Еліміздің елордасы – Астанаға көшсе де, Алматы қаласы қазір де қазақтың оңтүстік астанасы, беткеұстар мақтанышы. Алматы тұрғындар саны жағынан да алдыңғы орында. Мемлекетіміздің ортақ бюджетін елеулі түрде қампайтып отырған да осы қала. Мұнда түрлі бизнес өкілдіктері мен халықаралық компаниялардың бөлімшелері бар. Алматы – қаржы орталығы деп бекер айтылмаса керек.
Бүгінде қаладағы әрбір үшінші-төртінші тұрғынның жеке көлігі бар. Бұл – қуанарлық жағдай. Бірақ сол көліктер шығаратын улы газ көптеген аурудың басты себебіне айналып отырғаны жанға батады. Кейбір әлемдік зерттеу бойынша, Алматы лас қалалардың ішінде 25-ші орында тұрса, ал Mercer Human Resource Consulting компаниясы жасаған әлемдегі ең лас қалалардың тізімінде Алматы қаласы 9-шы орында тұр. Бірінші орында – Әзірбайжанның астанасы Баку қаласы. Әлемдегі ең таза қала қатарына – Канаданың Калгари, екінші орында Гонолулу (Гаваи), үшінші орынға Хельсинки қаласы табан тіреген.
Қолда бар деректерге жүгінсек, жүрек ауруына шалдығатындардың дені Алматы қаласының еншісінде. Оған бірден-бір себеп – ауаның ластығы. Соңғы кезде әсем қаланың күл-қоқыс орнына айналып бара жатқаны шындық. Әсіресе, тұрғын үй мен базар-ошар маңайы үрей ұшырады. Бір кездері тазалыққа жіті көңіл бөлетін қала бүгінде салақ келіншектің үйіне айналғандай.
Демек, қала ауасының тазалығына көңіл бөлетін кез әбден жетті деген сөз. Осы тұрғыда өз ұсынысымды айта кетсем деймін. Неге көлік айдауға құқықты 18 жастан емес 21 жастан бастап бермеске? Неге қала ішінен велосипедшілерге арналған жолдарды көптеп салмасқа? Бүгінде байқасаңыз, кейбір қала тұрғындары жұмысқа велосипедпен барып та жүр. Бұл біріншіден, уақыт үнемдейді. Екіншіден, салауатты өмір салтына бағыттайтын жол. Сондықтан да велосипедті кеңінен қолдануға жол ашу – көпшіліктің ойында жүрген мәселе екені даусыз. Тобықтай сөздің түйіні, егер біз ауаға шығарылатын зиянды газдың мөлшерін қатаң бақылауға алып, олардың шектен тыс көп болмауын қадағалап отырмасақ, болашақта ұрпағымыздың денінің сау болуы екіталай.
Ардақ Бекназарбекова