әлсін ауруын «қатерлі» деп санамайтын азаматтар бас-аяғы 8-10 жылдың ішінде «жүрегі жарамсыздардың» қатарынан табылып қалып жатады. Ревматикалық процесс жүректегі қан жолы тетіктерінің жұмысын нашарлатады. Ал бұл процеске: дұрыс тамақтанбау, аяқтан суық өту мен тамақтағы ангинаның асқынуы кіреді. Отандық медицина кез келген сырқаттан айықтыра алатын халге жетсе де, халықтың өз денсаулығына салғырт қарауы жойылар емес. Елімізде халық денсаулығын жақсарту үшін «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы қабылданды. Негізгі мақсаты – халық арасында мүгедектікке әкелетін аурулардың алдын алу, өлім-жітім көрсеткішін азайту және өмір сүру жасын ұзарту. Қазіргі таңда халыққа медициналық қызмет көрсету орталықтары осы бағытта жұмыс атқаруда. Әрбір облыс орталықтарында заманауи құрылғылармен жабдықталған кардиохирургиялық ауруханалар салынып, білікті мамандармен толық қамтамасыз етілген. Мұның өзі халыққа жоғары сапалы дәрігерлік қызмет көрсетіп, ауруларын анықтап, дер кезінде ем алуына септігін тигізіп отыр. Салауатты өмір салтын сақтай отырып және халық арасында ауруды ерте анықтау, дер кезінде дәрігерлік көмек көрсету жұмыстарын жүргізе отырып қана жүрек-қан тамыр жүйесі ауруларын ауыздықтай аламыз.
– Жүрекке операция жасату үшін жылдап кезек күту мәселесі жөнінде не айта аласыз?
– Кезек жоқ, науқастар қажетті құжаттарын дайындап, анализдерін тапсырса, мемлекеттік портал арқылы бір-екі апта ішінде тегін жоғары мамандандырылған медициналық көмек алу үшін Қазақстанның ұлттық медициналық орталықтарына не болмаса ауруханаларға жатып ем алуына әбден болады.
– Десек те, мойындау керек, елімізде отандық хирургияға толық сенім артпай, қымбат болса да шет мемлекеттердің мамандарына жүгінетін азаматтарымыз өте көп. Отандастарымыздың ота жасатуда шетел асып, бөтен елдің қоржынын қампайтуының себебі неде деп ойлайсыз? Қазақстанның медицина саласындағы, соның ішінде кардиохирургия өзіне қажетті заманауи технология мен соңғы үлгідегі жабдықтарға қол жеткізе алып отыр ма?
– Елімізде «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы сынды, халыққа кардиологиялық және кардиохирургиялық көмек көрсетуді жақсарту үшін мемлекеттік бағдарламалар қабылданғалы бері медицинаның қай саласынан болсын көптеген мамандар шетелдердің алдыңғы қатарлы клиникаларында болып, өз білімін, кәсіби біліктілігін арттырып келуге мүмкіндіктер алды. Ол мамандар қазір заманауи соңғы үлгідегі медициналық қондырғылармен жабдықталған ауруханаларда халыққа қызмет етуде. Нейрохирургия, трансплантация, кардиохирургия салаларындағы операциялар қазір біздің елімізде де жасалады. Қазақстан мамандарының білімі де, біліктілігі де, ауруханалардың жабдықталуы да басқа шетел клиникаларынан кем емес, тіпті кейбір елдерден асып түседі. Оған елордадағы медициналық холдинг куә бола алады. Қазақстан азаматтары ем алу үшін басқа шетел асып кетпей, өз елімізде емделулеріне Үкімет тарапынан барлық жағдай жасалып отыр. Кез келген Казақстан азаматы квота арқылы тегін ем алуға толық мүмкіндігі бар. Еліміздегі медицина жүйесі Елбасымыздың халыққа Жолдауында айтылғандай, халыққа жоғары сапалы медицина, қолжетімді дәрігерлік көмек принципі бойынша қызмет атқаруда.
– Жақында денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов Қазақстанда медициналық емханалар көрсетілген қызметтері үшін төлем жасаудың жаңа жүйесіне көшеді деп мәлімдеді. Нақтырақ айтқанда, емханалардағы ем-домдардың қолданыстағы тарифтері халықаралық тарифтермен сәйкестендірілмек. Қалай ойлайсыз, Қазақстан үшін жүрек трансплантациясы қаншалықты қажет? Квотаға бөлініп жатқан жүздеген мың АҚШ долларын отандық мамандарға төлеуге біздің кадрлық және материалдық базамыз дайын деп ойлайсыз ба? Бұл операцияларды жасаудан не ұтамыз? Операция құны өтеле ме?
– Халық арасында жүрек аурулары етек алып барады. Медицина дамып, ғылымның соңғы жетістіктерімен қамтамасыз етіліп отырса да, кейбір жүрек ауруларын ауыздықтай алмай отыр. Бұл кезде көмекке жүгінер жалғыз жол – жүрек трансплантациясы. Жалпы, трансплантация – медицинаның өте күрделі саласы. Трансплантацияға қол жеткізе отырып, өз елімізде медицинаның қаншалықты деңгейде дамығанын көрсете аламыз. Дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін тек елдің экономикалық жағдайы ғана емес, медицина саласы да алдыңғы деңгейде болуы керек. «Халыққа – жоғары сапалы дәрігерлік көмек, қолжетімді медицина» деп халық үшін бағдарлама бекіткен Үкімет мемлекет тарапынан науқас адамдарға денсаулығын түзетіп, тегін ем алу мүмкіншілігін жасап отыр. Әлемдік деңгейдегі тексеру және емдеу қондырғыларымен жабдықталған ауруханалар тұрғызумен қатар, шетелдерде білім алған білікті дәрігерлерді дайындауға да көп көңіл бөліп отыр. Сондықтан отандық медицинаның кадрлық және материалдық базасы бұған толықтай дайын деп айта аламын. Тек сенім қажет.
Трансплантация саласы кең дамып, дүниежүзі бойынша 2011 жылы органдарды алмастыру бойынша 106 0879 операция жасалды. 1967 жылы Кристиан Бернард алғашқы болып жүрек алмастыру операциясын енгізгеннен бері әлемде 80 мың адамға осындай операция жасалған. Жүрек трансплантациясына мұқтаж жандар саны, жалпы, Қазақстан бойынша 1000 – 1200 науқасты құрап отыр. Ал Дүниежүзі бойынша жылына 2500 – 3000 адамның жүрегі алмастырылады екен. Олардың 80%-ы бес жылдан артық өмір сүреді. Бір ғана мысал келтірейік, Apple компьютер корпорациясының негізін қалаушы, миллиардер, Стив Джобстың өзі бөгде адамның бауырымен өмір сүріп қана қоймай, соңғы күндеріне дейін белсенді қызмет атқарып келді.
– Демек, аурухана төсегіне таңылған мыңдаған жерлесімізді осындай бақытты адамдар қатарына қосу Қазақстан медицинасының қолынан келеді деп сенесіз ғой?
– Келеді! Оған дәлел – кеше ғана А. Сызғанов атындағы хирургия орталығында жасалған бауыр алмастыру операциялары. Ал жүрек алмастыру операциясын жасауға дәрігерлеріміздің дәрежесі, құрал-жабдықтар мен зертханалық жүйеміз де толық дайын. Бірақ бір күрделі проблема бар. Ол – донор табу мәселесі. Трансплантация саласында қаншама адамның өмірін сақтап қалуға дәл осы донор мәселесі қолбайлау болып отыр. Әйтпесе дүниежүзі дәрігерлері жол апатынан немесе басқа да себептерге байланысты ми өліміне ұшыраған, басқа қосымша қауіпті аурулары жоқ бір адам денесінен алынған мүшелерді трансплантациялау арқылы жеті адамның ауруынан айығып, өмірін ұзартуға болатынын дәлелдеп отыр.
– Білуімізше, Еуропалық одақта трансплантация кезегінде 60 мың науқас тұр. Жалпы, қажетті органдарды қайдан және қалай табуға болады? Бәлкім, шетелдік тәжірибелер жайында айта кетерсіз?!
– Еуропа мен Америка елдерінде донор болуға немесе кенеттен апатқа ұшыраған жағдайда дене мүшелерін донор ретінде беру үшін алдын ала келісім жасалады. Германияда жылына 4500 орган трансплантация үшін алынатын болса, оның 620-сы өз туған-туыстарынан, яғни тірі донордан алынған. Әлемдік трансплантация мен донорлықта көшбасшы саналатын Испанияда 2011 жылы 1137 – бауыр, 2494 – бүйрек, 237 – жүрек, 230 өкпе алмастыру операциясын жасауға қол жеткізіп отыр. Себебі бұл елде әр миллион тұрғынға шаққанда 35-і өз еркімен келісім берген донор болады екен. Осы әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, қазақ жерінде де донор болу мәселесін шешіп, бүйрек, бауыр, жүрек алмастыруға мұқтаж жандардың жанарынан қуаныш шапағатын көруге болады. Алматы қаласындай алып шаһарда жылына жүздеген адам оқыстан болатын апаттардан, басқа да кенеттен болатын аурулардан тек ми өліміне ұшырап, медицина аппараттарының, дәрілердің көмегімен ғана жансақтау бөлімінде айлап жатып көз жұмады. Әлі де қызметі сау басқа мүшелерін донор ретінде алуға келісімін берсе, төсекке таңылып ауру болған, әлі де өмір сүруге үміті бар, жарық күнді аңсаған бірнеше науқасқа үлкен көмек болар еді. Еңсесі биік Еуропа елдері мен алпауыт Америка жерінде он мыңдаған азамат бөгде адамдардан алынған жүрек пен бүйрек немесе бауыр мен басқа да мүшелерінің арқасында ауруларынан айығып, ел қатарлы күн кешуде. Бұл – ел арасында донор болуға деген оң көзқарастың болуынан. Ал Орталық Азия елдерінде, мұсылман дініндегі азаматтар арасында «донор» деген сөзге үрейлене қарап, «жер астына он екі мүшесін түгел алып кету керек» деп есептейді де, солай істеу үшін барын салады. О дүниеге қаза болғанда жаның кете ме, әлде тәнің кете ме? Өз келісіміңмен берген немесе туған-туыстар келісімімен берілген сау мүшелерің әлі де көрер күні мен атар таңы бар біреудің әкесі немесе шешесі, біреудің баласы немесе бауырының өмірін алып қалуға болады. Жығылғанды жебеу, қиналғанға қол ұшын беру қазақ халқының қанында бар асыл қасиет емес пе?! Қасиетімізді жоғалтпай, денсаулығы трансплантацияға мұқтаж мыңдаған жанның бар екенін ұмытпайық!
– Трансплантация төңірегіндегі ең басты проблема донор табу мәселесі екенін өзіңіз айтып отырсыз. Жалпы, қазіргі таңда біздің елде осы проблема қалай шешіліп жүр?
– Трансплантациялық операциялар медицина саласының деңгейін көрсетіп беретін таразы десек те болады. Себебі трансплантация медицинаның бірнеше күрделі саласын қамти отырып, бұл салалар жүйелі қызмет істейтін болса ғана, медицина жақсы нәтиже береді. Ал трансплантация мен донорлық – қатар жүретін күрделі жүйе. Трансплантацияны дамыту үшін донорлық мәселе қолдау тауып, дамуы қажет. Ал «донорлық деген не?» деген сұраққа жауап беретін болсақ, ол – аяқ астынан апатқа ұшырап, ауыр жарақаттанып немесе кейбір ауру себебінен ми өліміне ұшыраған жандардан әлі өмір сүру қызметі сақталған органдарын алып, осыған мұқтаж, өмір сүру мүмкіншілігі осыған ғана тәуелді басқа науқастарға хирургиялық жолмен салу. Алмастырылып салынатын: торша (клетка), кішкене ұлпа (ткань) немесе бүтін бір мүше (орган) болуы мүмкін. Донордан алынатын мүше басқа адамның денесіне салынбастан бұрын толық тексеруден өтіп, операциядан кейін мүшені қабылдаған адам денесінде еш зиянсыз қызмет атқара алатын болуы қажет. Өкінішке қарай, әлемдік донор табу мәселесі біздің елде шешімін тауып жүр деп айтуға ауыз бармайды.
– Осы донор мәселесіне қатысты елімізде адамның дене мүшелерін саудаға салу керек деген де пікірлер айтылды емес пе…
– Иә, оныңыз рас. Трансплантация саласы дамыған сайын ел арасында адам мүшелері саудаға салынады немесе қажет органдарды табу үшін донор болатын адамдармен келісім жүргізіп, саудаласу қажет деген дақпырт, жағымсыз, жалған әңгіме таралып жүргені де мәлім. Тіпті интернет желісінде өзінің әлеуметтік қажеттілігіне байланысты «бүйрегімді сатамын» деген хабарламалар көзге түседі. Менің айтарым – Қазақстан заңнамасы бойынша органдарды сатуға тыйым салынған, адамға дене мүшелерін саудалауға болмайды. Астана мен Алматы қаласындағы төрт-бес медициналық орталықта ғана Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен ереже бойынша трансплантациямен айналысуға рұқсат етілген. Трансплантация саласында жүрген әрбір дәрігер заң бойынша қандай жағдайда донорлық органдарды алуға болатынын және қандай жағдайда орган алуға болмайтынын өте жақсы біледі. Денсаулық сақтау кодексі органдар мен тіндер трансплантациясы бөлімінде жазылған заңды қатаң сақтайды. Ал кез келген азамат дене мүшесін сатам дегеннің өзінде де бұған ешқандай жол жоқ. Басқа елдерді алатын болсақ, өз дене мүшелерін сатуға рұқсат етілген Үндістан, Пәкістан сияқты мемлекеттер бар. Өздеріңізге мәлім, ол елдерге трансплантация үшін баруға тыйым салынды. Себебі жасалған операцияларының нәтижесі өте нашар. Ол елдерде операция жасатып келгеннен кейін көп ұзамай асқынулар болып, тар төсекке қайта таңылып жатқан жайттар бар. Операция нәтижесі тек хирургиялық тәжірибеге ғана емес, алдын ала анықталған орган беруші донор мен орган қабылдаушы реципиент арасындағы сәйкестіктердің нәтижесіне де тәуелді. Бұл сәйкестіктер қайшы келіп тұрса, қанша ақшаға сатып алынған орган болса да, реципиент денесі оны қабылдамайды, сәйкесінше нәтижесі де жақсы болмайды.
Еуроодақ тансплантация комиссиясының шешімі бойынша, трансплантация саласы мен донорлық мәселені шешуде көшбасшы ел Испания болып отыр. ТМД елдері арасында трансплантация саласын кемеліне жеткізе дамытып, басқа елдермен өз тәжірибесін бөлісіп отырған –Беларусь мемлекеті. 2012 жылы бұл елде 30 жүрек алмастыру, 51 бауыр алмастыру, 200 бүйрек алмастыру операциялары жасалған. Сондықтан да А.Сызғанов атындағы хирургиялық орталығындағы алғашқы бауыр алмастыру операциясын жасауда көмекшіміз белорус ағайындар болып отыр. Себебі бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің арасынан соңғы аз ғана уақыт ішінде трансплантация саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отырған мемлекет. Бұл елдің азаматтары арасында донорлық мәселе де Үкіметтің қолдауымен жақсы шешіліп отыр.
– Әңгімеңізден байқағаным, Еуропа елдері мен Азия елдерін салыстырғанда, еуропалықтар донор мәселесін шешуге бір қадам жақындағанға ұқсайды. Демек, халықтың сана-сезімі мен діни көзқарастарының өзіндік ерекшеліктері бұл мәселені шешуге тікелей байланысты ғой? Олай дейтініміз – мұсылман елдері көптеп шоғырланған Азияның халқы біреудің дене мүшесін біреуге салуды, оның ішінде бөтеннің жүрегімен өмір сүруді жөн санамайды, олардың басым бөлігі жүрек ауыстыруды дінін сатумен тең көретін сияқты…
– Иә, трансплантация – соңғы жүзжылдықта пайда болып, ғылым мен медицинаның дамуына байланысты науқас жандарға көмек көрсету қажеттілігінен туып отырған медицинаның жас салаларының бірі ғой. Ислам дінін мойындап отырған Азия елдерінде Еуропаға қарағанда трансплантация кең етек алып дамымай отыр. Оған діни нанымның да әсері тие ме деген ой келеді. Осы ащы сұрақтың шешімін табу үшін бірнеше дін өкілімен әңгімелескенде әртүрлі пікір айтылды. Солардың бірі, құрметті мүфти, профессор, Хазірет Рәтбек қажы Нысанбайұлының айтуынша, «Құран кітапта трансплантация үшін басқа адамның дене мүшесін алуға болады немесе алуға болмайды деп жазылмаған». Себебі ислам діні пайда болған 1400 жыл бұрын медицинада тансплантация саласы болмаған да еді. Ол – ғылымның дамуына байланысты кейіннен пайда болған медицинаның бір саласы. Жүрек не бауыр алмастыру операцияларын жасауға мұқтаж адамдарға көмек көрсету – дәрігерлердің кәсіби құқығы да, ал абайсызда апатқа ұшырап, ми өлімінде жатқан жақынының дене мүшелерін басқа науқас адамдарға көмек ретінде беруге келісім беру туған-туыстарының азаматтық құқығы деп қарау керек. Ислам дінінде немесе христиан дініндегі азаматтар болсын донорлыққа түсіністікпен қарауы тиіс. Осыдан бірер жыл бұрын Ресейдің Новосібір қаласының азаматы өзінің кішкене қызының өте ауыр халде екенін, оны аман алып қалу үшін донорлық жүрек қажет екенін теледидардан көрсеткен еді. Трансплантация жасау үшін кішкене қызға көмек колын созған Италия мемлекеті болды. Орыс қызына оқыс апаттан қайтыс болған өз қызының жүрегін беруге италиялық ана келісімін береді де, жүрек алмастыру операциясы жасалғаннан кейін де ресейлік қызбен хабарласып хал-жағдайын біліп тұратыны жайлы көрсетілді. Сондықтан трансплантацияға мұқтаж жандарға көмек болар жалғыз жол, ол – донорлық органдар. Аяқасты апаттан ми өліміне ұшыраған жандардан органдарын алуға қарсылық білдірмей, келісім бойынша көмек көрсету адамзат баласының нәсіліне де, дініне де, тұрғылықты жеріне де байланысты емес.
– Әңгімеңізге көп рақмет, аға.
Алашқа айтар датым…
– Трансплантациялық операциялардың құны қанша өрлеп тұрса да, мемлекет одан ақша аяп отырған жоқ. Жүрек, бауыр алмастыру мамандарын дайындау, қажетті құрал-жабдықтар алу, зертханалық бақылау қызметтерін қамтамасыз етуге қыруар қаражат бөлініп отыр. Мұның бәрі – халық денсаулығы үшін жасалып отырған мемлекеттік шара. Дені сау әрбір азамат мемлекеттің қол жетпес байлығы екенін Елбасымыз өз Жолдауында атап өткен. Бірақ еліміздегі донор мәселесі әлі де шешімін таба алмай келеді. Донорлық көмек беруден қорықпау керек, ол – халық санын көбейтуге, өмір сүру жасын ұзартуға септігін тигізері сөзсіз. Ал жүрек пен бауыр алмастыру үшін донорлық органға мұқтаж жандарға көмек қажет. Қазақ елі ұлан-ғайыр жерді қорғап қалған ер халық қана емес, қажет кезінде көмегін аямаған жомарт халық екенін естен шығармайық, жамағат?!
Автор: Сандуғаш ӘЛІМЖАНОВА